Қар құрсауында қалған жан көп
Қар құрсауында қалған жан көп
762
оқылды
Қыс қызығы – қар. Әйтсе де, боран мен аязы тағы бар. Арқада қыс қаһарына мін­ді. Күннің боран болуына байланысты рес­публикалық маңызды жолдар ғана емес, облыс ішіндегі, бір ауылдан екінші ауылға жетер жол да жабылды.   Ескертуді елемейді Өткен жылдың соңғы күндері күн райының қолайсыздығына байланысты жарияланған ескертуді елемегендер 15 тәулікке қамалатын болып шешім қабыл­данды. «Жолдарда көлік құрал­дарының жүрісін тоқтату немесе уақытша шектеу қағидаларын бекіту туралы» Үкімет қау­лысына осындай өзгеріс енгізілді.
«Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның заңды талаптарына бағынбау фактілері анық­талған жағдайларда, көлік құралдарының жүргізушілеріне Әкімшілік құқық­бұзушылық туралы кодекстің 667-бабына сәйкес шаралар қабылданады», – делінген құжатта.
Кодекстің сәйкес бабы полиция қыз­меткерлерінің заңды өкіміне бағын­баған­дарға қатысты қолданылады. Дегенмен бұл қаулының өзгерісі халыққа жетпеді ме, әлде ести тұра барар жеріне асықты ма, жол жабылса да көлік тізгіндегендер тізбегі жол­да шақырымдап тұр. 4 қаңтарда Тө­тенше жағдай министрлігінің хабар­лауын­ша, Қазақстанда қалың қарға байланысты 127 автожол аумағы жабылды, 49-ы – республикалық, 78-і облыстық маңызы бар жолдар. Жолда қалған жолаушыларды құт­қару мақсатында республикалық және аймақтық штабтар құрылған.
«Блокбекеттерде 600 көлік тұрып қал­ды. Өткен тәулікте құтқарушылар 691 адам­ды құтқарып, қауіпсіз жерге көшірді, 137-сі – бала (Жамбыл, Түркістан, Қос­танай, Қарағанды, Абай облыстарында). 145 техника сүйреп шығарылды», – деп жазылған ведомство хабарламасында.
  202 адам құтқарылды Қарағанды облысында қар жауып, боран басылмай тұр. Ақтүтек боран біраз көлік жүргізушісін әуре-сарсаңға салды. Күн райының қолайсыздығынан жолда қалып қойған көліктерге жол полициясы қызметкерлері көмек көрсетіп жатыр.
«3 қаңтар күні ауа райының күрт өз­геріп, қар жауып, боран соғуына байла­нысты Қарағанды облысының аумағынан өтетін барлық республикалық маңызы бар тасжолдар мен облыс ішіндегі жолдар жа­былды. Осыған орай патрульдік полиция және патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жұмыс өткерудің күшей­тілген режиміне көшіріліп, тасжолдарда жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қызмет атқаруға кірісті», – деп хабарлады Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі.
Қарағандыдан Алматыға қарай бағыт алатын тасжол күн райының қолайсыз­дығынан жабылып, 30-ға жуық көлік жол­да қалып қойды. Ал 200-ге жуық көлік Астанадан Теміртау қаласына жете алмай, қар құрсауында қалған. Патрульдік поли­ция қызметкерлері жолда қалған көлік­терді Теміртау қаласына дейін, ал Темір­тауда қалған көліктерді Қарағандыға жет­кізді. Апаттық-құтқару жұмыстарына ТЖД, жергілікті полиция қызметі, жергілікті атқарушы органдар мен жол қызметтері жұмылдырылды. Құтқарылғандарға меди­циналық көмек қажет болмаған. Сонымен қатар құтқарушылар Ақтау кентінен өту мүмкіндігі жоғары көліктердің көмегімен үш жүкті әйелді эвакуациялады.   Қарағандыда қарбалас Жаңажылдық демалыстардан кейін Қарағанды қаласының әкімдігі шаһарды қардан тазалауды бастап кетті. 4 қаңтарда Қарағандыда жолдар мен тротуарларды қардан тазартуға 184 арнайы техника мен 160 жол жұмысшы жұмылдырылды.
«Бірінші кезекте қарды автобус мар­шруттары өтетін негізгі магистралдардан, қоғамдық көліктің кірме аялдама қалта­ларынан, тротуарлардан, жаяу жүргіншілер өткелдерінен және одан әрі басқа учаске­лерден шығарамыз», – деп хабарлады қала әкімдігі.
Ауа райының қолайсыздығына бай­ланысты қар тазалау техникасының жұ­мысы күшейтілген режимде, екі ауысымда жүргізіледі.   Ауылға жету де, барып алып кету де қиын Қысқы демалыста қалалықтардың көбі ауылға қарай ағылады. Туған үйінде Жаңа жылды қарсы алғанға не жетсін? Дегенмен екінші түйткіл бар, сол ауылға жету де, артқа қайта кету де қиын.
«Түйедей мәселенің бәрі түймедей нәрседен басталады. Әңгіменің турасына көшсек. Шет ауданы Жарылғап батыр ауылы мен республикалық тасжолды жалғайтын 16 шақырымдық жол бітпейтін, дәстүрлі мәселеге айналды. Қыс түссе бол­ды, жол азабын тартады ауыл тұрғындары. Желтоқсанның соңы басталған боранның 10 күнсіз бітпейтінін жергілікті әкімдік те, басқасы да білді. Ал Ақшатау ауылдық округінің жолы тазаланбақ түгілі мердігер­мен шарт жасалмаған», – дейді Шет ауданы Жарылғап батыр ауылының тумасы журналист Жанайдар Майкен. Ол 1 қаңтардан бері ауыл әкімінен бастап аудандық әкімшілікке хабарласып, мән-жайды түсіндіргенін айтады. «Қызық­тың бәрі осы жерден басталды. Ауыл әкімі мердігермен келісімшарт ұзартылмағанын айтты, аудан тарапы шарттың екі ай бұрын жасалғанын алға тартты. Ал мердігерге келісімшарт туралы 2 қаңтар күні ғана ауданның ТКШ бөлімінен sms келген (жолды арши беріңізші, кейін шарт жасай саламыз деп). Бірақ аудан тарапының өтінішін мердігер қабылдамай, бас тартқан. Демек, қазірдің өзінде жол тазалайтын жауапты тұлға бекітілмеген деген сөз. Кімге сенеміз, ауыл әкіміне ме, ауданға ма, әлде мердігерге ме», – дейді ол.
Мұндай жанайқай бір ауылда ғана емес, бүкіл елді мекенде бар десек болар. Сонда кім кінәлі, қыс боларын біле тұра келісімшарт жасамаған әкімдік пе, әлде техникасы болмаса да жол күреуді ұтып алатындар ма?

Қарағанды облысы