Алдағы жылдары Атырау қаласында және Мақат ауданында ауызсу тапшылығы 40%-ға дейін жетуі мүмкін. Бұл алдын ала байбалам салу емес. Қазіргі қалыптасқан ахуалға байланысты ғалымдардың, мамандардың қағып отырған дабылы. Бүгінде Атырау облысы халқының 70%-ы ауызсуды Жайық өзенінен алып отыр. Бұл – облыс орталығы және жалпы саны 468 мың адам тұратын үш ауданның халқын ауызсумен Жайық қамтып отыр деген сөз. Жергілікті тұрғындардың тағы 24%-ы, яғни үш бірдей аудан Астрахань–Маңғышлақ магистральдық су құбырынан ауызсу алып отыр. Бұның өзі – шамамен 162 мың тұрғын. Облыс халқының 6%-ы, яғни 38 мың адам, жерасты көздерінен су алады.
«Алайда Атырау қаласы мен Мақат ауданында халықты ауызсумен қамтамасыз ететін су тазарту құрылғылары өткен ғасырдың 30-60-шы жылдары салынғанын ескеру қажет. Олар қазір апатты жағдайда. Қазірдің өзінде ауызсу тапшылығы сезілуде. Алдағы бес жылда оның тапшылығы 40%-ға дейін артуы мүмкін», – дейді мамандар.Қалыптасқан ахуалға байланысты Атырау облысы әкімдігі екі су тазарту станциясын іске қосуды жоспарлап отыр. Бірақ бұл ауызсу тапшылығы мәселесін шешуге жеткіліксіз. «Сондықтан облыс басшылығы Астрахань–Маңғышлақ су құбырының қуатын қосымша арттыру туралы ықтимал нұсқаларды пысықтауда. Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің алдына Көкжиде жерасты тұщы су кен орнын игеру бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу мәселесі қойылып отыр», – деп түсінік берді Атырау облысы әкімінің баспасөз-қызметі біздің сұрауымызға. Әріге бармай, бір ғана Атырау қаласының мәселесін алатын болсақ, «Мұнайлы астана», «Батыстың қақпасы» деген тіркестер әшейін әдемі сөздердей болып көрінеді. Олай дейтініміз, қаладағы кәріз жүйелерінің 40 шақырымы апаттық жағдайда тұр. Қазіргі уақытта қалада 295 шақырым кәріз жүйесі, 85 кәріз сору стансасы бар. Сол кәріз жүйелерінің 40 шақырымы апаттық жағдайда. 1950 жылдары салынған кәріз жүйелерінің тозығы жеткен. Күрделі жөндеуді қажет етеді.
«Апаттағы жағдайда тұрған кәріз жүйелерінің 40 шақырымын жөндеу үшін жоба жасадық. Жылдың басында мемлекеттік сараптамадан өткіземіз. Осыдан соң, жөндеу жұмыстарына біртіндеп кірісеміз», – деді Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи.Белгілі болғанындай, жобаның құны 9 миллиард теңгеден асады. Шыны керек, ауызсу тапшылығын атыраулықтар қазірден бастап сезініп жатыр. Атырау қаласы маңындағы «Балауса», «Еркінқала», «Ақсай», «Ақжар» ауылдарының тұрғындары тапшылық әсіресе, жаз мезгілдерінде қатты сезілетінін айтады. «Атыраудың жазы өте ыстық. Күніне бірнеше рет суға түсіп, аялдауға тура келеді. Өзім жеке үйде тұрамын. Жуыну үшін үйдегілер кәдімгідей кезекке тұрамыз. Жуынатын бөлмеден де, ас бөлмеден де сыздықтап су ағып болмайды. Бау-бақша туралы айтудың өзі ұят. Ауладағы шағын бақшаны суару үшін суды жинап қоямыз. Тамшылатып суару әдісін пайдаланғанның өзінде, су жетпей жатады. Жағдай бұлай бола берсе, болашағымызды елестетудің өзі қорқынышты», – дейді Балауса шағын ауданының тұрғыны Талжібек Қажығалиқызы. Гидрогеолог Едіге Сабуровтың айтуынша, ауызсу тапшылығы мәселесінің проблемалары тым әріде жатыр.
«Облыс орталығы үшін ауызсу көзі бір ғана Жайық өзені. Өзен ашық су көзі болғандықтан, мұндай көздер әртүрлі сипаттағы кері әсерлерге ұшырайды. Оның бірнеше факторы бар. Оның үстіне, Атырау – өндірістік аймақ. Өзеннің үнемі техногендік әсерге ұшырап отыратынын ескеруіміз керек. Бір жылдары «Атырау су арнасы» кәсіпорнының құрамында хлор мөлшері жоғары судың төгілу жағдайы болды. Оның үстіне, өзен таяз болады. Сондықтан қала мен облысқа балама су көздері қажет. Егер Жайық өзеніндегі су ішуге жарамсыз болып қалса, қала халқы бір сәтте сусыз қалуы мүмкін», – дейді гидрогеолог Едіге Сабуров.Ғалымдар Атырау ауызсу тапшылығы мәселесін өз деңгейінде шеше алмайтынын айтады. Мамандар таза ауызсу тапшылығы проблемасын республикалық деңгейде қарастыруды ұсынуда. Ал, Атырау үшін ең болмаса, Ақтөбе облысымен бірлескен жұмыстар қажет. Мәселен, Ақтөбе облысында орналасқан Көкжиде жерасты тұщы су кен орнын игеретін болсақ, біраз мәселе шешіледі. Гидрогеолог ғалым Азамат Душекеновтің айтуынша, Көкжиде – құмның астында жасырынып жатқан таза су кен орны. «1983 жылы Мәскеудегі КСРО қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссияда Ақтөбе гидрогеологиялық далалық экспедициясы Көкжиде қорларын қорғады. Жұмыстардың авторы бас гидрогеолог Виктор Васильевич Недюжин болды. Гидрогеологияда негізгі факторлардың бірі – жерүсті суларының есебінен жерасты суларының қоректенуі. Мысалы, Ақтөбе облысындағы Жем өзені арқылы қанша су келгені және күн сайын қандай толықтыру жүріп жатқаны ескеріледі. Екінші фактор – жерасты суларын жауын-шашын есебінен (қар мен жаңбыр) қоректендіру. 1983 жылы Жем өзеніндегі барлық осы факторларды зерттеуге экспедиция үлгермеді, өйткені толық зерттеу үшін кем дегенде екі жыл керек еді. Бірақ барлауға бір жыл ғана уақыт берілді. Содан кейін бір жыл ішінде олар тек барлау жүргізіп, қорды қорғай алды. Қазір Көкжидеден Кеңқияқ кен орны үшін белгілі бір мөлшерде су алынады.
КСРО ыдырап, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Көкжидеде мұнай компаниялары – қазақстандық, қытайлық, оңтүстіккореялық компаниялар пайда бола бастады. Кейбір компаниялар мұнайды тек Көкжиде айналасында ғана емес, сонымен қатар таза су кен орнында да өндіріп жатыр. Бұл қауіпті тенденция», – дейді гидрогеолог ғалым Азамат Душекенов. Яғни алпауыт компаниялардың таза су кен орындарынан мұнай өндіре бастауы – ауызсудың стратегиялық қорының сақталуына кері әсерін тигізіп отыр. «Бүгіннен бастап Көкжидеде табиғатты қорғау аймағын құру қажет. Әйтпесе, әрі кетсе 20-30 жылдан кейін біз осы бірегей кен орны Көкжидеден айырыламыз», – дейді ғалымдар.Шын мәнінде, таза ауызсу тапшылығы бір ғана Атыраудың, тіпті, Қазақстанның ғана мәселесі емес. Ғалымдардың зерттеулері бүгінгі таңда әлем халқының үштен екісі жылына кемінде 1 ай су тапшылығы жағдайында өмір сүріп жатқанын көрсетіп отыр. Бұл дегеніңіз – 4 миллиард адам. Сондықтан қалай болған күннің өзінде таза ауызсу тапшылығы мәселесін шешуге мемлекеттік деңгейде кешенді шаралар қабылданып және жүзеге асырылуы керек-ақ. Әйтпесе, «Су – тіршілік көзі» деген сөз жәй бір әдемі тіркес емес, өмірлік маңызы зор мәселе екендігін қалыптасқан картина көрсетіп отыр.
Атырау облысы