Тұрғындардың талап-тілегіне құлақ түру маңызды. Өйткені «халық айтса, қалт айтпайды» демекші, елордалықтардың қала басшылығымен кездесуінен кейін қалтарысқа қалған мәселелердің дені қолға алынып, қоғам өкілдерінің көтерген бастамалары өтімді іске асып келеді.
Жыл соңында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек кезекте тұрған отбасыларды қабылдап, жұрттың жайын барынша қамту үшін апта сайын азаматтарды жеке қабылдауды қолға алатынын жеткізді. Оның айтуынша, халық қабылдауынан кейін бірқатар мәселе көтерілген. Онда айтылған түйткілді проблемалардың шешілу барысы бақылауда ұсталатын болды.
«Қазір қабылдауымда 100-ден астам отбасы кезекте тұр, ал олардың қатары уақыт өткен сайын артып келеді. Проблемаларды барынша жедел шешуге тырысамыз. Азаматтарды қабылдау жұмысы апта сайын өткізіледі, оның ішінде қала тұрғындарымен жергілікті орындарда кездесуді де жалғастырамыз. Азаматтарды қабылдауға eGov.kz, e-otinish порталы немесе қала әкімдігінің кеңсесі арқылы жазылуға болады. Бейбітшілік көшесі 14 мекенжайында орналасқан «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы мен Республика даңғылы 32 көшесіндегі Тұрғын үй саласында қызмет көрсету жөніндегі бірыңғай орталықтың өзара байланысты күшейтуде көмегі зор», – деген еді елорда әкімі.
Жуырда ғана Алматы ауданында халықпен кездескен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек тұрғындармен бірге тағы бірқатар мәселені талқылады. Бұл жолы да қала басшысымен еркін форматта кездескен Алматы ауданының тұрғындары көкейде жүрген сауалдарын қойып, қала өмірін жақсартуда бірқатар бастама да көтерді.
– «Ашық микрофон» форматында ниет білдірген жандар өздерін толғандырған сауалын қойды. Кездесу 3 сағаттан аса уақытқа созылды. Мұндай кездесулер тұрақты түрде өткізілетін болады. Оның ішінде қаланың өзге де аудандарының, елді мекендердің тұрғындарымен кездесеміз, – деді шаһар басшысы.
Аудан тұрғындары әлеуметтік нысандар, инженерлік желілер, жолдар мен тротуарлар, аулалар мен қоғамдық кеңістіктер салу, абаттандыру, жылы аялдамалар, бейнебақылау камераларын орнату, жаңа маршруттарды іске қосу, интернет, инфрақұрылым нысандары секілді көптеген мәселені көтерді. Осы орайда негізгі мәселелерге тоқталып өткен қала әкімі «Қалада сумен, жылумен, электрмен қосымша жабдықтау қажеттілігі бар. Келесі жылыту маусымы басталғанға дейін ЖЭО-3, екі газ жылу стансасының құрылысын аяқтауды тапсырдым. Бұл нысандар жылумен жабдықтау көлемін едәуір арттыруға, сол сияқты құрылысы жүріп жатқан аудандарды жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар биыл ауызсу стансасын (ССС-3) толық қуатта іске қосуды жоспарлап отырмыз, бұл су беру мәселесін де шешеді. Дегенмен бірнеше жылдан кейін бұл да жеткіліксіз болады. Сол себепті қаланың бас жоспарының жобасына елорданың тіршілігін дұрыс қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бірқатар нысанның құрылысын енгіземіз» деп отыр.
Сонымен бірге кездесуде тұрғындар №15 қалалық емхана мен Промышленный елді мекеніндегі №13 мектеп бойынша мәселе көтерді. Халықтың айтарын тыңдаған Жеңіс Қасымбек биыл емхана бойынша жобалау жұмысы басталатынын, содан кейін құрылыс жұмысына кірісетінін жеткізді. Ал мектеп бойынша әзірге белгілісі – жаңа ғимараттың құрылысын бастау жоспарда бар. Сол секілді көктем мезгілінің келуімен аудандарды абаттандыру, жолдар мен тротуарлар, аулалар мен қоғамдық кеңістіктер салу секілді мәселелер бойынша жүйелі жұмыстар жалғасатын болады. Кездесу барысында қала басшысы көтерілген мәселелерді шешу жұмысы қолға алынып қана қоймай, тұрғындар олардың орындалу барысын да білу қажеттігін баса айтты.
Күні кеше тағы тұрғындармен, оның ішінде үлескерлермен кездескен шаһар басшысы құрылысы ұзаққа созылған бірқатар ғимаратқа бас сұқты. «Өздеріңізге мәлім, әр нысанның өткен тарихы әртүрлі, олардың құрылысы бірнеше жылдан бері бітпей келеді. Мәселен, «Ақерке-2» тұрғын үй кешенінің тіпті іргетасы да болмаған еді, ал «Пана» тұрғын үй кешенінің құрылысы 8 жыл бұрын басталған. Осыған дейін әкімдік құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау бойынша үлкен жүйелі жұмыс жүргізген болатын. Дегенмен қалған нысандарды аяқтау міндеті де мойнымызда тұр. Бұл 30-дан астам тұрғын үй кешені, онда мыңдаған отбасы жылдар бойы баспанасын күтіп жүр. Құрылысы ұзаққа созылған әрбір нысанды аяқтау бойынша өзіндік жоспары бар. Биыл осы нысандарды аяқтауды тапсырдым. Қаланы аралау барысында донор-нысандардың құрылысымен таныстым. Олар ұзаққа созылған нысандардың құрылысын аяқтау үшін салынған қаражаттың қайтарымдылығын қамтамасыз етеді. Құрылысы ұзаққа созылған нысандардың аяқталуы Мемлекет басшысының бақылауында», – деді Жеңіс Қасымбек.
Айта кету керек, бұған дейін елордалықтар көлік кептелісін ретке келтіру туралы да бірнеше рет сауал қойған еді. «Көп тілегі көл» демекші, биылдан қалмай Есіл өзені арқылы Тәуелсіздік даңғылындағы көпір қолданысқа берілмек. Көпір құрылысымен танысып қайтқан қала әкімі «Биыл Тәуелсіздік даңғылында Есіл өзені арқылы өтетін автомобиль көпірін ашамыз. Бұл көпірдің құрылыс барысымен таныстым, ол көлік қозғалысын едәуір жылдамтады: Тәуелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы аумағы, Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Әзірет Сұлтан мешіті, Байтұрсынов, Қордай, Айнакөл көшелері, Момышұлы даңғылы және сол жағалау арасында қосымша байланысты қамтамасыз етеді. Көпір құрылысының қарқынын арттыруды міндеттедім» деп отыр. Алдағы уақытта да көлік нөпірін жеңілдету үшін жаңа көшелер салу, жаңа жолдар ашу, жаңа көпірлер жобалау жұмыстары жалғасын таппақ.