Атырау қаласындағы №51 бағыттағы қоғамдық көлікте орынға байланысты шыққан жанжал соңы студент қыздың соққы алуымен аяқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада орта жастағы әйелдің бойжеткеннің шашынан тартып, бетінен тырнағаны анық көрінеді. Жәбірленушінің айтуынша, жанжал аялдамадан мінген әйелдің басқа жолаушыға орын босатуды талап етуінен басталған.
Студент қыздың сөзінше, әйел қасындағы бейтаныс ер адамға орын беруді сұраған. Бойжеткен орнынан тұруға ыңғайланғанымен, әлгі ер адам «келесі аялдамадан түсемін» деп, отыра беруін өтінген. Осыдан кейін әйел еш себепсіз қызды ұрып, дөрекі сөздер айтып, шашынан жұлқылап, бетін тырнаған.
Куәгерлердің айтуынша, автобус лық толы болғандықтан, жолаушылардың араша түсуі қиынға соққан. Адам көп болғандықтан, екі тарапты бірден ажырату мүмкін болмай, сол аралықта бойжеткен бірнеше рет соққы алған.
Оқиғадан кейін студент қыз полицияға арызданған. Бірақ оның айтуынша, арада жарты күн өтсе де, күдікті әйелдің жеке басы әлі анықталмаған. Құқық қорғау органдары бұл оқиғаға байланысты қандай шара қолданылғанын әзірге ресми түрде хабарламады.
Желі қолданушылары қоғамдық көлікте өзара сыйластық сақталуы тиіс екенін айтып, мұндай әрекетке заң аясында қатаң жауапкершілік қарастырылуы керек деген пікір білдіруде. Көпшілік істің әділ әрі жан-жақты қаралуын талап етіп отыр.