Автонарық – қазір елдің назарында тұрған дүние. Ол жайында түрлі көзқарас пен қиыспас пікірлер бар. Соңғы жылдары әлемде автомобиль тапшылығы пайда болды. Бұл өз кезегінде сұраныстың артып, бағаның қымбаттауына соқтырды. Осы күні дүниежүзінің әр түкпірінен автокөлік әкелуге құмартқандардың қарасы көп. Бір ғана себебі – «шетелде автокөлік арзан» деген қауесет. Дегенмен, мұны шындыққа балай аламыз ба? Сараптап көрейік. Грузияның «гаражы» соғылған көлікке толы Онжылдықтың көлемінде елімізде бір үрдіс белең алды. Шетелден көлік тасымалдау ісі жанданды. Негізі, былтыр жұрттың бәрі қозғаған утилалым мәселесінің ушығуына тікелей осы сырттан көлік әкелу себеп болған еді. Берісі Ресей, әрісі Армения мен Грузиядан темір тұлпар тасығандар көп кездесті. Алайда олардың тарихына күмән көп болатын. Неге? Өйткені бұрын «ұрланған ба, әлде соғылған ба немесе қылмысқа қатысы бар ма?» деген сауалдар жауапсыз қалатын. Оны жұрттың көбі VIN нөмірі арқылы тексеруге болатынын соңғы кездері ғана түсінді десек, жаңылмаймыз. Мәселен, Грузия автобазарларында сатылып жатқан көліктердің басым бөлігі АҚШ-тан әкелінеді. Яғни, қатты соғылған, суға түсіп кеткен, мұхиттың арғы жағындағы иесі керексіз санаған көлікті Грузияға әкеліп, жөндеуден өткізіп, саудалайды. Carfax сайтында мұндай көліктердің тарихын тереңінен көруге болады. Бірақ жұртшылық соларды жағдайы жақсы арзан көлік ретінде сатып алады. Иә, кейбір жандар көліктің тарихын біліп тұрса да иеленеді. Өйткені шетелдік көліктерді артық санайтын дағды қалыптасқаны жасырын емес. Әйтпесе, елге жеткізілген соң кеден алымы мен ҚҚС, СБКТС, утилалымы мен алғашқы тіркеуі бар, соңында елден көлік алғанмен тең шығынға батасыз. Өзге елдердегі хал оңып тұрған жоқ Коронавирус пандемиясы бәрінен бұрын автоөндіріс саласын құлдыратты. Одан әлі оңалған да жоқ. Әуелде микрочип тапшылығы қатты байқалса, кейін геосаяси жағдай салдарынан логистикалық тізбек бұзылып, көлік тасымалдау мәселесінде күрделі түйткіл басталды. 2022 жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша, АҚШ-та жеңіл және коммерциялық техника өндірісі 7,4 миллионды құрады, 2021 жылмен салыстырғанда, 11,4 пайызға жоғары. Бірақ 2019 жылдың көрсеткішінен 9 пайызға төмен. Мұндай ахуал автоөндірісі Германия мен Оңтүстік Кореяда да көрініс берген. Ал минусқа қалған елдер қатарында Франция (11,7 пайыз), Ұлыбритания (8 пайыз), Жапония (2,2 пайыз) бар. Бұл елдердің көрсеткіші пандемияға дейінгі 2019 жылы 45,4, 37,5 және 22,7 пайызға құлдыраған. Көршілес Ресейдің халі тіпті қиын, былтыр 9 айда 75,7 пайызға құлдырапты. Дегенмен Energyprom сарапшылары Қазақстандағы жағдайға жақсы баға беріп отыр. «Қазақстанда жеңіл және коммерциялық техника өндірісі сенімді өсім көрсетіп отыр. 2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өндіріс 29,8 пайызға өскен. Ал дағдарысқа дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда, 2,4 есе өсу бар. 2019 жылмен салыстырғанда, автомобиль өндірісі Өзбекстан (23,7 пайыз) және Қытай (8,2 пайыз) елдерінде де өсім көрсетті», – деп жазылған. Ал әлемде жаңа жеңіл автокөліктер мен жеңіл коммерциялық көліктердің сатылымы өткен жылғы көрсеткіштерге жақындап қалды, 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 59,5 миллион автокөлікті құрады, бұл небәрі 2 пайызға аз. Сонымен қатар 2019 жылмен салыстырғанда, сатылымдар әлі де 11,1 пайызға төмен. Осылайша, АҚШ-та биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, автокөлік сатылымы – 20,2 пайызға, Жапонияда – 24,5 пайызға, Батыс Еуропада бірден 31,9 пайызға азайған. Көршілес Ресейде 2022 жылы сату көлемі 2019 жылмен салыстырғанда, 60,1%-ға төмендеген. Қытайда автоөндірістің өзі ғана емес, сонымен қатар оның сатылымы да оң динамикаға ие болып отыр. Биыл қытайлық дилерлер жаңа автокөліктерді 2019 жылдың қаңтар-қыркүйегімен салыстырғанда, 6,9 пайызға көбірек сатқан. Өз кезегінде, өндіріс көлемінің ұлғаюы мен сатылымдардағы отандық автокөліктердің артуы, сондай-ақ жаңа брендтердің қазақстандық нарыққа шығуына байланысты Қазақстанда 2019 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда, сатылымдар бірден 67,6%-ға өсті. Сарапшылардың айтуынша, бүкіл әлемдегі автомобиль өнеркәсібіндегі күрделі мәселелер жаңа жеңіл автокөліктердің тапшылығына және сатылымның айтарлықтай төмендеуіне әкелді. Мұның бәрі күткендей, тек жаңа көліктердің емес, ескі көліктердің де бағасының өсуіне себеп болды. Қазақстанда көлік қымбат па? Energyprom сарапшылары ауқымды зерттеу жүргізіп, Қазақстандағы және басқа елдердегі шығарылған жылы және бір конфигурациядағы жаңа көліктердің құнын салыстырыпты. Қазақстанда танымал маркалы көліктер арзанырақ болып шықты. Қазақстандықтардың көңілінен шыққан Toyota Corolla көлігін басқа елдерге қарағанда, Қазақстанда сатып алу тиімдірек. Мәселен, қозғалтқыш көлемі 1,6 CVT болатын Comfort пакеті Қазақстанда 26,4 мың долларды, көрші Ресейде 35,7 мың долларды, Арменияда 46,6 мың долларды құрайды. Анықтама үшін: Toyota Corolla 1.5 Vision (мүлдем басқа модель) Түркияда 31,3 мың доллар тұрады. Hyundai Tucson комплектациясының атауы әр елде әртүрлі. Қазақстанда Hyundai Tucson Travel (G2.5 GDI) 31,6 мың доллар тұрса, Ресейде Hyundai Tucson Family 47,9 мың долларға бағаланады. Бұл көлік Беларусь пен Өзбекстанда Style және Luxe брендімен танымал, бағалары 46-53,9 мың доллар арасында. Қазақстанда қытайлық брендтер басқа елдерге қарағанда біршама арзан. Мысалы, Haval Jolion Elite (1.5 2WD) Қазақстан дилерлерінде – 32,1 мың доллар, Ресейде 36,8 мың доллар. Chery Tiggo 7 PRO (1.5 Turbo) көлігінің Premium комплектациясы Қазақстанда 26,4 мың доллар, Ресейде Elite комплектациясы – 43,8 мың доллар, Беларусьте 34 мың доллар. Ал Өзбекстандағы Chery Tiggo 7 PRO-ның Luxury комплектациясы 26,9 мың долларды құрайды» делінген зерттеуде. Шетелге қарағанда Қазақстанда автокөлікке техникалық қызмет көрсетудің ауыртпалығы да айтарлықтай аз. Жоғарыда атап өткеніміздей, қазақстандықтар үшін автокөлікті пайдалану Еуропа елдерінің тұрғындарына қарағанда әлдеқайда арзан, мұнда тек экологиялық төлем бар. Мысалы, Ұлыбританияда 10-нан 2 635 фунт стерлингке дейін, Германияда шығарындылардың бір грамы үшін 2 еуроны құрайды. Бұған қоса, елімізде бензиннің құны орташа есеппен литріне 0,46 доллар болса, көрші Ресейде 0,85 доллар, ал АҚШ-та – 1,03 доллар. Жапония мен Оңтүстік Кореяда бензиннің құны 1,16 долларды, жоғарыда аталған Германия мен Ұлыбританияда литріне 1,85 және 1,94 долларды құрайды. Міне, қазір жұрт ойлағандай шетелден автокөлік әкелу арзан тұрмайды. Соның әсерінен болса керек, жаһанда ескі көліктерге сұраныс азаймай отыр. Ал болашағы жақсы саналған электромобильдердің саудасы жақсы емес. Жыл басында әлемге әйгілі Tesla компаниясы да қиындыққа ұшырап жатқаны хабарланды.