Қаржының қайтарымы қайда?
Қаржының қайтарымы қайда?
703
оқылды
«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» десек те, қоғамдық кө­ліктер мәселесі қай кезде де өзекті. Ал Жамбыл облысындағы тасымал­даушы компаниялардың «өзім бі­лем­ге» салған тірлігін көріп, жаға ұс­тайсың. Қызмет түрінің сапасыз­ды­ғы былай тұрсын, түрлі қулыққа сал­ған басшылар небір сұмдықты жа­сап жатыр. «Түйені түгімен, биені жү­гімен» жұтып жатқандар да аз емес. Он жылда бірде-бір автобус алынбаған Жалпы Тараз қаласында қалаішілік жо­лаушылар тасымалымен «Әулиеата­Транс­Пасс», «№1 Автобус паркі», «Сапар­Транс 2012», «ТаразТрансМоторс», «Саяхат-99», «ДамРус», «ТаразПассТранс», ArsenTransCompany және CityBus сияқты 9 мердігер компания айналысады. Олардың иелігіндегі 340 автобус күнделікті 34 бағытта қызмет көрсетеді. Енді бұл қызметпен айналысып отырған автопарктердің жағдайына келсек, жолаушы тасымалдаушы 9 кәсіпорынның иелігіндегі жалпы саны 340 автобустың 279-ы – же­кеменшік, ал қалған 61-і жалға алған көлік­тер. Автобустардың техникалық жағдайын сипаттасақ, 84-і немесе 25 пайызы – пайда­лану мерзімі 7-10 жылдан асқан ескі, тозығы жеткен көліктер. Тап­сырыс беруші әкімдік пен тасымалдаушы компания арасында автопаркті жаңа кө­ліктермен жаңартып тұру туралы келісім­шарт жасалғанымен, соңғы он жылдың бе­дерінде «Саяхат-99», «Дам­Рус», «Тараз­ПассТранс», ArsenTransCompany сияқты мердігерлер бірде-бір жаңа көлік алмаған. Тағы бір айта кетерлік жайт, «ДамРус», CityBus және ArsenTransCompany серіктес­тіктерінің жеке өндірістік техника­лық ба­засы жоқ. Олар осы күнге дейін өзге кәсіп­орын­дардың базаларын паналауда. Не жаңа көлігі, не техникалық базасы жоқ мұн­­дай компанияларға жолаушы тасыма­лымен айналысуға кім рұқсат бергені түсініксіз. Субсидияның сұрауы жоқ па? Негізі, нарықтық экономикасы дамы­­­ған елдерде тасымалдаушы компаниялардың мәселесін мемлекет шешпейді. Алайда біздің елде жергілікті билік бар «жұмсақты» солардың аузына тосып отыр. Олай жаса­маса да, тасымалдаушы мердігерлер қо­ғамдық көліктердің қозғалысын тоқтайты­н­ын айтып, қорқытуға көшкен. – Саланы нарықтық айналымға жіберіп, субсидияны тоқтатса, жолақы құны күрт көтеріліп, қарапайым халықтың қалтасын қағатыны белгілі. Сондықтан қала жұр­ты­ның тұрмысы мен табысының төмендігін ескеріп, жергілікті билік халықтың ты­ныштығы үшін амалсыздан тасымалдаушы­лардың дегеніне көніп, бюджеттен мол суб­сидия беруге мәжбүр. Ал автобус қожа­йындары болса бюджеттен берілетін субси­дияға сүйеніп, миллиондап, миллиардтап несие алып дағдыланған. 2022 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша 9 тасымалдаушы компанияға 1 миллиард 198 миллион 689 мың 714 теңге субсидия есептелген. Осы қаражаттан 857 мил­лион 056 мың 692 теңгесі төленіп қой­ған. Бұдан бөлек қалалық әкімдіктің жұ­мыс­пен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бө­лімі ай сайын жекелеген әлеуметтік санат­тағы азаматтардың қоғамдық көлікпен тегін жүруі үшін 3-4 миллион теңге бөліп отыр. Өткен жылдың он айының өзінде 30 миллион 250 мың теңге бюджет қаражаты тасымал­дау­шы компанияларға төленген, – дейді Тараз қа­лалық Қоғамдық кеңестің құрылыс, энер­гетика, инфроқұрылымды және комму­нал­дық салаларды дамыту жө­ніндегі комис­сиясының төрағасы Рахман­құл Байтелиев. Негізі, қалалық қоғамдық кеңес қазір осы қоғамдық көліктердің мәселесін жіті бақылауда. Кеңес мүшелері тасымалдаушы компаниялардың жұмысын зерделеу бары­сын­да көптеген кемшілікті анықтаған. Мә­селен, жасалған келісімшартта жалға алын­ған көліктің жүргізушісіне төленетін еңбекақы мен жанармайдан басқа негізсіз шығындар есепке алынып, тек өткен жыл­дың маусым-тамыз аралығында «ДамРус» ЖШС-на 10 миллион 717 мың теңге, «Тараз­ПассТранс» ЖШС-на 1 миллион 941 мың теңге, «Саяхат-99» ЖШС-на 8 миллион 232 мың теңге, «СапарТранс 2012» ЖШС-на 1 миллион 849 мың теңге көлеміндегі суб­сидиялық қаржы артық төленген. Сондай-ақ «СапарТранс 2012» ЖШС жалға алған 6 автобусының шығындарын өзінің жеке­меншігіндегі автобустардың шығындарына негізсіз қоса есептеу нәтижесінде 1 миллион 849 мың теңге артық субсидия алған. Бұл – көлеңкелі жолмен тасымалдаушы компаниялардың үш айда тауып отырған та­бы­­сы. Ал жылдап қанша қаражат жалған құ­жатпен қолды болып жатқаны бір Аллаға аян. Көзбояушылық үшін  жүретін көлік Тағы бір айта кетерлігі, 2020 жылдың 28 қыркүйегінен бастап қалалық қоғамдық көліктерге TULPAR Card электронды би­летке көшу жүйесі енгізілді. Жүйеге тұрғын­дарды дағдыландыру үшін электронды картасы жоқ жолаушыларға тасымалдаушы компаниялар 130 теңгелік төлемді белгі­ле­ген. Мердігерлер бұл уақытша шара екенін айтқан. Алайда арада екі жыл өтсе де, 130 теңгелік төлем түрі әрі қолданылуда. Және қолма-қол төлемге бірде-бір тасымалдаушы компания билет беріп жатқан жоқ. Осы қаражат кімнің қалтасына кетіп жатқаны белгісіз. Оны тексеріп жатқан да ешкім жоқ. Тараз қаласына Бақытжан Орынбеков әкім болып тағайындалғаннан кейін қоғам­дық көліктерді түнгі сағат 12.00-ге дейін қатынатып, халықтың алғысына бөленген еді. Алайда мұнда да тасымалдаушы компа­ниялар қулыққа салып, бірлі-жарым авто­бустарын ғана көзбояушылық үшін шы­ғаруда. Ал түнгі сағат 10.00-ге дейін жүруі тиіс №16, 19,30, 32 және №46 бағыттарын­дағы автобустар кешкі сағат 20.00-ден кейін қатынамайтынын қоғамдық кеңес мүшелері анықтап отыр. 6 күнде 1 612 рет жол ережесін бұзған Қоғамдық көліктердің жол ережелерін бұзуы да кейінгі жылдары белең алды. Тараз қалалық Полиция басқармасының дерегіне сүйенсек, соңғы екі жылда қалаішілік қоғамдық көліктердің қатысуымен 19 жол көлік оқиғасы болып, 21 адам жарақаттанған. Оның 15-іне тікелей автобус жүргізушілері кінәлі деп танылған. Ал өткен жылдың 5-11 желтоқ­саны аралығында құқық қорғау органдары тара­пынан облыс аумағында жүргізілген «Ав­тобус» атты жедел алдын алу іс-шаралары нәтижесінде қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан 1 612 жол ере­жесін бұзу дерек­тері тіркелген. Автобус рулінде отырып, телефон пайдаланға­ны үшін 181 жүргізуші, жылдамдықты артты­ру, басып озу фактісі бойынша 331 адам әкімшілік жауапқа тартылса, рейске техникалық жа­рамсыз көліктерді жібер­гені үшін 29 басшы жауапкершілікке шақырылып, 42 автобус айып тұрағына қамалған. Тасымалдаушы компаниялардың шеттен шыққан әрекетін күні кеше Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков те қатаң сынға алды. Шаһар басшысы күн суытуын желеу етіп, қоғамдық көліктер­дің санын азайтқан мердігерлерге тап­сырыс беруші қала әкімдігі екенін ес­кер­тіп, бекі­тілген талаптарды орындама­ған­дармен бір-ақ күнде келісімшартты бұ­затынын ше­гелеп тұрып айтты. Қала әкі­­мінің сөзі тасымалдаушы компания­ларға қаншалықты әсер ететіні белгісіз. Алайда егер батыл шешімдер қабылдан­баса, балға бармақ ба­тырған серіктес­тік­тер бұдан да асқан қулық пен сұмдықты шығаруы бек мүмкін.

Жамбыл облысы