Сырды жүрек еткен, шындықты тірек еткен, әсемдік пен әдемілікті әдіптеген Серік Әбдірайымұлының нұрлы да сырлы тұлғасын сипаттау кісілік сөзге тоқтаған көркем дүние тәрізді.
Бүкіл қазақ қоғамының ар-ұяты мен ар-абыройы болған марғасқалар туралы өзі талай мәрте көркемдеп жазып, мөлдірете сұхбат алып, айшықтап айтқанындай, сұлулық мектебінен дәріс алғандай сезіледі. Секеңнің таңдап алған кейіпкерлерімен сұхбаттасуы және оны жазуының стилі тым басқаша, тақырыпқа шығарған серке сөздері мен салмақты сөйлемдері де шөлдегенге айызы қанып ішер тұнба бұлақтың қайнар көзін ашқандай-ау, тап солай болған.
Қазақ журналистерінің ХХ ғасырдың 60-жылдарындағы адуынды толқын – жаңа буынында сергек ойлы, сөз өнеріне таңғы шықтай Серік Әбдірайымұлының қолтаңбасы көркем очерктің өзін көркем әдеби шығармаға бергісіз етіп жазуымен көзге түскен. Сөйтіп, кірпияз талай әріптесін жалт қаратқаны, сөйтіп бірінші курс студентінің көлемді дүниесі республикалық жастар басылымына жиі-жиі жариялануы сол уақыт өлшемімен алып қарағанда бозөрім-балаң жігітке құт дарып, бақ қонғанмен бірдей еді.
Сол қимас шақтан басталған шығармашылық жол мен жұрт кәдесіне жараған жампоз азаматтың өмірі қиялдан қанат байлаған, биікке самғаған.
Дәл осы кезде біздің алдымызда көрнекті публицист- журналистің 2008 жылы «Самғау» деген атпен жарық көрген кітабы жатыр. Жүрек көзіндей болған бұл туындысы түгелдей сұхбат-толғаныстардан құралған. Сырласуы мен шер тарқатуы бағзы заман үрдісіне ұқсас, қазақтың ең ардақты, маңдайы кереқарыс, ең аяулы, ең мықты деген асыл ұл-қыздарын жай сауал емес, заманның сұрапыл және кейінгі ұрпаққа керекті, қазақ баласына қажетті, қоғам зәрулігін туғызған ой-сауалдарымен жетелейді. Ұлт биігінде болған жақсылардың жүрек сөздерін риясыз айтқызады.
Алдыңнан жайдарлы қалпында күлімсіреп шығып, мейірімді, жұмсақ жүзінен шуақ шашып, кездесетін осы адам тек сағыныштан жаратылған жан секілді. Бұл біздің жалқы пікіріміз емес, көпшіліктің ұққаны немесе көріп, жалпы ой түйгені.
Сөз басы, ортасы, ой толғаныстарының шарықтауы да сағынышқа толы екенін кез келген эссе-әңгімесінен оқуға болады. Міне...
«Кіндік қаның тамған туған жеріңнен киелі, сені мәпелеп өсірген еліңнен қасиетті, ауылыңның атын аңызға айналдырғандай жер-жаhанға мәшhүр еткен ерлеріңнен асқан кім бар? Мақтан ете бергіміз келетіні содан-ау, әсте.
Содан деймін-ау...Шүкір, аузы дуалы, сөзі уәлі баба батасы дарыған дарқан елден кімдер шықты дейсіздер ғой?» деп тебірене толғап, төгілтіп, термелеп жазған, енді керемет кестелеп жазып кеткен көрнекті публицист, қазақ журналистикасының жүйрігі Серік Әбдірайымұлының кесек, кескін бейнесі мен сұлулықтан жаратылған көңіл күйі жадыда жаңғырып тұр ма екен деген ой келеді кейде.
Кіл жүзден-жүйрік, мыңнан тұлпар. Өткен ғасырдың 60-жылдары бір ғана «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінен қанаттанып, шыңдалып, жүйрік шыққандарын талант деп таныды, тұлпар боп топты жарғанын тұлға тұтты. Сондай талантты, шұғылалы шоғыр Ә.Кекілбайұлы, О.Бөкей, Ф.Оңғарсынова, М.Шаханов, А.Сейдімбек, К.Ахметбеков, О.Сәрсенбаев, К.Сегізбай, Ә.Сарай, Қ.Құрманғалиұлы секілді көптеген үздік үзеңгілесімен бірге жасындай жарқыраған Серік Әбдірайымұлының да өз орны бар. Қаламгерлік саналы өмірінде жан сүйсінерлік қолтаңбасы мен кісілік қарекеттері қоғамда қанық және ұлттық руханиятта өшпестей із қалдырғаны анық.
Жұлдызды жігіттердің серкесі Серік Әбдірайымұлының әлемі мен кеңістігі қайырымды жүрекпен, жеке басының адамдарды ұшырасқан сәттен-ақ соншама жылылық, соншама мейіріммен құшағына алатын қасиеттерімен шуақтандырып жіберетін ерекшеліктерімен ешкімге ұқсай бермейтін дегдар жан еді. Адамдарды жанындай жақсы көретін жүрегі неден жаратылды екен сонда?! Мұндай сауал осы кісіге қарап қана қойылатынына мың мәрте куә болған жандардың ақ сөйлейтіні анық.
Ізгілікпен атын мәңгілік қылатын жолды таңдап алуында, соған сай өмір сүруі сірә, оңай ма?
Аса ардақты, ерен қадірлі ерлер аға делініп, ұлт тірегі-ірілерге іні бола алған Серік қайраткердің өзінен кішілерге мінсіз аға бола алған өнегесін бір дәурен-дәуірдің қайталана бермейтін құбылысы деуге де қисынды болып тұр.
Адалына келсек, биязылығы мен маңғаздығы өнер сұлулығындай сезілетін сымбатты, сұңғақтың көркемі Серік Әбдірайымұлының мықты қаламгерлігі мен қоғамдағы айрықша таланты көкөрім кезіне де тән болғанымен, шырқау мен самғауы, оның адамгершілік тұжырымы ұлт пен тарихқа керекті бір оқиғалы сағатта тіптен айрықша болғаны рас. Бұл –мойындалған шындық.
Ызғарлы 1986 жылы желтоқсан айында қазақ елі тарихында қандай дүрбелең болғаны, үстемдік саясатының сойқаны тұтас бір ұлттың ар-намысын таптап, жанын аяусыз жаралағаны баршаға мәлім. Қазақ жастарының империялық зорлық-зомбылыққа қарсы көтерілісі дүниежүзін дүр сілкіндірді. Сол күндері Қазақстанды ширек ғасыр абыройлы басқарған Дінмұхамед Қонаевтай арда туған дана адамды, халық шексіз сүйген ұлы тұлғаны да шеттетіп, үстіне небір пәле-жаланы үйіп, төгуге жанталасқандар аз болған жоқ. Билікте де, басқа да...Қорқыныш пен үрей туғызған.
Алайда адал адамға, үлкен кісіге кір жұқпады.
Сондай қиын-қыстау, алапатты, мұз құрсаулы күндері талай жақын жүрген пенделер көлеңке іздеп кеткенде Серік ағамыз періште көңілінің қалауымен, текті пайымының жетектеуімен және батыл жүрек қуатымен мың-миллион көз тіккен кісі Димекеңнің, Дінмұхамед Қонаевтың Алматыдағы құтты үйіне қарай жол тартқан. Сөйтіп, қолы да, жүрегі де таза, дей тұрғанымен сол өткінші уақытта ауыр жағдайдан қамкөңіл Димекеңдей бар қазақтың қадірлісінің жалғыз қалуы еш мүмкін емес еді. Бірақ ...Асыл адамның жанынан інілік ізгілікпен, қаламгерлік адалдықпен, бауырластық ұғыммен ұғынып, табылған қазақтың бірегейі ер Секең еді. Көкірегі таңғажайып шежіре, ұмытылмас оқиғаға толы жады, тарихи кезеңдердің тірі куәсі, бір ғасырда қайта тумайтын керемет адамның рухани қазынасын қастерлеп, қадірлеудің тарихи мүмкіндігін Секеңдей сергек, жүйрік, салиқалы, саясаттың қыр-сырын тереңінен түсінетін, шығармашылық таланты мен журналистік алғырлығы жарық әлем кеңістігіне толайым алып шығатыны анық еді. Елу жыл билікте болып, оның ішінде ширек ғасыр нөмірі бірінші басшы тағында отырған ақылман кісінің дәл осы талантты, тәжірибелі журналистке сенім білдіріп, құлай беріліп, жан сырын қағазға түсірткені ешбір кездейсоқтық емес. Талант пен талғамның тоғысы қоғамды тосырқатқан жоқ. Сырласу мен әңгімелесудің ұзақ жолы мен жазылар кітаптың алтын кілтін демде таба алуда рухани түсіністік, пейілдерінен самал жел ескен жандардың парасатты мінездері шешуші қызмет атқара алды деп ойлаймыз. Мемуарлық шығарманың шоқтығы сөзсіз биік болатынын осыдан кейін сезуге де болатын еді.
Туған халқының дана перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың «Өтті дәурен осылай» деп аталатын кітабы қоғамда үлкен қозғау туғызған әдеби-мәдени жаңалық болып тарады. Адамдар оны іздеп жүріп оқыды. Алып жүректі ұлы қайраткердің «Ақиқаттан аттауға болмайды» кітабының да әдеби нұсқасын Секең аса бір толғаныспен, ойлы тараулармен, байсалды мазмұнмен көркемдеді. Бұл туындылар шын мәнінде ел мен мемлекет өмірінде тарихи олжа болды. Сондай-ақ еңбегі адал журналист жоғарыдағы туындыларымен қатар Д.Қонаев туралы «Елу жыл ел ағасы», «Личность» жинақтарының авторы болды.
Бұл кітаптардың қазақ мәдениетінде қаншалықты қажет, қаншалықты бағалы болса, сол деңгейде жазушының рухани мәні үлкен туындылардың өмірге келуіне қосқан үлесін де тиісінше бағалау қоғам үшін әділдік болады.
Әлбетте, бұл еңбектерде шығармашылық ізденістер мен құймақұлақ тыңдаушылық, алғыр сезімталдық пен азаматтық көзқарастардың орнықтылығы, редакторлық қағылездік пен саяси сауаттылық, дәлелді дәйектер мен логикалық ойлау иірімдерін ұштауды ұдайы есте ұстау, жалпы мазмұндық сипаттамасының көркемдік жоғары деңгейден көрінуі заңдылық еді.
Өз тағдырында өшпес із қалдырған жағдайды әркім де жиі еске алып, оның ұрпақтар тәрбиесіндегі алар орнына терең мән беріп жатады. Тағдыр жауапкершілігіне де жүк артып, маңдайына бұйыртқан Д. Қонаевтың тарихи тағылымдары жайында Секеңнің ой-толғаныстары ғажап болатын. Көксеңгір тұлғаның бойындағы ерік-жігер мен табиғи болмысын танып, білуінде шексіз, шетсіз сүйіспеншілік қалыптасты.
Журналист-публицистің бақыты да осы шығар, елдің заңғар тұлғасы, әр сөзі мен ісі тарихқа айналған адаммен жақын сырлас болу арқылы құнды дүниелерді жарыққа шығару және оны жұрттың қолына тигізу.
Мейірімі ағыл-тегіл Димекең де ізетті інісін ерекше сыйлап өткен екен, оның қаламгерлік ерен еңбегіне сай халықтық дәстүрмен сый-сияпат жасамақшы болған деседі. Бірақ Серік ағамыз ондай сыйлық атаулыдан әлденеше рет бас тартады. «Сізбен бірге бетпе-бет әңгімелесіп, жүзбе-жүз дидарласуым, байтақ ел ішін бірге аралаған әр күнімді мың күнге бағалаймын, Димаш Ахметұлы, менің ең қымбат, бақытты, нұрлы күндерім де, ғұмырлық сыйлығым да осы» дейді.
Сәл сабыр етіңіз, дүлдүл журналистің бұл ерекше тарихи кезеңге дейінгі, әу бастапқы жолы қалай еді? Қасиетті Әулиеатаның солтүстік аумағын алып жатқан Талас өңірінің байлығы мен берекесінің бойтұмарына айналған Үшарал ауылында кіндік қаны тамған, ата-бабаларының атақонысында өсіп, ержеткен түлектердің қай-қайсысы болмасын оқу іздеп, қиялға қанат бітірген.
Айтайық, бақ қонып, Қыдыр дарыған Талас өзенінің сағасында өсіп, сулы да нулы өлкеде өмір сүріп, ата қоныста мүбәрак тәрбие алған адамның елеусіз қалуы мүмкін емес еді. Қалың жұрт ішінде тай мінген бала келешекте тұлпар мініп, тізгін ұстайтындай сенімге баулыған киелі ортаны қайда қоярсың. Жазба тарихтан белгілі Тоқберген мен Сапақтай билер, Ханқожа мен Төреқожадай шешендік өнердің небір дүлдүлдері, қайым айтыстың бастауында тұрған Ұлбике Жанкелдіқызы мен Жаңылдық апаларымыздай төкпе жыршылар мен ақындардың алтын босағасында өркен жайған ұрпақ өрелі болмағанда, өнерлі болмағанда қандай болмақ?! Қазақ даласында ХХ ғасырдың басында, 1900 жылы алғаш салынған зәулім мешіт осы Үшарал ауылында болғанын, ол мұсылман елдері әлемінде тарихқа енгенін тілге тиек етсек, сол имандылық рухын жастайынан сезініп өскен Секеңнің бітім-болмысы қандай тұрғыда қатаюы мүмкін дерсің?! Әулиеатаға даңқы жайылған көрнекті педагог, байырғы Үшарал ( қазір Алтын жұлдызды Еңбек ері Әбдір Сағынтаев атындағы) орта мектебінің директоры қызметін ұзақ жыл абыройлы атқарған Ермек Дүрімбетовтің естелік кітабында: «Сонау 50-жылдардың ортасына қарай төл тумаларымызбен қатар классикалық әдебиетке құмартқан оқушыларымыз Сейітқазы Досымов пен Серік Әбдірайымовтың балалық ұшқындарынан-ақ олардың келешегінен жазушының өзі мен сөзін көргендей едік, ал ақындар ауылынан Өкім Жайлауовтай ініміз бен Күләш Ахметова деген талантты оқушыларымыздың тырнақалды әңгіме, мақала, өлең-жырларын республикалық, облыстық газет-журналдардан оқып, мақтаныш еттік, кейін бәрі де үмітті ақтап, еліміздің айтулы қаламгерлері атанды» деп жазады.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, Парламент Мәжілісінің депутаты