Көкшетауда «Ақмола жастары» жаңа ипотекалық бағдарламасы жүзеге асырылады
Көкшетауда «Ақмола жастары» жаңа ипотекалық бағдарламасы жүзеге асырылады
568
оқылды
Көкшетауда «Ақмола жастары» ипотекалық бағдарламасының тұсаукесері өтті. Аталған бағдарлама бойынша өңір жастары биылдан бастап «Отбасы банк» арқылы баспаналы болуға мүмкіндік бермек, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Аталған бағдарлама жастардың оның ішінде жаңадан отбасын құрған жас отбасылардың пайызы төмендеу жеңілдікпен берілетін баспанаға қол жеткізуіне септігін тигізбек. Бағдарламаны жүргізудің жобасы облыс әкімдігінде «Отбасы банк» АҚ өкілдерімен облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен жиында талқыға түсті. – «Жастар, соның ішінде жас отбасылар үшін пәтер жалдау әрқашан мүмкін болмай жатады. Жеке тұрғын үй алу үшін қаражат жинау аса қиынға соғады. Осы мәселені шешу үшін еліміздің бірқатар облыстарында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп "Отбасы Банк" акционерлік қоғамы жастарға арналған дербес бағдарламаны іске қоспақ. Осыған байланысты, біздің облыста да жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасын әзірлеу қажет», – деп атап өтті Ермек Маржықпаев. "Отбасы Банк" акционерлік қоғамы Ақмола облыстық филиалының директоры Алмат Нұрахметовтың айтуынша, жаңа бағдарламаның басты мақсаты – 35 жасқа дейінгі жастарды жеке тұрғын үймен қамтамасыз ету. – Бүгін біз "Ақмола жастары" жаңа өңірлік бағдарламасын таныстырмақпыз. Жеңілдікті кредиттеу мөлшерлемесі түпкілікті қарыз алушы үшін жылдық 5 пайыз болады. Ең төменгі бастапқы жарна – 10 пайыз. Бұл бағдарламаның бірегейлігі – барлық шарттарды жергілікті атқарушы органдар пысықтайды. Ең ұзақ мерзім – 19 жылға дейін. Ең көп несие сомасы –15 миллионға дейін болмақ, – деп атап өтті "Отбасы банк" акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалының директоры Алмат Нұрахметов. Облыс әкімі аталған бағдарламаның ақмолалық жастар үшін аса маңызды екенін атап өтіп, бағдарламаның пилоттық жобасын облыс орталығында жүзеге асыруды бастауды ұсынды. – Бағдарлама алғашқы болып Көкшетау қаласында жүзеге асырылуы тиіс. Өйткені жастардың басым бөлігі облыс орталығында тұрады. Сондай-ақ, жобаға жұмысшы мамандықтарда, денсаулық сақтау және білім беру салаларында жұмыс істейтіндерді қосу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын", – деді Ермек Маржықпаев. Айта кетейік, жастардың жасы ұлғайған сайын бұл көрсеткіш ұлғая бермек. Бүгінде облыстағы жастардың үлесі 153 мың адамнан асады. Бұл облыс халқының жалпы санының 20% құрайды. Қалада 68 510 жас, ал ауылдық жерлерде 84 872 жас тұрады. Облыс әкімдігінің мәліметінше, бағдарламаны жүзеге асыру жобасын қолға алу облыс әкімдігіне қарасты құрылыс басқармасына тапсырылған. Бағдарлама жылдың ортасына қарай бастау алмақ.