Халықаралық бокс федерациясы (IBF) барлық салмақ дәрежесіндегі боксшылар рейтингін жариялады.
Бірінші ауыр дивизионда қазақстандық Серік Мұсаділов 15-орыннан көрінді. Үздік «үштікте» поляк Матеуш Мастернак, британдық боксшы Ричард Риакпоре және оның отандасы Крис Биллам-Смит бар. Бұл салмақта IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы – австралиялық Джей Опетайя.
Екінші орта салмақта Әли Ахмедов алтыншы тұр. Бұл рейтингте бірінші орынды британдық Уильям Скулл иеленді, ресейлік Владимир Шишкин екінші орынға көтерілсе, америкалық Калеб Плант үшінші орынға жайғасты. Чемпиондық титул мексикалық Сауль «Канело» Альвареске тиесілі.
Геннадий Головкин чемпион атанған орта салмақта Мейірім Нұрсұлтанов жетінші орында. Тізімді бразилиялық Эскива Фалькао бастап тұр, екінші орында – австралиялық Майкл Зерафа, ал италиялық Винченцо Гуальтьери үшінші тұр. Екінші жеңіл салмақта Сұлтан Зәуірбек бұрынғыдай 14-ші орында. Бұл салмақта әлем чемпионы тәжікстандық Шавкат Рахимов болса, үшінші нөмір бойынша ең жоғары үміткер британдық Джозеф Кордина.