Сырды жүрек еткен, шындықты тірек еткен, әсемдік пен әдемілікті әдіптеген Серік Әбдірайымұлының нұрлы да сырлы тұлғасын сипаттау кісілік сөзге тоқтаған көркем дүние тәрізді.
Бүкіл қазақ қоғамының ар-ұяты мен ар-абыройы болған марғасқалар туралы өзі талай мәрте көркемдеп жазып, мөлдірете сұхбат алып, айшықтап айтқанындай, сұлулық мектебінен дәріс алғандай сезіледі. Секеңнің таңдап алған кейіпкерлерімен сұхбаттасуы және оны жазуының стилі тым басқаша, тақырыпқа шығарған серке сөздері мен салмақты сөйлемдері де шөлдегенге айызы қанып ішер тұнба бұлақтың қайнар көзін ашқандай-ау, тап солай болған.
Қазақ журналистерінің ХХ ғасырдың 60-жылдарындағы адуынды толқын – жаңа буынында сергек ойлы, сөз өнеріне таңғы шықтай Серік Әбдірайымұлының қолтаңбасы көркем очерктің өзін көркем әдеби шығармаға бергісіз етіп жазуымен көзге түскен. Сөйтіп, кірпияз талай әріптесін жалт қаратқаны, сөйтіп бірінші курс студентінің көлемді дүниесі республикалық жастар басылымына жиі-жиі жариялануы сол уақыт өлшемімен алып қарағанда бозөрім-балаң жігітке құт дарып, бақ қонғанмен бірдей еді.
Сол қимас шақтан басталған шығармашылық жол мен жұрт кәдесіне жараған жампоз азаматтың өмірі қиялдан қанат байлаған, биікке самғаған.
Дәл осы кезде біздің алдымызда көрнекті публицист- журналистің 2008 жылы «Самғау» деген атпен жарық көрген кітабы жатыр. Жүрек көзіндей болған бұл туындысы түгелдей сұхбат-толғаныстардан құралған. Сырласуы мен шер тарқатуы бағзы заман үрдісіне ұқсас, қазақтың ең ардақты, маңдайы кереқарыс, ең аяулы, ең мықты деген асыл ұл-қыздарын жай сауал емес, заманның сұрапыл және кейінгі ұрпаққа керекті, қазақ баласына қажетті, қоғам зәрулігін туғызған ой-сауалдарымен жетелейді. Ұлт биігінде болған жақсылардың жүрек сөздерін риясыз айтқызады.
Алдыңнан жайдарлы қалпында күлімсіреп шығып, мейірімді, жұмсақ жүзінен шуақ шашып, кездесетін осы адам тек сағыныштан жаратылған жан секілді. Бұл біздің жалқы пікіріміз емес, көпшіліктің ұққаны немесе көріп, жалпы ой түйгені.
Сөз басы, ортасы, ой толғаныстарының шарықтауы да сағынышқа толы екенін кез келген эссе-әңгімесінен оқуға болады. Міне...
«Кіндік қаның тамған туған жеріңнен киелі, сені мәпелеп өсірген еліңнен қасиетті, ауылыңның атын аңызға айналдырғандай жер-жаhанға мәшhүр еткен ерлеріңнен асқан кім бар? Мақтан ете бергіміз келетіні содан-ау, әсте.
Содан деймін-ау...Шүкір, аузы дуалы, сөзі уәлі баба батасы дарыған дарқан елден кімдер шықты дейсіздер ғой?» деп тебірене толғап, төгілтіп, термелеп жазған, енді керемет кестелеп жазып кеткен көрнекті публицист, қазақ журналистикасының жүйрігі Серік Әбдірайымұлының кесек, кескін бейнесі мен сұлулықтан жаратылған көңіл күйі жадыда жаңғырып тұр ма екен деген ой келеді кейде.
Кіл жүзден-жүйрік, мыңнан тұлпар. Өткен ғасырдың 60-жылдары бір ғана «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінен қанаттанып, шыңдалып, жүйрік шыққандарын талант деп таныды, тұлпар боп топты жарғанын тұлға тұтты. Сондай талантты, шұғылалы шоғыр Ә.Кекілбайұлы, О.Бөкей, Ф.Оңғарсынова, М.Шаханов, А.Сейдімбек, К.Ахметбеков, О.Сәрсенбаев, К.Сегізбай, Ә.Сарай, Қ.Құрманғалиұлы секілді көптеген үздік үзеңгілесімен бірге жасындай жарқыраған Серік Әбдірайымұлының да өз орны бар. Қаламгерлік саналы өмірінде жан сүйсінерлік қолтаңбасы мен кісілік қарекеттері қоғамда қанық және ұлттық руханиятта өшпестей із қалдырғаны анық.
Жұлдызды жігіттердің серкесі Серік Әбдірайымұлының әлемі мен кеңістігі қайырымды жүрекпен, жеке басының адамдарды ұшырасқан сәттен-ақ соншама жылылық, соншама мейіріммен құшағына алатын қасиеттерімен шуақтандырып жіберетін ерекшеліктерімен ешкімге ұқсай бермейтін дегдар жан еді. Адамдарды жанындай жақсы көретін жүрегі неден жаратылды екен сонда?! Мұндай сауал осы кісіге қарап қана қойылатынына мың мәрте куә болған жандардың ақ сөйлейтіні анық.
Ізгілікпен атын мәңгілік қылатын жолды таңдап алуында, соған сай өмір сүруі сірә, оңай ма?
Аса ардақты, ерен қадірлі ерлер аға делініп, ұлт тірегі-ірілерге іні бола алған Серік қайраткердің өзінен кішілерге мінсіз аға бола алған өнегесін бір дәурен-дәуірдің қайталана бермейтін құбылысы деуге де қисынды болып тұр.
Адалына келсек, биязылығы мен маңғаздығы өнер сұлулығындай сезілетін сымбатты, сұңғақтың көркемі Серік Әбдірайымұлының мықты қаламгерлігі мен қоғамдағы айрықша таланты көкөрім кезіне де тән болғанымен, шырқау мен самғауы, оның адамгершілік тұжырымы ұлт пен тарихқа керекті бір оқиғалы сағатта тіптен айрықша болғаны рас. Бұл –мойындалған шындық.
Ызғарлы 1986 жылы желтоқсан айында қазақ елі тарихында қандай дүрбелең болғаны, үстемдік саясатының сойқаны тұтас бір ұлттың ар-намысын таптап, жанын аяусыз жаралағаны баршаға мәлім. Қазақ жастарының империялық зорлық-зомбылыққа қарсы көтерілісі дүниежүзін дүр сілкіндірді. Сол күндері Қазақстанды ширек ғасыр абыройлы басқарған Дінмұхамед Қонаевтай арда туған дана адамды, халық шексіз сүйген ұлы тұлғаны да шеттетіп, үстіне небір пәле-жаланы үйіп, төгуге жанталасқандар аз болған жоқ. Билікте де, басқа да...Қорқыныш пен үрей туғызған.
Алайда адал адамға, үлкен кісіге кір жұқпады.
Сондай қиын-қыстау, алапатты, мұз құрсаулы күндері талай жақын жүрген пенделер көлеңке іздеп кеткенде Серік ағамыз періште көңілінің қалауымен, текті пайымының жетектеуімен және батыл жүрек қуатымен мың-миллион көз тіккен кісі Димекеңнің, Дінмұхамед Қонаевтың Алматыдағы құтты үйіне қарай жол тартқан. Сөйтіп, қолы да, жүрегі де таза, дей тұрғанымен сол өткінші уақытта ауыр жағдайдан қамкөңіл Димекеңдей бар қазақтың қадірлісінің жалғыз қалуы еш мүмкін емес еді. Бірақ ...Асыл адамның жанынан інілік ізгілікпен, қаламгерлік адалдықпен, бауырластық ұғыммен ұғынып, табылған қазақтың бірегейі ер Секең еді. Көкірегі таңғажайып шежіре, ұмытылмас оқиғаға толы жады, тарихи кезеңдердің тірі куәсі, бір ғасырда қайта тумайтын керемет адамның рухани қазынасын қастерлеп, қадірлеудің тарихи мүмкіндігін Секеңдей сергек, жүйрік, салиқалы, саясаттың қыр-сырын тереңінен түсінетін, шығармашылық таланты мен журналистік алғырлығы жарық әлем кеңістігіне толайым алып шығатыны анық еді. Елу жыл билікте болып, оның ішінде ширек ғасыр нөмірі бірінші басшы тағында отырған ақылман кісінің дәл осы талантты, тәжірибелі журналистке сенім білдіріп, құлай беріліп, жан сырын қағазға түсірткені ешбір кездейсоқтық емес. Талант пен талғамның тоғысы қоғамды тосырқатқан жоқ. Сырласу мен әңгімелесудің ұзақ жолы мен жазылар кітаптың алтын кілтін демде таба алуда рухани түсіністік, пейілдерінен самал жел ескен жандардың парасатты мінездері шешуші қызмет атқара алды деп ойлаймыз. Мемуарлық шығарманың шоқтығы сөзсіз биік болатынын осыдан кейін сезуге де болатын еді.
Туған халқының дана перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың «Өтті дәурен осылай» деп аталатын кітабы қоғамда үлкен қозғау туғызған әдеби-мәдени жаңалық болып тарады. Адамдар оны іздеп жүріп оқыды. Алып жүректі ұлы қайраткердің «Ақиқаттан аттауға болмайды» кітабының да әдеби нұсқасын Секең аса бір толғаныспен, ойлы тараулармен, байсалды мазмұнмен көркемдеді. Бұл туындылар шын мәнінде ел мен мемлекет өмірінде тарихи олжа болды. Сондай-ақ еңбегі адал журналист жоғарыдағы туындыларымен қатар Д.Қонаев туралы «Елу жыл ел ағасы», «Личность» жинақтарының авторы болды.
Бұл кітаптардың қазақ мәдениетінде қаншалықты қажет, қаншалықты бағалы болса, сол деңгейде жазушының рухани мәні үлкен туындылардың өмірге келуіне қосқан үлесін де тиісінше бағалау қоғам үшін әділдік болады.
Әлбетте, бұл еңбектерде шығармашылық ізденістер мен құймақұлақ тыңдаушылық, алғыр сезімталдық пен азаматтық көзқарастардың орнықтылығы, редакторлық қағылездік пен саяси сауаттылық, дәлелді дәйектер мен логикалық ойлау иірімдерін ұштауды ұдайы есте ұстау, жалпы мазмұндық сипаттамасының көркемдік жоғары деңгейден көрінуі заңдылық еді.
Өз тағдырында өшпес із қалдырған жағдайды әркім де жиі еске алып, оның ұрпақтар тәрбиесіндегі алар орнына терең мән беріп жатады. Тағдыр жауапкершілігіне де жүк артып, маңдайына бұйыртқан Д. Қонаевтың тарихи тағылымдары жайында Секеңнің ой-толғаныстары ғажап болатын. Көксеңгір тұлғаның бойындағы ерік-жігер мен табиғи болмысын танып, білуінде шексіз, шетсіз сүйіспеншілік қалыптасты.
Журналист-публицистің бақыты да осы шығар, елдің заңғар тұлғасы, әр сөзі мен ісі тарихқа айналған адаммен жақын сырлас болу арқылы құнды дүниелерді жарыққа шығару және оны жұрттың қолына тигізу.
Мейірімі ағыл-тегіл Димекең де ізетті інісін ерекше сыйлап өткен екен, оның қаламгерлік ерен еңбегіне сай халықтық дәстүрмен сый-сияпат жасамақшы болған деседі. Бірақ Серік ағамыз ондай сыйлық атаулыдан әлденеше рет бас тартады. «Сізбен бірге бетпе-бет әңгімелесіп, жүзбе-жүз дидарласуым, байтақ ел ішін бірге аралаған әр күнімді мың күнге бағалаймын, Димаш Ахметұлы, менің ең қымбат, бақытты, нұрлы күндерім де, ғұмырлық сыйлығым да осы» дейді.
Сәл сабыр етіңіз, дүлдүл журналистің бұл ерекше тарихи кезеңге дейінгі, әу бастапқы жолы қалай еді? Қасиетті Әулиеатаның солтүстік аумағын алып жатқан Талас өңірінің байлығы мен берекесінің бойтұмарына айналған Үшарал ауылында кіндік қаны тамған, ата-бабаларының атақонысында өсіп, ержеткен түлектердің қай-қайсысы болмасын оқу іздеп, қиялға қанат бітірген.
Айтайық, бақ қонып, Қыдыр дарыған Талас өзенінің сағасында өсіп, сулы да нулы өлкеде өмір сүріп, ата қоныста мүбәрак тәрбие алған адамның елеусіз қалуы мүмкін емес еді. Қалың жұрт ішінде тай мінген бала келешекте тұлпар мініп, тізгін ұстайтындай сенімге баулыған киелі ортаны қайда қоярсың. Жазба тарихтан белгілі Тоқберген мен Сапақтай билер, Ханқожа мен Төреқожадай шешендік өнердің небір дүлдүлдері, қайым айтыстың бастауында тұрған Ұлбике Жанкелдіқызы мен Жаңылдық апаларымыздай төкпе жыршылар мен ақындардың алтын босағасында өркен жайған ұрпақ өрелі болмағанда, өнерлі болмағанда қандай болмақ?! Қазақ даласында ХХ ғасырдың басында, 1900 жылы алғаш салынған зәулім мешіт осы Үшарал ауылында болғанын, ол мұсылман елдері әлемінде тарихқа енгенін тілге тиек етсек, сол имандылық рухын жастайынан сезініп өскен Секеңнің бітім-болмысы қандай тұрғыда қатаюы мүмкін дерсің?! Әулиеатаға даңқы жайылған көрнекті педагог, байырғы Үшарал ( қазір Алтын жұлдызды Еңбек ері Әбдір Сағынтаев атындағы) орта мектебінің директоры қызметін ұзақ жыл абыройлы атқарған Ермек Дүрімбетовтің естелік кітабында: «Сонау 50-жылдардың ортасына қарай төл тумаларымызбен қатар классикалық әдебиетке құмартқан оқушыларымыз Сейітқазы Досымов пен Серік Әбдірайымовтың балалық ұшқындарынан-ақ олардың келешегінен жазушының өзі мен сөзін көргендей едік, ал ақындар ауылынан Өкім Жайлауовтай ініміз бен Күләш Ахметова деген талантты оқушыларымыздың тырнақалды әңгіме, мақала, өлең-жырларын республикалық, облыстық газет-журналдардан оқып, мақтаныш еттік, кейін бәрі де үмітті ақтап, еліміздің айтулы қаламгерлері атанды» деп жазады.
Үміт отын жаққан Үшаралдың үш бірдей түлегі Сейітқазы Досымов, Кәрібай Ахметбеков және Серік Әбдірайымұлының республикалық «Лениншіл жас» газетінде қатар қызмет істеп, одан әрі әдебиет әлемінің танымал өкілі болуы бір керемет әсер қалдырады және осы үш ауылдас-ағайындарының жолын қуып, поэзиялық көркем шығармаларымен даңқы шыққан Күләш Ахметованың туындылары бүгінде ұлттық қазынаға айналған жоқ па?! Оннан астам жыр жинағының авторы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақты ардақты ақын қызының туған ел туралы қанатты өлең-жырларын Серік ағам қаншама рет тамсанып, эссе-әңгімелеріне тұмар ғып тағуы да дара талантқа және тілеулес қарындасқа деген құрметі болса керек.
Парасатты прозаик, сырбаз суреткер соноу 60-жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсе салысымен «Лениншіл жас» газетіне көлемді очерктері жарияланып, содан ары қарай дипломдық жұмысында басқалай емес, иә, өзінің жарияланған мақалаларын негізге алып, яғни өз шығармашылығын арқау етеді. Жанр, стиль, журналистік зерттеу ерекшеліктерін талдап, алдын ала бекіткен «қызықты» тақырыбы бойынша сәтті қорғап шыққанда оқымысты ғалымдардың таңғалмағаны жоқ. Бұл әрі ғылыми жетекшісі-әйгілі профессор Темірғали Нұртазин мен рецензенті Бекен Әбдіразақов, ішкі рецензенті, доцент Әбілфайыз Ыдырысов пікірін білдіріп тұрған тұста, журфактың деканы Тауман Амандосов «Журналистиканы шеттетіп-ақ келеміз. Ғылымға да маңайлатпаймыз, көркемдік әлемге де қоңсы қондырмаймыз. Бірақ өмір туралы, заман жайлы, қоғам хақында дер кезінде толғап, жан-жақты сыр-сипатын ашып, ең зәру мәселесін алға тартқан кім? Осы журналистер. Бүгін соның бір дәлелі алдарыңыздағы диплом жұмысы», – дейді. Бұл сенсация еді. Студенттің сонау 1968 жылы өзінің шығармашылығынан ғылыми еңбек жазып шығу, тіпті тосын, кісі таңғаларлық оқиға. Өте сирек, журналистиканың ғылыми тұрғыда батыл бір қадамы болатын. «Мұндай да болады екен-ау» дегізген мына жағдайдан соң алдағы өміріне де жол ашатын сенім туындамай тұра ма?! Сабақ үлгерімінен қылау жоқ, білімпаз студенттің ертеңгі күні әлі талай ерен тірліктерімен тамсандыруы кәдік еді.
Журналистиканың қызығы әдетте студенттік өмірден басталады. Таңырқату, сүйсіндіру, тосын жаңалықтарды жарқ еткізу, таланттың жолын ашу секілді мағыналы сәттер мерейін тасытып, мәртебесін көтереді. Ал енді бар-жоғы екінші курста оқып жүргенінде оны аты дардай, талабы таудай КСРО Журналистер одағына мүше етіп қабылдау қатарластары үшін ғана емес, мүйізі қарағайдай журналистер арасында абыройы асқан дүние болатын. Ұсыныс жасаған журналистер даярлайтын факультет деканы, ірі оқымысты Тауман Амандосов болса, сенім кепілі оның «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетте жарияланған сүбелі, қоғамдық көкейкесті тақырыптарда жазған шығармашылық туындылары еді.
Журналист – қасиетті қалам иесі. Халықтың көзі. Оған әділ сөзін айтатын, ақ сөйлейтін ойлы, талантты жастар ие болу керек.
Содан тағы бірде қазақ спорт журналистикасының атасы Сейдахмет Бердіқұловтың ұсынысымен аңызы мен ақиқаты жер жарған, атақты мәскеулік футболшы Виктор Понедельникпен «Мен «Қайратқа» доп соққан емен» деген сұхбатын газеттің бір бетіне жариялайды. Бүркеншік атын да қоймайды. Мұндай редакциялық мақала іспеттес дүние де қызықты. «Сол бір ғажап мақаланың шын авторы Серік Әбдірайымұлы деген жас пері дегенге тірі жан сенбейді, бүгін таң атпай құттықтауға қарқ болып қалдым» деп Сейдағаң ұжым мүшелері ортасында риза болады да ізбасар шәкіртінің одан әрі жеке, еркін сілтеуіне жол ашады.
«Содан кейін мақалаларым мен шығармаларымды бүркеншік атпен жазған емеспін» деп Секең де сырлы ой айтады. – Үздік мақаланың авторының кім екенін білуге құмар жандар редакцияға да арнайы келіп жатқаны бір дәурен еді.
Одан сәл ертеректе оның қолтаңбасы құнан жалды шағында айқындалып үлгіргендей болған. Бірінші және екінші курста оқып жүргенінде жиі жарық көрген репортаж, суреттеме мақалаларын былай қойғанда, «Армандастар», «Боз кілемде» деген бетпе-бет очерктері шыққан жігіттің аяқалысынан көп сыр түйген Тельман Жанұзақов пен Қалдарбек Найманбаевтай танымал суреткерлердің ұсынысымен, газет редакторы Шерхан Мұртазаның бұйрығымен «Лениншіл жасқа» қызметке қабылданады. Үшінші курс студенті үшін бұл өміріндегі ең ірі бетбұрыс еді. Былайғы тағдырының тұғырына-алтын діңгегіне айналды. Ең көп оқылатын газеттің ыстық-суығын бірдей көріп, он бір жыл бедерінде әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі және жауапты хатшысы болды. Осы тарихи басылымда Шераға жазғанындай, қазақтың кілең «сен тұр, мен атайын» таланттар шоғыры кезең-кезеңімен қалыптасты. Журналистикада осындай сұлу да көркем жазатындар, шынайы өнерді сүйетіндер болмағанда қоғамнан да, ұстаздар әулетінен де ұят болатындай еді-ау деген ой келеді.
Иә, көп жыл «Лениншіл жас» газетінде, одан кейін «Жалын» баспасының бас редакторы, «Өнер» баспасын ұйымдастырушы және бас редакторы қызметтерінде және 1990 жылдан өмірінің соңына дейін «Санат» баспасының директоры болған кездерінде шығармашылық жұмыстан бір сәт те қол үзген емес.
Жан дүниесі шуақты, сұлу мінез, сұлу білім иесінің көп жыл бедерінде әуеліде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінде тәлімгерліктен сабақ беруі, одан соң баспа ісінде оқытушы болып қызмет етуі жас шәкірттер үшін жемісті болғаны анық. Себебі шығармашылық өнердің қайнаған ортасында шыңдалып, өзі де асыл ұстаздардың ұлағатымен өскен парасатты азаматтан, айтары мен үйретері көп зиялы тұлғадан дәріс алған жастарда қандай арман бар?! Шәкірттері болса, жүзінен иман төгіліп, мейірімі мәуелеген ұстаздарын әрдайым мақтан етеді.
... 2009 жылы 22 шілде күні қазақтың белгілі оқымыстысы, академик, Алматы технологиялық университетінің ректоры Құралбек Құлажанов ағама ілесіп, екеуміз Секеңнің Алматыдағы пәтеріне бардық. Тоғыз қабатты байырғы өкіметтің үйінде үш бөлмелі пәтерде осындай аты да, заты да дүрілдеп тұрған кісі ел қатарлы тұрмыс кешкені біреулерге таңданыс тудыруы мүмкін еді. Солай болғаны да рас. Жаратылысынан сырбаз, мейлінше таза, ақ жүрек жан соншалықты сүйкімді абырой-беделін пұлдайтындар санатынан емес еді. Бұл кезде қаламгер ағаның аздап сырқаттанып жүргенін сырттай еститінбіз. Теректей биік, сымбат денелі, көркем жүзді адам төсек тартып жатып қалған екен. Солай болғанымен, өзіне тән жарқын үнімен «Құралжан, келдің бе! Жаным, қалайсың?» деп қолдарын ақырын-ақырын созып, аққұба жүзіне қан жүгіріп, күлімсірей қарсы алды.
Балдан тәтті балалық және жастық шағын бірге өткізген, ауылдас, ағайындас екі құрдас, сыралғы достар хал-ахуал сұрасып қуанып жатты. «Халім жаман емес, Шүкір. Өмір ғой. Арман көп. Есіңде ме, Талас аймағында екеуміздің бәйге аттарына жарыса шауып, жүлде алған жылдарымыз. Сол күндерді ұмытамыз ба? Дегенде, әсіресе сенің ақ боз жүйрігіңнің құстай ұшып бәйгеден келетінін бір әдемілеп жазсам ба деп едім. Еh, шіркін!..» деп қалды. Беймарал күй кешті бір сәт. Құралбек аға да досына демеу білдіріп, бар қажетті көмегін аямайтынын айтып жатты.
Үйден шығар кезде асыл жеңгемізге «Самғау» кітабын алдыртты да «Сендерге осы жаңа кітабымды сыйлаймын. Жазып беруім керек еді...Ренжімеңдер, көңіл автографын қалдырды деп түсінерсіңдер, осыдан төсекке таңылмай орнымнан тұрсам, ойдағыны орындаймын, – деп күш-қуат алғандай әсер байқатты. – Ей, дүние, деуші еді «Өмір – қас-қағым сәт, жол шегін кім білген...»
Өмір өткінші...
Содан бері «Біздің Секең тәрізді қоғамға пайдасы зор адал-зиялы адамдар аз-ау!» дейтін ел-жұртының пейілі мен көңілі бір сәт те бәсеңсіген жоқ. Қоғамдық жұмыстардан да сырт қалмаған мәдени қайраткердің қалың ел ортасындағы абырой-беделі де көзге оттай басылып, дараланып тұратын. Сөйлесе, Секең сөйлесін! деген түсінік пен жұрт қалауына сеп пен серт сенімді еді.
Арманы да көп еді абзал ағамыздың.
Ал біздің көңіл түкпірімізде жап-жас шағында спорт тақырыбында жазған дүниелерімен сүйсіндірген Серік ағамыздың сол журналистік бағытын неге жалғастырмады екен, солай болғанда қазақ спорт әдебиетінде талай-талай олжа салады еді-ау дейміз ғой. Сол уақыттарда атақты боксшы Әбдісалан Нұрмаханов пен әйгілі палуан Әбілсейіт Айханов туралы повесть жазып, көңілі көк дөненше жүйіткіген қаламгер, «Білім және еңбек» журналының редакторы Қалдарбек Найманбаевтың өзі Серік Әбдірайымұлының естігені болмаса, өмірінде көрмеген автомотоспорт жайында «Жанкештілер ғана тәуекел етеді» деген сұхбат-мақаласын оқып «Дүниені дүр сілкінткен француз Ольэн Простың өзі оқыса да таңдай қағар еді» деп мәртебесін көтерген бағасы да бекер емес еді. Мүмкіндігі бұдан да бетер талай дүниенің алтын кілтін табуға да, жазуға да жетіп, артылатын.
Мұны естеліктер елінен қайта оралтып отырғанымыз, сол замандағы маңғаз, жанашыр тұлғалардың бір-бірін танып, талантты сыйлай біле алғанын, олардың қоғамға, өз кәсібін адал атқаруды басты мақсат санап, елдік ой-сананы қалыптастыру жолында еш аянбай тер төккенін айту еді.
Сондай бір талантты шоғырдан жарқ етіп шыққан журналист-жазушы Серік Әбдірайымұлының кісілігі мен шығармашылық ісінің ізгілігін ірі тұлғалар да, ірілердің інілері де, озық ойлы замандастары да адалынан айтқан. Жадыда олардың әр сөзі мен жылы лебізі жақсылықтың сәулесіндей жан жадыратады. Сағынышпен ойға оралады.
Біз сөз етіп отырған қаламгер және қайраткер ағамыздың өзі де тап осындай салиқалы, мемлекетшіл тұлға еді. Текті. Парызы мен қарызына адал жан болатын. Сегіз қырлы, бір сырлы. Өткен шақта айтсақ та, ол өзі өмір сүрген дәуірдің өрелі биігінде танылған ел серкесі болатын. Ел есінде сақталған.
Биыл сексен жасқа толатын кезі еді... Халық «Жақсының аты өшпейді» деп осындайда айтса керек. Жақсылар мен жайсаңдардың жүрек көзіндей болған жан сыры да, тасқа басылған рухани мұрасы да жаңғырып тұрса керек.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Парламент Мәжілісінің депутаты