Әлемде жоғары оқу орындарының беделі мен сапасын бағалауға көмектесетін рейтинг көп. Солардың ішінде, әсіресе Times Higher Education World University Rankings пен QS World University Rankings нәтижелеріне ерекше мән беріледі. Бұл тізімде алғашқы орында тұрған университеттердің бәрінің алдында бәсі биік. Жақында отандық ғалым, халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі Арай Ілиясова-Шенфельд осы екі рейтингті әзірлеуге сарапшы ретінде шақырту алды.
– Жуырда сіз әлемдегі ЖОО-лардың ең беделді рейтингтері саналатын Times Higher Education World University Rankings және QS World University Rankings зерттеулеріне ғалым және сарапшы ретінде қатысуға шақырту алдыңыз. Бұл зерттеулер университеттердің академиялық беделін қандай критерийлер бойынша анықтайды? Олардың өзара айырмашылықтары неде?
– 2004 және 2009 жылдар аралығында бұл екеуі бір рейтинг болатын. 2010 жылдан бастап олар әртүрлі әдісті пайдаланып, бөлек рейтингтер құрастырып келеді. Times Higher Education журналы төрт түрлі рейтингті әзірлейді: университеттердің жалпы әлемдік рейтингі, пәндік рейтинг, академиялық бедел рейтингі, сондай-ақ Азия, Латын Америкасы және БРИКС елдеріне арналған өңірлік рейтинг. Мен осылардың ішінде жалпыәлемдік рейтингті анықтауға қатысамын.
Енді бұлардың негізге алатын көрсеткіштеріне келсек, Times Higher Education 5 түрлі санатқа топталған 13 критерийге мән береді: оқыту (жалпы бағалаудың 30%-ына тең), зерттеу (30%), сілтеме жасау (32,5%), халықаралық әріптестік (5%), кіріс (2,5%). THE рейтингінің басқа рейтингтерден ең басты ерекшелігі – оның университеттердегі сабақ оқу ортасына көңіл бөлетінінде. Басқа рейтингтер көбіне-көп ЖОО қабырғасындағы зерттеулерге ғана назар аударады.
Бұл басылымдар уақыт өткен сайын зерттеу әдіснамасын өзгертіп, толықтырып отырады. Мысалы, былтырға дейін THE журналы зерттеу жарияланымдары туралы деректерді Elsevier баспасынан алып отыратын. Енді оның орнына бұл іске сарапшы-ғалымдарды тартатын болды, мені де олар осы мақсатта шақырды. Бізден, яғни сарапшылардан өз пәндеріміз бен бізге жақсы таныс ЖОО-лардағы ғылыми-зерттеу және оқытудағы жетістіктер туралы пікір сұралады. Тағы бір айта кетерлігі, THE рейтингіне сарапшы ретінде қатысатын ғалымдарды университтер өз тарапынан ұсына алмайды, олардың бәрін журналдың өзі тәуелсіз түрде таңдайды. Бұл да рейтингтің мейлінше объективті, қандай да сыртқы ықпалдардан ада болуына көмектеседі.
QS (Quacquarelli Symonds) рейтингі жайлы айтсақ, бұл тізімде ЖОО-лар 6 көрсеткіш бойынша өзара сайысады: академиялық бедел (жалпы бағалаудың 40%-ына тең), жұмыс берушілердің арасындағы беделі (10%), оқытушылық құрамның студенттер санына қатынасы (20%), сілтеме жасау (20%), шетелдік студенттердің үлесі (5%), сондай-ақ шетелдік оқытушылардың үлесі (5%). Бұл рейтингке қатысты айтылатын сын оның субъективтілігі хақында, яғни рейтингке деректердің басым көпшілігі адамдар пікірі арқылы жиналатыны біраз сынға ұшырады.
– Әлемде университеттердің академиялық беделін анықтайтын рейтингтер бірқатар (мысалы, ең танымалдары Times Higher Education World University Rankings, QS World University Rankings, Academic Ranking of World Universities болса, олардан бөлек The Guardian University Guide, The Times Good University Guide, The Complete University Guide, тағы басқалары бар). Олардың ең сенімдірегі мыналар деп бөліп қарауға бола ма?
– Университеттер рейтингін алғаш болып 1983 жылы U.S. News & World Report апталық журналы жариялаған болатын. Рейтингті құрастыруда студенттер мен «әріптес» журналдар арасындағы беделі, түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші, студенттерге арналған материалдық көмектің мөлшері, топтардың орташа көлемі секілді бірнеше критерий есепке алынды. U.S. News & World Report сондай-ақ рейтингтегі университеттерді мемлекеттік ЖОО-лар, гуманитарлық ғылымдарға немесе жаратылыстану ғылымдарына бейімделген ЖОО-лар, үздік бизнес бағдарламалары бар ЖОО-лар деген секілді санаттарға бөледі. Уақыт өте келе басқа да басылымдар бұл дәстүрді іліп әкетіп, өз рейтингтерін жариялай бастады.
Университеттер рейтингтері әртүрлі көрсеткіш негізінде құрастырылады. Әрбір көрсеткіш ЖОО-ны бағалауға белгілі бір үлесін қосады. Сондықтан рейтингтерді өзара салыстыру қисынсыз, сізге дәл қай көрсеткіш маңызды – соған мән беру керек. Мәселен, Шанхай рейтингі аталып кеткен Academic Ranking of World Universities академиялық рейтинг ретінде танымал, өйткені ондағы критерийлердің көпшілігі оқытушылар мен түлектердің ғылыми беделіне қатысты. Times Higher Education көп саланы қамтыса да, оның ішінде зерттеулердің саны мен сапасына, сонымен қатар оларға сілтеме жасалауына көбірек мән береді. QS World University Rankings құрастырушылары мамандар даярлау сапасы жайлы жұмыс берушілердің пікірін де есепке алады. Одан бөлек, пәндік рейтингтер де бар. Мысалы, сіз таңдаған университет жалпы рейтингте төмендеу орында тұрғанымен, нақты сіз оқитын пән бойынша жоғары орында болуы мүмкін. Сондықтан бір ғана рейтингке қарап «тон піше салу» асығыстық дер едім.
– Қандай жағдайда рейтингті нашар, яки әділетсіз, біржақты деп айтуға болады?
– ЖОО-лар рейтингінің субъективтілігі туралы зерттеушілер арасында біраз талқы бар. Кейбірінің пікірінше, рейтингті құрастыруда мүдделер қақтығысы болуы мүмкін. Олай дейтініміз – рейтингті жасайтын компаниялардың басқа да ақылы қызметін тұрақты түрде пайдаланатын ЖОО-лардың көрсеткіштері шын мәніндегіден жоғары болуы ықтимал. Тағы бір жайт, кейде университеттер зерттеуге қатысатын ғалымдарды рейтинг жасаушыларға өздері ұсынады, ондайда да ғалымдардан алынған деректердің біржақты болу қаупі бар.
– Күзде Қазақстанның жоғары білім беру саласындағы реформаларына Болон үдерісінің ықпалы жайында зерттеуіңізді жарияладыңыз. Онда қандай тұжырымдар жасадыңыз? Аталмыш процесс мақсатына жету үшін отандық білім жүйесіне қандай өзгерістер қажет?
– Біздің ел Болон жүйесіне 2010 жылы кірді, бірақ 2007 жылдан бастап өтінім берген болатын. Посткеңестік ел ретінде Қазақстанның бұл жүйеге кіруге қызығушылық танытқанына еуропалықтар таңданыс білдіргені рас. Біріншіден, біз ТМД еліміз, Азияда орналасқанбыз, екіншіден, Еуропа мәдени конвенциясына мүше емеспіз. Ал Болон үдерісіне қосылу үшін аталмыш концепцияны қабылдау міндетті болатын. Ақыры 2010 жылы ОБСЕ төрағасы болуымыз маңызды рөл атқарып, наурыз айында Болон үдерісіне қосылдық. Бұл процестің принциптерін заң жүзінде орындау қиын болмады: кредиттік жүйеге өттік, бакалавриат, магистратура, докторантурадан тұратын үш циклді оқытуға көштік. Бірақ олардан бөлек, еуропалық құндылықтарды сіңіру деген де бар, ол тез жүзеге аса қоятын дүние емес. Бізде еуропалықтармен ортақ мәдениет жоқ, сол себепті Болон процесінің құндылықтарын да оп-оңай ала алдық деп айта қою қиын. Мәселен, ол бойынша, студент – негізгі тұлға. Ол өз пәнін өзі таңдайды, дербес академиялық жоспары болады, сабақ беретін мұғалімдерді де таңдау құқына ие. Ал бізде әлі кеңестік кездің сарқыншағы бар. Кеңестік стильде басты рөл мұғалімде болатын. Докторантурада да солай. Біз әлі кеңестік оқыту стилімен келеміз: докторлық кеңесті қолданамыз. Еуропада олай емес, оларда басқа университеттен сол тақырыпты зерттеп жүрген экстернал эдвайзер таңдайды, сондықтан олар эксперттік пікір айта алады. Тағы бір айырмашылығы, Батыс елдерінде гуманитарлық салада докторлық дәрежені қорғау үшін журналға жарияланым міндетті шарт емес. Өйткені докторантураның өзінде диссертация жазасың, соның өзі – үлкен жарияланым. Оған фидбэкті супервайзер беруі керек. Бізде факультет мүшелерінде жауапкершілік жоқ, ТОП журналдарға мақаласы шықса ғана докторантты қорғауға жібереді. Оған қоса, кейбір жетекшілер докторанттан өздерін авторлыққа қосуды талап етеді. Жетекші өз профайлын дамытуы үшін емес, докторанттың жетекшісі болған соң көмектесуге міндетті.
– Бұрынырақта айтқан бір пікіріңізде еліміздегі ғылыми гранттарды қаржыландыруда мүдделер қақтығысы бар екенін атап өткен едіңіз. Дамыған елдер тәжірибесінде бұл проблема қалай шешілген?
– 2018 жылы отандық ғалымдар арасында осы мәселе жөнінде көп шу болды, сол кезде сапалық зерттеу жүргізген едім. Бізде, біріншіден, ғылыми гранттарға бөлінетін қаражат аз. Елімізде жалпы ішкі өнімнен ҒЗТКЖ-ға (ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-контрукторлық жұмыстарға) арналған ішкі шығындардың үлесі 2020 және 2021 жылдары 0,13%-ды құраған. 2003 жылы бұл көреткіш 0,25% еді. Дамыған елдерде прогресс бар болса, бізде, керісінше, регресс. Екіншіден, сол қаражаттың өзі әділетті бөлінбейді. Ұлттық ғылыми кеңестер бар, ол бізге керек пе? Бізде ғалым аз, сондықтан мүдделер қақтығысы жиі көрініс табады. Қандай жағдайда мүдделер қақтығысы болуы мүмкін? Ұлттық ғылыми кеңес мүшелері зерттеудің әзірленуіне, жүргізілуіне қатысуы мүмкін, зерттеуге немесе оның нәтижесіне қатысты қаржылық мүддесі болуы мүмкін, зерттеуге қатысты ұйымның басшысы болуы немесе онымен консультативтік қарым-қатынаста болуы мүмкін. Ереже бойынша, ҰҒК мүшелері мүдделер қақтығысы болуы ықтимал зерттеуді қарастырудан өздігінен бас тартуы керек. Сондай-ақ ҰҒК мүшесінің статусы конкурс барысында өзгерсе де, ол бұл жайында хабарлауы қажет. Ереже бұзылған жағдайда ғалымды жазалау шаралары да бекітілуі тиіс. Батыста қалай? Ғылыми қауымдастықта мүдделер қақтығысы, плагиат, деректерді бұрмалаушылық, лицензия деген нәрселер мұқият қаралады. Ереже бұзған ғалымдар «қара тізімге» ілігеді, сосын оларды әріптестері де, жұмыс берушілер де шеттетеді, яғни жаза ауыр, сондықтан олар репутацияны қатты бағалайды. Есесіне ғылым да осындай ортада өркен жаяды.
– Сізді Young Researchers Alliance (YRA) қауымдастығының негізін салушылардың бірі ретінде де танимыз. Төрт жыл ішінде оның аясында қандай жобаларды жүзеге асырдыңыздар?
– Өзім сияқты Батыста оқыған әріптестерім Қазақстанға қайтқанда, ғалымдар болып жиналатын, танысатын, пікір алмасатын, идеяларымызды бөлісетін алаң таппадық. Соны ескеріп, бір топ ғалым осы қауымдастықты құрған едік. Қауымдастық аясында тұрақты түрде форумдар, жобалар ұйымдастырылып тұрады. ЖОО-лармен тиімді әріптестік орнатып, өңірлерде ғылымды насихаттауға арналған семинарлар өткізу мақсатында YRA Meetup жобасын, жас ғалымдардың ғылыми жетістіктерін академия қабырғасынан тыс, бейресми алаңдарда бөлісу мақсатында Gylymtanu жобасын іске қостық. Сондай-ақ барлық саладағы зерттеуші-студенттердің ғылыми әлеуетін дамытуға арналған FRIP бағдарламасын әзірледік. Оның аясында біздер, тәжірибелі ғалымдар, студенттердің қаржылай қолдау алу мүмкіндігіне ие жобаларын қарап, фидбек беріп, өз кеңесімізді беріп тұрдық. Осылайша, жастарға ғылыммен айналысу расында қызық екенін, жалықтырмайтынын түсіндіруге тырыстық. Қазір қауымдастықтың жұмысын ізбасар-әріптестерім жалғастырып жатыр.
– Әңгімеңізге рақмет!