«Шетелдіктердің» шығыны көп
«Шетелдіктердің» шығыны көп
© коллаж: Елдар Қаба
617
оқылды
Автонарық – қазір елдің назарында тұрған дүние. Ол жайында түрлі көзқарас пен қиыспас пікірлер бар. Соңғы жылдары әлемде автомобиль тапшылығы пайда болды. Бұл өз кезегінде сұраныстың артып, бағаның қымбаттауына соқтырды. Осы күні дү­ниежүзінің әр түкпірінен автокөлік әкелуге құмартқандардың қарасы көп. Бір ғана себебі – «шетелде автокөлік арзан» деген қауесет. Дегенмен, мұны шындыққа балай аламыз ба? Сараптап көрейік. Грузияның «гаражы» соғылған көлікке толы Онжылдықтың көлемінде елімізде бір үрдіс белең алды. Шетелден көлік тасымалдау ісі жанданды. Негізі, былтыр жұрт­тың бәрі қозғаған утилалым мәселесінің ушығуына тікелей осы сырттан көлік әкелу себеп болған еді. Берісі Ресей, әрісі Армения мен Грузиядан темір тұлпар тасығандар көп кездесті. Алайда олардың тарихына күмән көп болатын. Неге? Өйткені бұрын «ұрланған ба, әлде соғыл­ған ба немесе қылмысқа қатысы бар ма?» деген сауалдар жауапсыз қалатын. Оны жұрттың көбі VIN нөмірі арқылы тексеруге бола­тынын соңғы кездері ғана түсінді десек, жаңылмаймыз. Мәселен, Грузия автобазарларында саты­лып жатқан көліктердің басым бөлігі АҚШ-тан әкелінеді. Яғни, қатты соғылған, суға түсіп кет­кен, мұхиттың арғы жағындағы иесі керексіз санаған көлікті Грузияға әкеліп, жөндеуден өткізіп, саудалайды. Carfax сай­тында мұндай көліктердің та­рихын тереңінен көруге болады. Бірақ жұртшылық соларды жағ­дайы жақсы арзан көлік ретінде сатып алады. Иә, кейбір жандар көліктің тарихын біліп тұрса да иеленеді. Өйткені шетелдік көліктерді артық санайтын дағды қалыптасқаны жасырын емес. Әйтпесе, елге жеткізілген соң кеден алымы мен ҚҚС, СБКТС, утилалымы мен алғаш­қы тіркеуі бар, соңында елден көлік алғанмен тең шығынға батасыз. Өзге елдердегі хал оңып тұрған жоқ Коронавирус пандемиясы бә­рінен бұрын автоөндіріс са­ласын құлдыратты. Одан әлі оңал­ған да жоқ. Әуелде микрочип тапшылығы қатты байқалса, кейін геосаяси жағдай салдары­нан логистикалық тізбек бұзы­лып, көлік тасымалдау мәселе­сінде күрделі түйткіл басталды. 2022 жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша, АҚШ-та жеңіл және коммерциялық техника өндірісі 7,4 миллионды құрады, 2021 жылмен салыс­тыр­ғанда, 11,4 пайызға жоғары. Бі­рақ 2019 жылдың көрсеткішінен 9 пайызға төмен. Мұндай ахуал автоөндірісі Германия мен Оң­түстік Кореяда да көрініс берген. Ал минусқа қалған елдер қата­рында Франция (11,7 пайыз), Ұлыбритания (8 пайыз), Жапо­ния (2,2 пайыз) бар. Бұл елдердің көрсеткіші пандемияға дейінгі 2019 жылы 45,4, 37,5 және 22,7 пайызға құлдыраған. Көршілес Ресейдің халі тіпті қиын, былтыр 9 айда 75,7 пайызға құлдырапты. Дегенмен Energyprom сарапшы­лары Қазақстандағы жағдайға жақсы баға беріп отыр. «Қазақстанда жеңіл және коммерциялық техника өндірісі сенімді өсім көрсетіп отыр. 2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өндіріс 29,8 пайызға өскен. Ал дағдарысқа дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда, 2,4 есе өсу бар. 2019 жылмен салыс­тырғанда, автомобиль өндірісі Өзбекстан (23,7 пайыз) және Қытай (8,2 пайыз) елдерінде де өсім көрсетті», – деп жазылған. Ал әлемде жаңа жеңіл авто­көліктер мен жеңіл коммерция­лық көліктердің сатылымы өт­кен жылғы көрсеткіштерге жақындап қалды, 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 59,5 миллион автокөлікті құ­рады, бұл небәрі 2 пайызға аз. Сонымен қатар 2019 жылмен салыстырғанда, сатылымдар әлі де 11,1 пайызға төмен. Осылай­ша, АҚШ-та биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, автокөлік саты­лымы – 20,2 пайызға, Жапония­да – 24,5 пайызға, Батыс Еуро­пада бірден 31,9 пайызға азайған. Көршілес Ресейде 2022 жылы сату көлемі 2019 жылмен салыс­тырғанда, 60,1%-ға төмендеген. Қытайда автоөндірістің өзі ғана емес, сонымен қатар оның саты­лымы да оң динамикаға ие болып отыр. Биыл қытайлық дилерлер жаңа автокөліктерді 2019 жыл­дың қаңтар-қыркүйегімен са­лыстырғанда, 6,9 пайызға көбі­рек сатқан. Өз кезегінде, өндіріс көлемінің ұлғаюы мен саты­лымдардағы отандық автокө­ліктердің артуы, сондай-ақ жаңа брендтердің қазақстандық на­рыққа шығуына байланысты Қазақстанда 2019 жылдың көр­сеткіштерімен салыстырғанда, сатылымдар бірден 67,6%-ға өсті. Сарапшылардың айтуынша, бүкіл әлемдегі автомобиль өнер­кәсібіндегі күрделі мәселелер жа­ңа жеңіл автокөліктердің тап­шылығына және сатылым­ның айтарлықтай төмендеуіне әкелді. Мұның бәрі күткендей, тек жаңа көліктердің емес, ескі көлік­тердің де бағасының өсуіне себеп болды. Қазақстанда көлік қымбат па? Energyprom сарапшылары ауқымды зерттеу жүргізіп, Қа­зақ­стандағы және басқа елдер­дегі шығарылған жылы және бір конфигурациядағы жаңа кө­ліктердің құнын салыстырыпты. Қазақстанда танымал маркалы көліктер арзанырақ болып шық­ты. Қазақстандықтардың көңі­лінен шыққан Toyota Corolla көлігін басқа елдерге қарағанда, Қазақстанда сатып алу тиімдірек. Мәселен, қозғалтқыш көлемі 1,6 CVT болатын Comfort пакеті Қазақстанда 26,4 мың долларды, көрші Ресейде 35,7 мың дол­ларды, Арменияда 46,6 мың дол­ларды құрайды. Анықтама үшін: Toyota Corolla 1.5 Vision (мүлдем басқа модель) Түркияда 31,3 мың доллар тұрады. Hyundai Tucson комплектациясының атауы әр елде әртүрлі. Қазақстанда Hyundai Tucson Travel (G2.5 GDI) 31,6 мың доллар тұрса, Ресейде Hyundai Tucson Family 47,9 мың долларға бағаланады. Бұл көлік Беларусь пен Өзбекстанда Style және Luxe брендімен танымал, бағалары 46-53,9 мың доллар арасында. Қазақстанда қытай­лық брендтер басқа елдерге қа­рағанда біршама арзан. Мысалы, Haval Jolion Elite (1.5 2WD) Қа­зақстан дилерлерінде – 32,1 мың доллар, Ресейде 36,8 мың дол­лар. Chery Tiggo 7 PRO (1.5 Turbo) көлігінің Premium комплек­та­циясы Қазақстанда 26,4 мың дол­лар, Ресейде Elite комплекта­циясы – 43,8 мың доллар, Бе­ларусьте 34 мың доллар. Ал Өз­бекстандағы Chery Tiggo 7 PRO-ның Luxury комплекта­циясы 26,9 мың долларды құ­райды» делінген зерттеуде. Шет­елге қа­рағанда Қазақстанда авто­көлікке техникалық қызмет көрсетудің ауыртпалығы да айтарлықтай аз. Жоғарыда атап өткеніміздей, қазақстандықтар үшін авто­кө­лікті пайдалану Еуропа елдері­нің тұрғындарына қарағанда әлдеқайда арзан, мұн­да тек эко­логиялық төлем бар. Мысалы, Ұлыбританияда 10-нан 2 635 фунт стерлингке дейін, Гер­ма­нияда шығарындылардың бір грамы үшін 2 еуроны құрайды. Бұған қоса, елімізде бензиннің құны орташа есеппен литріне 0,46 доллар болса, көрші Ресейде 0,85 доллар, ал АҚШ-та – 1,03 доллар. Жапония мен Оңтүстік Кореяда бензиннің құны 1,16 долларды, жоғарыда аталған Германия мен Ұлыбританияда литріне 1,85 және 1,94 доллар­ды құрайды. Міне, қазір жұрт ойлаған­дай шетелден автокөлік әкелу арзан тұрмайды. Соның әсері­нен болса керек, жаһанда ескі кө­ліктерге сұраныс азаймай отыр. Ал бола­шағы жақсы са­нал­ған электро­мобильдердің сау­дасы жақсы емес. Жыл ба­сында әлемге әйгілі Tesla ком­паниясы да қиындыққа ұшырап жатқаны хабарланды.