Дамыған елдер дәрігерсіз қалуда. Біз ше?
Дамыған елдер дәрігерсіз қалуда. Біз ше?
© коллаж: Әсел Балтақызы
797
оқылды
Коронавирус пандемиясынан кейін әлем медицинасында басталған дағдарыстың бітер сыңайы байқалмайды. Себебі бұл дағдарысқа экономикалық ахуалдар да кесірін тигізуде. Қазақстанда дәрігерлер тапшылығы өткір мәселе күйінде, бірақ мұндай жағдай дамыған елдердің өзін айналып өтпеген екен. Енді бұл мәселе жер жүзіндегі «кадрлардың қозғалысына» әкеліп соқтыруы мүмкін. Яғни, дамыған елдер дамушы мемлекеттердің кадрын «тонауға» жақын. Үш алпауытты алаңдатқан жайт Дүниежүзі дамушы елдердің ахуалына бас қатырып жүргенде, дамыған елдердің өзі әр салада қиындықтарға ұшырай бастады. Британия, Қытай, Германияда дәрігерлер тапшылығы мәселесі күн тәртібіне шықты. Мәселе бол­ғанда да көп проблемадай емес, тым күрделі. Біріншісі – Қытай. Бұл елде қазір коронавирус өршіп тұрғанынан хабардармыз. Оннан астам ел Бейжіңнен келетін ковид статистикасында ашықтықтың жоқ екенін мәлімдеп, Қытайдан келушілерге міндетті тестілеу ен­гізді. Олардың қатарында Аустра­лия, Италия, Франция және Ис­пания, Оңтүстік Корея, Жапония бар. Қытайлықтардан ПТР теріс нәтижелері немесе вакцинация туралы анықтама талап етіледі. Осы жайт Бейжіңнің ашуын ту­дырды. Сыртқы істер министрлі­гінің ресми өкілі Мао Нин аталған шараларды «кемсітушілік» санады. Желтоқсан айында үш жылға со­зылған «нөлдік ковид» саясатын­дағы қатаң шектеулер жойылды. Вирусқа табиғи иммунитет қа­лып­таспаған соң елдің 1,4 миллиард тұрғыны бірден қайта ауырған. Жергілікті БАҚ Шанхай халқының 70 пайызы вирус жұқтырғанын, ауруханаға түскендердің көпшілігі 65-тен асқан адамдар екенін жа­рыса жазды. Ал Bloomberg-тің ха­барлауынша, Бейжің мен Шан­хай­да, қайтыс болған туысын крема­циялауға қаңтардың ортасынан ғана тапсырыс беруге болады. Се­бебі кезекте тұрғандардың қара­сы тым көп. Екіншісі – Ұлыбритания. Мұн­да дәрігер жоқтың қасы. Яғни, дәрігерлер жетіспейді. Осы елдегі Медициналық көмек колледжінің президенті Адриан Бойль жедел жәрдемнің кешігуіне байланысты апта сайын 300-ден 500-ге дейін адам қайтыс болып жатқанын жария еткен. Ал дәрігерлер жалақы аз болған соң тұрақтамайды. Ең шошырлығы, қазір 130 мыңға жуық вакансия бос тұр, жұмысқа орналасуға ешкімнің құлқы жоқ. Желтоқсан айында медбикелер мен дәрігерлер елдің бірнеше қа­ласында бұрын-соңды болмаған шеру өткізген. 15, 20 желтоқсанда Англия, Уэльс және Солтүстік Ир­ландия көшелеріне 100 мыңға жуық ақ халатты шығып, айлықты 19 пайызға өсіруді талап етті. Үкі­мет бұл мәселе бойынша әлі нақты шешім қабылдамаған. Англияның ұлттық денсаулық сақтау қызме­тінің стратегия директоры Крис Хопсонның мәліметі бойынша, COVID пациенттерінің саны бір­неше апта бұрынғы 4 500 нау­қастан 9 500-ге дейін өсіпті. Оның үстіне, ұлттық денсаулық сақтау қызме­тінің 9 500 қызметкері COVID жұқ­тыру себебі бойынша жұмысқа шықпай қалған. Былтыр қарашада Ұлыбританияда инфляция деңгейі 11 пайызға жетті. Кейінгі 41 жылда болмаған рекордтық көрсеткіш. Үшіншісі – Германия. Мұнда дәрігермен қоса дәрі де тапшы. Коронавирус пандемиясының үш жылында Германияда денсаулық сақтау саласы әлсіреді. Федералды дәрігерлер палатасының вице-президенті Эллен Лундерсхаузен­нің пайымы – осы. Дәрігер пан­де­мия кезінде де науқастардың 90 па­йызына тек амбулаториялық-ем­ханалық көмек көрсетілгенін ай­та­ды. Ауруханаларда орын же­тіспеген. Қазір елде басталған тұ­мау толқы­нының өзінде науқас­тарды емдейтін дәрігерлер жетпей жатыр. Ал Фе­де­рация қауым­дас­тығы кейбір пре­па­раттарды жет­кізуде соң­ғы 4 айда айтарлықтай қиын­дықтар туын­дағанын айтады. Қазір ел бойынша антибиотиктер, қы­зуды басатын, ауруды жеңіл­дететін асқазанға ар­налған дәрілер жетіс­пейді. Басты себеп – дәрінің көбі өндіруші ком­панияларда жоқ, бұ­ған шикізат тапшылығы себеп бо­луы мүмкін. Енді фармацевтер ұйы­мы ішкі өнімді арттырып, кей­бір компания­ларға қойылған шек­теу­лерді алып тастау керегін алға тартуда. Енді бұл мәселе дамушы елдер­ді, соның ішінде, әсіресе постке­ңес­тік мемлекеттердің маманда­рын бейжай қалдырмауы мүмкін. Залалы өзгелерге де тимек. Қалай? Кадрлардан құт қашпай ма? Қазақстан медицинасының жағдайы біраздан бері белгілі. Пандемия кезінде шарасыздығы байқалған сала одан бері біраз оңалғандай еді. Мемлекет дәрі­гер­лерге қолайлы жағдай жасау үшін жобаларды қолға алуда. Дегенмен бізде де ауыл түгілі қаланың өзінде дәрігер жетіспейді. Осы күні елі­мізге 14 678 медицина кадры жетіс­пейді. Бұл аздай, ақ халаттылардың 30 пайызы зейнетке шығудың ал­дында тұр. Біз неден секем алдық? Қараңыз, соңғы 3 жылда елімізден 3,5 мың медицина қызметкері шетелге көшті. Осы үрдіспен жыл сайын мыңдаған дәрігерден айы­рыламыз. Мамандар эмиграциясы бойынша Шығыс және Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары алда тұр. Бұл тұста «ауылға барған­дар­ға миллиондап ақша беріледі» дейтін біржолғы ынталандыру шарасы арқылы мамандарды елде тұрақтатуды ойлау жөнсіз сияқты. Біліктілігін арттыра алмағаны са­ласын ауыстырып, білімі жет­кен­дер жоғары жалақы үшін ше­кара асып кететіні анық. Салаға жауап­ты министрлік жыл сайын жала­қыны 20-30 пайыз межесінде кө­теруде. Құптарлық қадам, бірақ бұған дәрігерлердің көңілі тола ма? Олар айлықты әлі мардымсыз есептейтін сыңайлы. Бұған қоса, әлеуметтік көмек жалпы медицина мамандарының бәріне емес, тек оқуын енді аяқтаған жас маман­дарға беріледі. Сондықтан тапшы­лық азаймайтындай. Жаңа жоға­рыда айтқан үш елде медицина мамандарының айлығы жақсы деңгейде. Германия орта есеппен дәрігерлерге 3 500 еуро, Ұлы­бри­тания 2 200 еуродан 6 мың еуроға дейін, Қытай 850 доллар шама­сында төлейді. Бұл сандарға қы­зық­қан біздегі мамандар шекара аспасына кепіл жоқ. Бірінші са­наттағы хирург-дәрігер Қайрат Катреновтың айтуынша, елдегі маман тапшылығы таяу арада шешілмейді. – Салада тапшылықтың жо­йылмауына әсер етіп отырған бір­неше фактор бар. Мәселен, ма­ман­ның жұмысына сай жалақы алмауы. Қазіргі қымбатшылық дәрігерлердің де әлеуметтік көңіл күйіне әсер етеді. Екіншіден, қо­сымша жүктеменің көптігі. Қағаз­бас­тылық әлі бар, өзінің жұмы­сынан бөлек әр тоқсан сайын, 6 айлық, 9 айлық есептерді тапсы­рып отырады. Оның бәрі қажытпай қоймасы белгілі. Үшіншіден, ба­қылаушы органдардың көптігі. Сайып келгенде, мұның бәрі жас дәрігерлердің салада жетістікке жетуге деген ынтасын жояды, – дейді ол. Қазақстан жыл сайын 1 500 медицина маманын даярлауға мемлекеттік білім беру тапсы­ры­сын бөледі. Оқуын аяқтаған түлек­терді өңірлерге бөлу жұмысы бел­сенді жүргізіліп жатыр. Әйткенмен, көңілі қаламаған кей мамандарды тұсап ұстап отыра алмасымыз тағы бар. Әрине, біз бұл тұста мемлекетті кінәлаудан аулақпыз. Қолдан кел­генше қаржыны молайтып, эко­номиканың жағдайына қарай мүмкіндік қарастыруда. Алайда дамыған елдер ертеңгі күні өзге елдердің мамандарына көз сала ма деп қауіптенеміз.