Сынаққа сынбаған апа
Сынаққа сынбаған апа
4,503
оқылды
«Жеті жыл ішінде бармаған жерім, ашпаған есігім қалмады. Бір күнде істі болып темір торға тоғытылған үш ұлымның оқиғасында айтылмаған ақиқатты ашамын деп жүріп «қаңғыбас әйел» атандым» деп бастады әңгімесін редакциямызға Жамбыл облысынан келген қарт ана Шынар Исматова. Тағдырдың тәлкегіне түссе де, сынаққа сынбаған жетпістегі ананың басынан өткен ауыр күндері емес, қиындыққа төтеп бере алған төзім­ділігі таңғалдырмасқа қоймады. Жиырма алты жыл бұрын жа­рын жер қойнына тапсырған Шынар апа үш ұлы мен бір қызын жұрттан қалдырмай өсіріп, ұлда­рын ұясына, қызын қияға қонды­рады. Осылайша, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатқанда жалғыз қызы екі баласымен жастай жесір атанады. Астанаға арман қуып кеткен күйеубаласының ғұмыры күрежолда қиылып кете барған. Басында баспанасы жоқ, шиеттей баламен қалған қызына қолғабыс ету үшін Шынар апа көп ойланбастан елордаға келеді. Алайда жалғызының жыртығын жамаймын деп жүргенде ауылда қалған үш ұлы ойламаған жерден істі болады.
– Астанаға кетерімде ұлдары­ма «Отбасылы болдыңдар, баста­рың­да баспаналарың бар. Енді мен қыздың бір жағына шығайын» деп кеттім. Сол кезде бір кісілер елде қалған балаларды үгіттеп, өз ойын іске асыруға пайдаланған екен. «Сендер өстіп жүресіңдер ме? Шешелерің қаңғып жүр, қарын­дасың пәтер жалдап күнін көреді. Сендер бір-бір үйде уайым-қай­ғы­сыз жүргендерің ұят. Біраз ақша іс­теп, қарындастарыңа баспана алып бере аласыңдар. Қиын шаруа емес, тапсырыс берушілердің тауа­рын 1-2 рет жетізіп берсеңдер, қо­мақ­ты ақша аласыңдар» деп таныс­тары ең кіші ұлымды үгіттей­ді. Ол кезде үлкен тұңғыш ұлым мектепте директордың орын­ба­сары, екінші ұлым Ақтөбе қала­сында темір­жол­да қызмет істейтін. Кенже балам Тараз қаласында жолдасымен жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүр­ген. Сол кіші балам екі ағасын осы іске үгіттейді. Сөй­тіп, алдын ала жоспарға сәйкес Қырғыз Респуб­ли­касымен шека­ралас Жуалы ауда­нынан тауарды Таразға әкеледі, одан ары Ақтөбеге жібереді. Ақ­төбедегі бала тауарды қажетті же­ріне жеткізу керек бо­лады. Бірінші тауар сәтті өтеді. Екін­ші тауарды апаратын кезде үшеуі де қолға түсті. Астанада бір жатақхананың әкімшісі әрі еден жуушысы болып жұмыс істеп жүр­ген жерімнен бір жағдайлармен сұранып 1 мамыр күні ауылға кел­гем. 3 мамыр күні арнайы операция кезінде ұсталды. Үш ұлымның қо­лына көз алдымда кісен салуды маңдайыма жазған екен. Ұлда­рымның қандай іспен айналысып жүргендерінен мүлдем хабарсыз едім. Жылап-еңіреп жағдайды білу үшін Жамбыл облысының тергеу­ші­леріне жеттім. Ешкім маңына жо­латпады. Ешқайсысы сөйлескісі келген жоқ. Артынша екеуін Ақ­төбе қаласына алып кетті. Олардың артынан еріп бардым, – дейді Шынар апа.
Ақтөбелік тергеушілер етегі жасқа толған әйелдің айтарына құлақ түргенімен, қолдарынан ештеңе келмейтінін айтып ш­ы­ғарып салады. Бар білгені сол, ба­ла­лары 10 келі есірткіні қажетті жеріне апара жатқан жерінен ұсталған. Бірақ үлкен екі ұлы кө­лік­ке тиелген тауардың есірткі еке­­нінен хабары болмаған көрі­неді. Кенже баласының өзі қандай тауар тасып жүргенін кеш біліп, екін­шісін өткізіп берген соң ақша­сын алып, жайына кетпек болыпты. Шынар апа балаларын ақта­ғысы жоқ. Айтуынша, қолмен жа­­сағанды мойнымен көтеру керек. Бірақ ақ жаулықты ананың білгісі келгені бір ғана ақиқат. Ол – үш бір­дей ұлын осындай тірлікке ара­лас­тырғандардың аты-жөнін білу. Басын тауға да, тасқа да соққан Шынар апа бар жиған-тергенін жеке тергеушілерге беріп, істің ақ-қарасын өз бетінше іздеуге кіріседі. Көп ұзамай үшеудің ісін­дегі жіптің бір ұшы қайда жатқанын шамалап айтып берген.
– Олардың айтқанын естігенде төбемнен жай түскендей болды. Біл­генім – бұл істің барлығы ал­дын ала ойластырылған тұзақ екен. Дәл осындай «тауармен» айна­лы­сып жүрген бір адам құзырлы орынның құрығына ілінген. Сол адамды тергеуден аман алып қалу үшін менің үш ұлымды құрбан қылуды жоспарлаған. Ұлдарымның қайдан шығып, қайда барғанына дейін бейнетаспаға түсіріп жүрген. Осы жайттың барлығын білген соң «ақиқатты білдім, әділдікке бірта­бан жақындадым» деген үмітпен прокурорға жеттім. Сөйтсем, тым ерте қуанып қойған екенмін. «Мен ұлдарымның ісін ешқашан ақтай алмаймын, бірақ ақиқатты білу керек» деген аналық сөзімді тың­даған прокурор «Сіздің артыңызда қорғаушыңыз жоқ. Бұл тамырын тереңге жайған бәйтерек секілді. Сіздің балаларыңыз сол бәйте­ректің жапырағы ғана болатын. Түбіндегі тамырын қопарамын деп қателік жасамаңыз. Тілімді алса­ңыз, балаларыңыз түрмеге түссін. Шындықты іздеп жүргенде бала­ларыңыздың біреуін өлтіріп қоя­сыз» деді. Айтқандарына көнуден басқа амалым қалған жоқ, – деген қарт ана көз жасына ерік берді. Аз ғана үнсіздіктен кейін әң­гімесін ары қарай жалғастырған Шынар апа: «Сөйтіп, балаларым алды 7 жылдан 11 жылға дейін жаза арқалады. Бастары жұмыс істе­ген­де мұндай тірлікке бармайтын еді. Өздеріне лайықты жазасын алға­нын да білемін. Бірақ олардың ар­­тындағы шиеттей 12 баланы асы­­рап-бағу күннен-күнге қиын­дап кетті. Екі келінім емізулі баламен отыр. Өзім төрт жерде жұмыс іс­теп, базарда құрт сатып тапқан азын-аулақ ақшам келіндерімнің түрмеге барып-келуіне ғана жете­тін. Сөй­тіп, басымдағы жағдайды айтып, сол кездегі Жоғарғы Сот­тың төра­ғасы Жақып Асанов пен Бас про­курор Қайрат Қожам­жа­ровқа кір­дім. Ең құрығанда алты баласы бар ұлымды бостандыққа шығаруын сұрадым. Сот болды, ойласты, тек­сер­ді, түрмеде балалар өздерін-өз­дері көрсете білді. Сөй­тіп, бір жа­рым жыл ішінде 7 жылға сотталған бір балам шартты түрде бостан­дық­қа шықты. Жағдайымды түсінген құзырлы орын өкілдері екі баламды Ақтөбеден Жамбыл об­лысына ауыстырды. Олар да түр­меде жақсы тәртібімен көзге ілінді. Бір ұлыма тігін машинасын алып бергем. Түрме ішінде тігін цехын ашып, 56 мыңға сатып алып берген бір ма­ши­наны 11 машинаға өсірді. Екін­ші балам аспаз болып істеді. Үлгілі нәтиже көрсеткен екі ұлым да мер­зімінен бұрын бостандыққа шы­ға­руға өтініш тастады. Бірақ ол үшін 10 млн ақша сұрады. Өзім сандалып әр есікті бір ашып жүр­генде ондай ақша қайдан бол­сын, – деп жал­ғастырды Шынар апа әңгімесін.
Балаларының басындағы жағ­дайды баяндаған ол ІІМ Қыл­мыс­тық-атқару жүйесі комитетінің төрағасына жолығып, Жамбыл облысындағы екі ұлын Степно­горск қаласына ауыстырып алға­нын жеткізді. Комитет басшысы «Алдыңғы тәртіптері есепке алынбайды. Егер өздерін жақсы жағынан көрсетіп, үлгілі тәртібімен көзге түссе ғана шартты жазаға өтініш жазуға болады» деп кесіп айтқан көрінеді. Сөйтіп, бұл жерде де түрме ережесін бұзбай, өз-өз­дерін көрсете білген ағайын­ды­лардың жазасы 2022 жылы шарттыға ауыстырылады. «Баласының аяғына кірген тікен анасының маңдайына кір­гені» секілді осы жылдарда ана жүрегі қандай күйге түскенін ой­лаудың өзі ауыр. Десе де, жеті жыл­да көрген қиындығын дұшпа­нына да тілемейтінін айтқан Шы­нар апа: «Адамнан келген сынақты адам көтере алады. Ең бастысы, Құдайдың сынағына сынып кет­песек болғаны» дейді. Бүгінде балалары бостандықта, немерелері қасында тәубесін айтып, шүкірлік еткен Шынар апа қиын күндері ақыл-кеңесін айтып, қолдан келген құқықтық көмегін аямаған құзырлы орган өкілдеріне ризашы­лығын білдіргісі келеді. Оның ішінде ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы, әді­лет генерал-майоры Жанат Еш­мағамбетовке, ІІМ Қыл­мыс­тық-атқару жүйесі комитеті Арнайы есеп бөлімінің бастығы, әділет полковнигі Асыл Қайратқа, ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі ко­митетінің қызметкері Жалғасбек Темірбекұлына, Бас прокурор Берік Асыловқа, Бас прокурордың аға көмекшісі Сәуле Сыздықоваға, Бас прокуратураның Өтініштермен жұмыс және іс жүргізу департа­мен­тінің аға прокуроры Азат Бу­жееваға аналық жүрегімен алғысын айтады.