Осы күні жаңа туған баласының қамын күйттеп, үйінде отырған аналар аз емес. Оларға мемлекет тарапынан жәрдемақы, ұғынықты тілмен айтқанда, бала 1 жасқа толғанға дейін жөргекпұл берілетіні аян. Биылдан бастап бұл жөргекпұлдың мерзімі ұлғайып, бір жарым жасқа дейін берілетін болды. Жаңалықтың аналарға жаққаны рас. Дегенмен мөлшеріне қатысты мәселе туындайтындай. «Жартының» жақсылығы көп Бәріне белгілі, бұған дейін бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы сәби 1 жасқа толғанға дейін төленіп келді. Енді 2023 жылдың қаңтарынан бастап осы төлем бір жарым жылға ұзартылады. Яғни, 2022 жылы туған бала үшін жәрдемақы автоматты түрде жарты жылға созылады. Ал 1 қаңтардан кейін туған балаға бірден 1,5 жылға тағайындалмақ. Бұл жәрдемақы балаға қарайтын, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған жұмыс істемейтін әйелдер мен ерлерге тағайындалады. Бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 19 872 теңге; екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 23 495 теңге; үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 27 083 теңге; төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 30 705 теңге. Ал декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Оның мөлшері бала туғанға дейін соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды. 2022 жылғы санақ бойынша аталған жәрдемақы түрін, жөргекпұлды 160 мыңнан астам адам алып отыр екен. Елімізде 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне арналған төлемнің орташа мөлшері – 41 мың теңге. Бұл игіліктің түпкі мәні былтыр айтыла бастаған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектегі Жолдауында осы жаңалықты жеткізген болатын.
«Біз 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартамыз. Балалардың ең маңызды шағында – сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек болады», – деген еді Президент.Рас, қазір жұмыстың қарбаласымен ата-аналардың қолы босай бермейді, бала тәрбиесіне толыққанды көңіл бөле алмай қалатыны да жасырын емес. Соның салдарынан есін енді жия бастаған бүлдіршіндер бала күтуші мен балабақшалардан «тәлім» алуда. Ал ата-ана беретін жылулықтың жайы қашан да бөлек. Бұндай хабарды естіп, жер-жерде ата-аналардың қуанып жатқанын аңғардық. Не де болса, бала болашағы мен тәрбиеге зер салуға ықпалдасқан қадамның пайдасы орасан. Тіпті, демографиялық қарқынның өсуіне де септесер дүние десек, артық айтқандық емес. Бұл жаңалық ең алғаш айтылғаннан-ақ қуанғандардың қатарында қарағандылық көпбалалы ана Жанат Сағадиева да болған.
«Қазір 5 қызым бар, енді, міне алтыншы баланы күтіп жүрміз. Бұйыртса осы жылы. Балалар туғанда 1 жасқа дейін ғана болатын жәрдемақымыз, енді 1,5 жасқа дейін созылып отырғаны қатты қуантты», – дейді ол.Мөлшері мандытпай ма? Енді екінші кезектегі мәселе жол тосып тұрғандай. Қазір үйде бала күтімімен отырған аналар сәбиі бір жастан асар-аспастан жұмысқа шығуға асығады. Әрине, оларды ешкім айыптамайды, жағдай түсінікті, қаржылық жағдай отбасын қыспаққа салғанда жолдасына жәрдем болу ниетімен баласына күтуші жалдап әуреге түседі. Баланың жөргекпұлы бір жарым жылға ұзартылғаны сөзсіз жақсы хабар. Әйткенмен, жұмысқа шығуға асығатын аналардың қатары азаймайтындай. Демек, мәселе мерзіміне ғана емес, жөргекпұлдың қаржылық мөлшеріне де байланысты. Қызылорда қаласының тұрғыны Назерке Саниязова да осы пікірді құптаушылардың бірі.
«Жөргекпұлдың мерзімі ұзарғаны жақсы, дегенмен оның сомасына да өзгеріс енгізсе жөн болар еді. Мысалы, қаржысын екі еселесе. Неге? Бала күтіміндегі әйелдер бір жылдан кейін жұмысқа қайта шығуға қам жасайды. Өйткені осы аралықта мемлекет көмегі тоқтайды. Ал ол ортайған табыстың орнын толтырғысы келеді. Баланы алып қалатын ата-әжесі болса жақсы. Бірақ бәрінде олай емес. Сондықтан ерте жастан бала күтушісін жалдайды немесе екі жасқа толғанын күтіп, балабақшаға береді. Ет жақыны болмаса күтушіге сену қиын. Бәрі жетіп тұрса, әйелдер жұмысты ойлап алаңдамай, бала тәрбиесімен алаңсыз айналысар еді», – дейді ол.Қалай алғанда да, бұл сөздің жаны бар. Мемлекет балалар қамына ерекше бөліп жатқаны анық. Мәселен, Ұлттық қордан бала 18 жасқа толғанша қаржы аударатын болды. Міне, жөргекпұлдың мерзімін ұзартты. Енді көлеміне де мән берсе деген талап-тілекті ата-аналар айтып жүр. Біздің ойымызша, бұл жайт масылдыққа жатпайды. Өйткені жай сұраншақтық емес, балалардың болашағына, тәрбиесіне зер салуға үндейтін амал.
Бұл – бастамасы ғана
Жөргекпұлдың 1,5 жасқа ұзартылуы аналар үшін үлкен артықшылық екені сөзсіз. Біріншіден, бұл аналардың материалдық жағынан қамтамасыз етілуі секілді мәселелерді шешеді. Өз кезегінде аналар еш уайымдамай, бала күтімі бойынша қажетті қаражатқа иек арта алады. Жалпы, менің ойымша, аналарға жасалатын жағдай бұл кез келген мемлекеттің даму деңгейінің көрсеткіші. Жөргекпұлдың құнынан келер болсақ, менің ойымша, жыл өткен сайын жөргекпұл да тиісінше ақырындап өсіп келеді. Бұл, әсіресе жұмыс істемейтін әйелдерге аса қажет дүние ғой. Біздің елімізде халықтың түрлі категориясы бар. Оның қатарында аз қамтылған отбасылар, көпбалалы аналар, жалғызбасты аналар бар. Міне, дәл осы категория үшін жөргекпұл мерзімінің ұзартылуы өте жақсы көмек. Президентіміз айтқандай, «балалардың ең маңызды шағында – сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек болады». Расымен, аналар балаларға көбірек көмек бере алады, үйде баласының жанында көп уақыт өткізе алады деген сияқты артықшылықтары өте көп. Бұл бастамасы ғана деп ойлаймын.