«AMANAT»: Лагерьдегі 53 балаға сыйлық таратты

«AMANAT»: Лагерьдегі 53 балаға сыйлық таратты

«AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалы Ақмола облысының «Звездный» балаларды сауықтыру орталығында қысқы демалысын өткізіп жатқан 53 балаға партияластар атынан тәтті сыйлықтарын табыс етті. Партия қызметкері Болат Сұлтанов балалар мен лагерь ұжымын Жаңа жылмен құттықтап, партияластардың жылы лебізін жеткізді.

«Біз партия Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановтың қолдауымен Екібастұз қаласынан келген балаларға арнап қысқы демалыстарды ұйымдастырудамыз. Апатты жағдай болды дегенді естігенде баршамыздың қабырғамыз қайысты. Бүгін, міне табиғаты көркем, таза ауада дем алып жатырсыздар. Сіздерге ұмытылмас, жақсы демалыс тілеймін», – деді ол.
Қалың қарағайлы орманның ортасында орналасқан «Звездный» балаларды сауықтыру орталығының директоры Сергей Урываев ұжым атынан алғысын айтты. «Балалар қысқы демалысын жақсы өткізуде. Таңғы 8.30-дан бастап балаларға әр сағатқа бағдарлама дайындалған. Оның ішінде мұзайдынында сырғанау, жаңажылдық ойындар бар. Біздің демеуші Қостанай облысындағы партияластарға айтар алғысымыз шексіз», – деді орталық директоры. Екібастұз қаласынан келген Диас Жұмабаев демалыс орнынан алған әсерімен бөлісті. Оның айтуынша,  лагерьдегі демалыс естен кетпес естеліктермен сақталмақ.
«Мен 7-сыныпта оқимын. Бурабайға пойызбен ұзақ жүріп келдік. Бірақ  келгеніме еш өкінбеймін. Лагерьде өзіме жаңа достар таптым. Достарымызбен далада мұзда сырғанап, уақытты көңілді өткізудеміз. Бүгін бізге Қостанайдың Баян сұлу кәмпиттерін сыйлады. Көп рақмет», – дейді Диас Жұмабаев.
Еске сала кетейік, 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалды. 28 қараша күні қалада жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Оқушылар онлайн оқуға көшірілді. Балалар лагерьде 3-11 қаңтар аралығында демалады.