Ақпарат және қоғамдық даму министрлігің Алқа мәжілісі өтті. Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов, отандық масс-медиа өкілдері қатысып, ақпарат саласына қатысты ойларын ортаға салды. Былтыр айшықты оқиғаларға толы әрі сынағы көп сындарлы жыл болды. Осылай деген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі алдағы атқарылуы тиіс реформалар пакеті іргелі істердің жүзеге асуына жол ашқанын жеткізді. Оның айтуынша, министрлік Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасындағы негізгі стратегиялық бағыттар мен тапсырмаларды орындау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Мәселен, былтыр министрліктің ұйымдастыруымен 20 іс-шара өтті. Оның 8-і әлемдік белді сарапшылардың, белгілі ғалымдар мен саясаткерлердің, халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылған. Сондай-ақ дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың басшыларымен 60-тан астам екіжақты кездесу өткізіліпті.
– Еліміздің саяси өміріндегі маңызды іс-шаралардың бірі 50 елден 100-ден астам делегация қатысқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтті. Конгресс кезінде Рим Папасы Францисктің елімізге мемлекеттік сапары да маңызды оқиға болды. Қазір Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің 2023-2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы әзірленуде. Мемлекет басшысының тапсырмасы – ашық азаматтық қоғам құруды талап еді. Мәселен, «Қоғамдық бақылау» және «Онлайн петициялар» туралы заң жобалары Парламент Мәжілісінде 1-ші оқылымда мақұлданды. Алдағы уақытта «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңға өзгерістер енгізіледі, – деді ведомство басшысы.Бұдан бөлек, министр былтыр қоғамдық кеңестердің құрамы 90%-ға жаңартылғанына тоқталды. «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» жұмысы қайта қаралып, алдағы уақытта оның бағыт-бағдары кешенді ғылыми-зерттеулерге байланысты жаңартылмақ. Мемлекет басшысының қатысуымен ұлт ұясы Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайға жауаптылық алған министрліктің бастамасымен Quryltai мобильді қосымшасы іске қосылып, «Ұлттық құрылтай» телебағдарламасы көрсетіле бастады. Сондай-ақ министрлік жетекшілік ететін салалардың жұмысын ғылыми тұжырым мен зерттеу қорытындыларына негіздеу үшін отбасы, жастар және қоғамдық кеңестер туралы 3 ұлттық баяндама әзірленіпті. Былтыр Үкімет тапсырмасы аясында еліміздің 14 өңірінде халықпен кездесіп, жұртшылықты мазалап жүрген мәселелер талқыға салынғанын, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында халықаралық волонтерлікті дамыту және волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялау бастамасын көтергенін айтқан министр: «Соған орай былтыр Орталық Азия волонтерлер форумы ұйымдастырылды, оның қорытындысы бойынша Орталық Азия волонтерлер хабын құру туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар таяуда «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң қабылданды. Заңға сәйкес, жастар санаты 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Бұл өзгерістердің енгізілуі 6 млн-ға дейінгі жастың заң игілігін көруіне мүмкіндік берді. Одан басқа, 2023-2027 жылдарға арналған Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының жобасы әзірленіп, ашық талқылауға ұсынылса, Ақпарат саласын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленуде.
Балаларға қатысты кибербуллингті реттеуде заңнамалық түзетулер енгізілді. Сондай-ақ дәстүрлі БАҚ-тың бағыты концептуалды тұрғыда өзгеріп, «Жаңа медиа» түсінігі қалыптасты. Сондықтан заман ағымына қарай медиа заңнамасы қайта қаралып жатыр. Министрдің айтуынша, халықаралық тәжірибелер ескеріле отырып жасалған «Масс-медиа туралы» заң жұртшылық талқылауына шығарылды. «Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі заңға түзетулер әзірленді. Ұсынылған өзгерістер, азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектеген мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтеді» деген Дархан Қыдырәлі Ақпараттық доктрина да талқылаудан өткеніне тоқталды.Елдегі саяси өзгерістерге бастаған жалпыхалықтық референдум мен Президент сайлауы тұсында түрлі дебат ұйымдастырылып, нон-стоп жағдайында ақпарат таратылды. Алғаш рет 16 сағаттық 2 онлайн марафон өтті. Сонымен қатар өзге мемлекеттерден экс-президенттер, медиа саласының белгілі мамандары, Пулицер сыйлығының иегерлері бастаған Орталық Азия медиафорумын тұрақты платформаға айналдыру жоспары бар. Сол сияқты БҰҰ-мен және оның бірқатар ұйымымен қарым-қатынас артты.
Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату жұмыстары жүйелі жалғасып жатқанын жеткізген ведомство басшысы «отандық баспа да басты назарда» деп отыр.