Әлемге әйгілі «TURAN» фольклорлы-этнографиялық ансамблі «Mendirman Jaloliddin» түрік тарихи сериалының екінші маусымына саундтрек жазды.
Тарихи драма жанрындағы сериал Хорезмшах мемлекетінің соңғы өкілі, құдіретті билеуші Жалал ад-Динге арналған. Фильмнің продюсері Мехмет Боздаг, режиссері Нұрғиса Әлмұрат. Фильмнің екінші маусымының шығуы 2023 жылдың 14 ақпанына жоспарланып отыр.
Аталмыш сериалда саундтрек ретінде ансамбльдің 5 шығармасы орындалады. Бұл таңғаларлық емес, өйткені шығармашылық ұжым қазақ музыка өнерінің інжу-маржаны ғана емес, барша түркі әлемінің брендіне айналды. Айта кетейік, бұл сериал ансамбль топтамасындағы кезекті халықаралық жобалардың бірі болып табылады. «TURAN» ансамблі бұған дейін «Diriliş Ertuğrul» (реж: Mehmet Günay, Түркия), «İsimsizler» (реж: Emre Konuk, Түркия), «Дала дауысы» (реж: Ермек Шынарбаев, Қазақстан-Франция) және т.б. халықаралық жобаларға музыка жазған болатын.
«ТURAN» фольклорлық-этнографиялық ансамблі бүкіл әлемге танымал, осы уақыт аралығында әлемнің 70-ке жуық елдерінде 1300-ден астам жеке концерттерін өткізді. Шығармашылық ұжым «Карнеги Холл» (Нью-Йорк, АҚШ), «Кеннеди орталығы» (Вашингтон, АҚШ), «Концерт үйі» (Берлин, Германия), «Кремль сарайы» (Мәскеу, Ресей), Санкт-Петербургтегі «Мариин театрының концерттік залы» (Ресей), «Конгресстер мен фестивальдер сарайы» (Канн, Франция), «Салле Корто» (Париж, Франция) сияқты атақты залдарда өнер көрсетті.