Баланың әке-шешесі бір арқа отын арқалап бала әкетілген үйге барады. Киіз үйдің сыртында тұрып, олар: «Біз бір перзентке зар болған пақыр едік, осы үйде бала бар деп естіп келдік», – дейді. Сырттағылардың баланың әке-шешесін екенін үйдегілер біліп отыр ғой, сонда сыр алдырмай: «Біздің үйде бала бар, бала сатылады» деп кім айтты, аулақ жүріңдер» деп дауыс көтереді, осылай айтуға міндетті. «Балаңызды бізге беріңіз» деп келгендер жалынып, жалпаяды. Соңында «жақсы онда баламды сендерге асырауға бердім, баламды қидым», – дейді іштегі жауап қатушы. Сөйтіп, қайтарып алған баланы екі-үш ай өткеннен соң Сатыбалды деп атайды.Мысалы, Ырысалды деген есім бар. Ол үйдің үлкені дегенді білдіреді. «Ырыс-берекенің бастауы, сәбилі болдық» деген мағынамен қойылады. Жылқышы деген ат жылқы көбейе бастағанда дүниеге келген балаға тиесілі. Күзеубай – ауыл күзеуге көшіп келгенде қойылғанын білеміз, Дауылбай дауыл соққан кезде туған бала деген сөз.
« Адамның аты тегінен-тегін және ойға келген сөзден қойыла салмайды. Бір атаулы оқиғаға байланысты немесе ырымға телініп дүниеге келеді. Қазақ адамның есімінде жан бар деп есептейді. Сондай-ақ үлкен атақты адамдардың есімін қоюдан қашады. Абылайдың, Шыңғыс ханның атын қойып жатқандар бұрын некен-саяқ болған. Сол адам дүниеден өткенде тағдырын білетіндер «мынадай атты көтере алмай қалды-ау» деген ой пайда болады», – дейді Досымбек Қатыран.Балаға ат қоюда нені ескерген жөн? Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас сарапшысы, PhD доктор Балабек Сақтағанов, балаға ат қойған кезде оған сай болатын жақсы есім таңдау жолында мұқият ақылдасып, ойластыруды ұсынады. Әрі қазіргі қоғамның барысы да ескерілуі тиіс.
«Өйткені баланың аты басқа адамдардың, достарының тарапынан мазақтауға ыңғайлы болса, ол атының аталуынан қашып, ел назарына ілікпеу үшін үнемі топтан жасырынып жүреді. Көпшілік арасында «менің атым аталып қалмаса екен» деген қорқыныш пайда болады. Фрустрация (мақсатына жете алмаған адам басынан өткеретін уайым, үрей билеген психологиялық күй – авт) туындайды. Мазақтағандарды тыямын, басқаларға жауап қайтарамын деп агрессияға ұрынады. Ныспысы нашар болса, баланың өзін бағалауы төмендеп, қабілетінің ашылуына кері әсер етеді. Міндетті түрде жақсы мағынада, ашық айтылатын, күлкі тудырмайтын, керісінше абыройын асқақтататын есім қоюдың маңызы зор», – дейді Балабек Сақтағанов.Психо-аналитик, психолог Зүбайда Кененбаеваның пікірінше, балаға ат қойғанда ол үйлесімді, әдемі болып шығуы тиіс.
«Себебі ол өмір бойы өзімізге ғана тиесілі. Тегіміз – атамыздың аты, одан қалса әкеміздің аты да бөлек, тіпті жеті атамыздың аты да бізге тек аталық мәні жағынан ғана тиесілі. Сондықтан өзіңе меншікті ныспы оны алып жүретін иесіне ұнауы қажет. Әрі әдемі болуы тиіс. Әке-шешесінің балаға деген махаббатынан туатын сезімді көрсететін ат қойылуы керек», – дейді Зүбайда Кененбаева.Тағы бір тоқтала кететін нәрсе, ұлтымыз сәби шетінеп кете берсе, одан кейін дүниеге келген балаға Төлеу, Өтеу деген ат қояды. Сосын ұл баланы көп күткен отбасы қыз балаларына Ұлболсын, Ұлжалғас, Жаңылсын дегендей есімдер қояды. Психолог осы аттардың да бала психикасына көрінбейтін қаяу салатынын алға тартады.
«Балаға қойылған есім тек оған тиесілі. Сондықтан ол өз өміріне ғана жауапты. Ал ырымдап қойылған ат әке-шешесінің күткен үмітін білдіреді. Ол үміт ақталмаса, орындалмайтын болса, сол жауапкершілікті баланың мойнына артқандай қылып ат қоюдан бас тартқан жөн. Бала ақыл тоқтата келе атын жек көре бастайды, өйткені есім баланың болмысына сай емес. Оны сол күйінде қабылдағанның өзінде әке-шешесінің артқан үміті орындалмаса, бала өзін кінәлі сезініп, өмірге келген мақсаты орындалмағандай еңсесі төмендеп, депрессияға ұшырауы ықтимал. Мұның барлығы жасырын, бейсаналы түрде өтеді. Сондықтан оны түсіну, сезіну оңай емес. Себеп-салдары көбіне адам психолог көмегіне жүгінген кезде ғана анықталады», – дейді Зүбайда Кененбаева.Оның пайымынша, бала өмірге әке-шешесінің бұйырмаған үмітін ақтап, әулетінің мақсатын орындауға келген жоқ. Кейде ата-ананың ниет етіп қойған атындағы үміті ақталып шықса, бала өзін жақсы көріп, өзін жоғары бағалауы мүмкін. Алайда адам өзінің жеке өмірін сүрмей, басқалардың айтқанына жүгінгіш, басқа біреулерге жағу, жақсы көрінуге ұмтылып өтеді. Психоанализ модельдерге жүгіне отырып пікір білдірген Зүбайда Кененбаева өз тәжірибесінде кездескен осындай жағдайды әңгімелеп берді. Оның есінде қалған әйел қатерлі ісік дертімен қатты ауырған екен. Ол қанша емделсе де жазылмаған. Кейін психолог көмегіне жүгінген онколог дәрігер «науқастың иммунитеті жақсы, тұрмысы тәуір, ауруға себеп болатын жайтты көрмегенін» жеткізеді. Олар үшін медицинаға қолжетімді барлық шара жасалса да ем қонбай жатқаны да жұмбақ болып шығады. Психолог әріптестерімен ақылдасып науқасқа көмек көрсетеді. Оның аты Ұлболсын екен. Осындай ат берілген соң отбасында тағы екі қыз дүниеге келген. Содан барып қана ұл туған. Әрі ол тұрмысқа шыққан кезде үш қыз бала дүниеге әкелген. Осы екі жағдайға бейсаналы түрде кінәлі сезінген адамның ағзасы өзін өзі жою жолында жұмыс істей бастаған. Онколог мамандар психологтермен бірлесіп жүргізген жұмыс нәтижесінде пациент сауығып, беті бері қараған. Балаға Жаман мағыналы есім беруден қашқақтау керек Айта кетерлігі, жақын досымның әкесін бүкіл ауыл Бораш деп атайтын. Алайда бұл оның шын аты емес еді. Баласы бізбен оқитындықтан, оның құжаттағы аты бөлек екенін біздер білетінбіз. Кейін ақсақал дүниеден өткенде азан шақырып қойған аты тіптен басқа деп жария етілді. Осы тұста бір адамның 3-4 есімі болғаны мені қатты таңдандырды. Бұл жайтты этнограф Досымбек Қатыран түсіндіріп берді. Оның айтуынша, сәби дүниеге келгенде 3-4 күннен кешіктірмей ат қою керек. Азан шақырылып, ат қаттырақ айтылып, баланың құлағына естіртіледі. Бұл Жаратқан иеге жар салу «өмірге бір адам келді, осындай атты иеленді» деген мәнісі бар.
«Одан кейін қырқынан шыққан соң тіл-көз тимесін, жаманшылық жоламасын деп ырымдап басқа атпен атайды. Мысалы, Абайдың шын аты – Ибраһим, Шоқанның шын аты Мұхамед Қанафия, Мұқағалидың шын аты – Мұхаммедқали. Есейгенде, танымал бола бастағанда басқа көпшілік оған басқа ат таңдап қояды. Мысалы, жекпе-жекке шығып батыр болып танылған Ерасыл атақты Қабанбай батыр атанды. Абылайдың шын аты – Әбілмансұр, түйе бағып жүргендегі аты – Сабалақ. Жекпе-жеке шығып жұртқа танылып, ел билей бастаған кезде Абылай атанды», – дейді этнограф. Ол осы дәстүрден айырылып бара жатырмыз деп қынжылады. «Негізі, адамда 2-3 ат болған өте дұрыс. Бұл үйіндегі еркелеткен аты, ауылдағылар атайтын аты және азан шақырып қойған аты», – дейді Досымбек Қатыран.Ал психолог Зүбайда Кененбаеваның пайымдауынша, баланың еркелетіп ат қоюдың салдары бар екені, екі аты болудың психикаға кері әсерін тигізуі мүмкін екеніне тоқталды. Өйткені баланы үйде еркелеткен аты өзіне жақын әрі әдемі көрінеді. Оның түсінігінде «еркелеткен ат жақсы, құжаттағы аты жаман» деген түсінік пайда болады.
«Екі аты бар бала құжаттағы шын атын жек көріп, үйдегі еркелеткен атты қолданғанды ұнатады. «Жаман атты маған не үшін қойды» деген ой туындауы мүмкін. Бұл біріншіден баланың өзін-өзі бағалауына кесірін тигізеді, екіншіден, бір тұлғаның қосарланып, екі адам секілді өмір сүруіне әкеліп соғады. Мысалы, үйде оны бір атпен атайды, ал мектепте, жұмыс орнында құжаттағы атымен атайды», – дейді Зүбайда Кененбаева.Психологтің жеке тәжірибесінде осындай оқиға кездескен. Бір әйелі өзінің құжаттағы атын қолданудан қашқақтаған. Айналасындағылардан өзі таңдап, ұнатқан атымен атағанды жақсы көрген. Әріптестерінен де соны талап еткен. Кейін жасы қырықтан асқан соң құжатындағы атын өзіне ұнаған есімге ауыстырыпты. Ол: «Құжаттағы атты өзгерткенде ғана өзімді жақсы сезіндім» дейді. Зүбайда Кененбаева баланы кішкентай кезінде ғана еркелетіп атап, бала 3-4 жасқа толып балабақшаға барғанда құжаттағы атымен атай бастаса, ол еркелеткен лақап есімнің маңызды емес екенін түйсінеді деген пікір білдірді. Осы тұста тағы бір тоқтала кететін нәрсе, ұлтымызда баласы шетінеп кете бергенде келесі туған сәбиге тіл-көз тиюден сақтау үшін ырымдап, жамандау мағыналы ат таңдап қояды. Мысалы, Итбай, Көтібар, Жаман, Шоқпыт, Ішпек, Тұтқыш дегендей.
«Бала тоқтамаған жағдайда тіл-көзден сақтасын деп жаман ат қояды. Қызық болғанда ондай ниет қабыл болады. Атамыз болды, әкемнің үлкен ағасы аты Көтбай еді. Шешесі бес-алты құрсақ көтергенімен, бала шетінеп кете берген. Содан ырымдап, жаман ат берген соң ғана бала тоқтапты. Менің әкем үйдегі еркек кіндіктінің төртіншісі. Осылайша, ырымның да орындалатынын көреміз. Қазақ Жетікөт, Боқкөт деп жаман ат қояды. Немесе атауы құлаққа түрпідей болсын деп басқа ұлттардың атын қояды. Костер, Володя деп орыстың атын қойғандарға күлмеу керек, өйткені астарында осындай мән жатыр», – дейді этнограф Досымбек Қатыран.Психологтер керісінше балаға жаман ат-есімді беруден қашқақтау керек деп санайды. Зүбайда Кененбаеваның пайымдауынша, аты жақсы мағыналы болып шықса, ол жеткіншекке түсіндірілсе, бала сол аттың мағынасына сай болып, мақсатына жетуге тырысады. Негізінде, бұл әдейі жасалынбайды. Ол бейсанада жатады.
«Баланың өзіне ұнайтын, беделді санайтын, отбасында не сол әулетте сыйлы адам қоятын болса, онда есім-сой балаға ұнайды. «Менің атымды керемет адам қойған, мағынасы жақсы» деген пікір балада қалыптасады. Баланың өзіндік бағалауы позитив болады. Егер аты жаман мағыналы болса, өскен кезде өзіне ұнамайды. Оны жек көре бастайды. Бала өзін төмен санайды. Сондықтан оны өзгерткен дұрыс та шығар. Өйткені берілген атпен адам бірге өмір сүреді. Сондықтан аты өзіне ұнауы, жақсы әсерін қалдыруы керек», – дейді Зүбайда Кененбаева.Этнограф Досымбек Қатыран осы тұста «қазақтың ырымынан бас тартпайтын жол бар» дейді. Ол ырымдап қойылған жаман мағыналы есімді азан шақырып қана қойып, құжатында тәуір есім жазуды ұсынды. Сәнге айналған есім қоюдың кемшін тұстары бар Ұлттық статистика бюросы былтыр сәбилерге қойылған ең танымал есімдерді жариялады. Жыл бойы дүниеге келген қыздарға Медина, Асылым, ұлдарға Әлихан, Алдияр есімі көп қойылған. Еске түсірсек, бұрнағы жылдары Ерасыл, Нұрасыл, Нұрәлі, Айсұлтан, Әмина, Аружан, Кәусар сынды есімдер көп қойылып келді. Яғни, танымал есімдері бар адамдар балабақша тобы, мектеп сыныбы немесе жұмыс орнындағы ұжым арасында көп болуы мүмкін. Яғни, топ 10-дық, 20-лық есімдер жиі кездесетіндіктен, соны алып жүретін жандарға психологиялық жайсыздық туғызады екен. Адамдар оларды шатастырады немесе шатастырмас үшін кейбіріне кемсітетін лақап ат қосып атай бастайды. Психолог Балабек Сақтағанов аты бірдей екі бала бір топта, сыныпта кездесетін болса олардың бойында өзгерістер тууы мүмкін деген пікірде.
«Біреуінің темпераменті холерик (бұл темперамент өкілі шапшаңдығымен, ұстамсыздығымен, тым қозғалғыштығымен ерекшеленеді) болса өзі аттас адамға қатысты «неге ол менімен бір ортада жүр» деген ішкі өшпенділік пайда болуы ықтимал. Аттас адамды көруді қаламай, одан бөлек жүргісі келеді. Өзімен аттас адамды шатастыру олардың бойындағы алаңдау деңгейін өсіріп жіберуі мүмкін. Меланхолик (бұл темперамент өкілінде психикалық процестер өте баяу жүреді) темпераментіндегі бала бірдей ныспылы екіншісінің өзінен асып кетуінен сақтанады, тәрбиеші, мұғалім тарапынан «сенің аттасың жақсы оқиды, сен неге сондай болмайсың» десе өшпенділік тууы мүмкін. Плегматик (бұл типтің өкілі баяу, байсалды, асықпайды) болса бойы үйреніп, бейімделіп кеткенше біраз қиыншылықты сезеді», – дейді Балабек Сақтағанов.Маманның пікірінше, сангвиниктер (бұл тип өкілі еті тірі, қабілетті, қозғалғыш) ғана мұны қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Шет тілдегі сөздің бәрі әдемі ат болмайды Азиада, Саммит секілді науқанға байланысты қойылған есімдерді көпшілік жатырқай қабылдады. Қазір, сән үшін, ерекше есім іздеп табу үшін ұйғыр, түріктің немесе еуропалықтардың атына еліктеп қою белең алып келеді. Сонымен қатар елімізде мұсылманша есім қою бұрынғыдан көбейіп кетті. Бұл бұрыннан бар үрдіс еді.
«Діндар кісілер ат қойып кейінгілер оның мағынасын білмей жатады. Кәл және Нақу деген ағамыз болған. Бұлар Моңғолиядан Павлодарға көшіп келгенде жергілікті тұрғындардың құлағына жайсыз естілген. Алайда Кәл деген арабша «сөздің құдыреті» дегенді білдіреді, Нақу деген «жазба ережесі, грамматика» деген мағына береді. Мұстафа, Мұхамед, Омар сынды кең тараған есім көп. Алайда діндар адамдар осындай сирек сөздерді қадір тұтып баласына ат қылып қойған. Оның еш оқасы жоқ. Тек ол орыс мәдениетімен байланысқа түскенде ғана тұрпайы естіліп тұр ғой. Бірақ мәдени байланыс салдарынан қазақ осындай ат таңдаудан тартынатын болады», – дейді этнограф Досымбек Қатыран.Этнограф өз теориясын айтады, психологтердің пікірі бұған мүлде кереғар келуі мүмкін. Қазақ бұрыннан ырымшыл халық болған соң ырымдап есім қою дәстүрін жоя алмайтынымыз тағы белгілі. Бірақ қазір көпшілік заманауи есімдерді жиі таңдайтын болған. Кім қандай есімді ұнатса да, ол есім баланың өміріне дұрыс әсер етсе болғаны. «Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады» деп Бердібек Соқпақбаевтың кейіпкері айтқандай, бәрінен де бала атын айтқанда, тілі таңдайына жабыспайтындай, сүйкімді естілгені дұрыс қой.
Жәнібек АМАНГЕЛДІ