«TURAN» ансамблі түрік сериалына саундтрек жазды
«TURAN» ансамблі түрік сериалына саундтрек жазды
718
оқылды
Әлемге әйгілі «TURAN» фольклорлы-этнографиялық ансамблі «Mendirman Jaloliddin» түрік тарихи сериалының екінші маусымына саундтрек жазды. Тарихи драма жанрындағы сериал Хорезмшах мемлекетінің соңғы өкілі, құдіретті билеуші Жалал ад-Динге арналған. Фильмнің продюсері Мехмет Боздаг, режиссері Нұрғиса Әлмұрат. Фильмнің екінші маусымының шығуы 2023 жылдың 14 ақпанына жоспарланып отыр. Аталмыш сериалда саундтрек ретінде ансамбльдің 5 шығармасы орындалады. Бұл таңғаларлық емес, өйткені шығармашылық ұжым қазақ музыка өнерінің інжу-маржаны ғана емес, барша түркі әлемінің брендіне айналды. Айта кетейік, бұл сериал ансамбль топтамасындағы кезекті халықаралық жобалардың бірі болып табылады. «TURAN» ансамблі бұған дейін «Diriliş Ertuğrul» (реж: Mehmet Günay, Түркия), «İsimsizler» (реж: Emre Konuk, Түркия), «Дала дауысы» (реж: Ермек Шынарбаев, Қазақстан-Франция) және т.б. халықаралық жобаларға музыка жазған болатын. «ТURAN» фольклорлық-этнографиялық ансамблі бүкіл әлемге танымал, осы уақыт аралығында әлемнің 70-ке жуық елдерінде 1300-ден астам жеке концерттерін өткізді. Шығармашылық ұжым «Карнеги Холл» (Нью-Йорк, АҚШ), «Кеннеди орталығы» (Вашингтон, АҚШ), «Концерт үйі» (Берлин, Германия), «Кремль сарайы» (Мәскеу, Ресей), Санкт-Петербургтегі «Мариин театрының концерттік залы» (Ресей), «Конгресстер мен фестивальдер сарайы» (Канн, Франция), «Салле Корто» (Париж, Франция) сияқты атақты залдарда өнер көрсетті. TURAN «ТURAN» ансамблі 2008 жылы құрылған, заман талабына сай қазақ халқының ұлттық музыкалық мұрасын дамытып, көне аспаптардың үнін жаңа үлгіде жаңғыртуға атсалысып жүрген өзіндік ерекшелігі бар өнер ұжымдарының бірі. Сондай-ақ, түркі әлеміне ортақ көмеймен ән айту өнерінің шеберлері. Ансамбль құрамында 30-дан астам ұлттық аспаптарда ойнайтын өнерпаздар бар: Мақсат Медеубек, Серік Нұрмолдаев, Бауыржан Бекмұханбетов, Ержігіт Әлиев, Жанту Дадабаев.