Солтүстік Қазақстан облысында жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі бойынша жұмыс істейтін білім мекемелерінде бірқатар қаржылық былық-шылықтың беті ашылды. Бұл жайт Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті жүргізген тексеріс нәтижесінде белгілі болды. Тексерілген балабақшалардың дені мемлекеттік-жекелік әріптестік аясында бюджет қаражатынан субсидия алып келген. Бірақ бөлінген қаржы мақсатты жұмсалмағаны анықталды. Ішкі мемлекеттік аудит департаменті қызметкерлері осыдан күдік алып, бірден тексеріс бастаған. Олар облыстың сегіз аудандық білім бөлімінде, әрі облыстық басқармасында, соның ішінде 14 балабақшада бюджет қаржысының пайдаланылуына тексеріс жүргізген. Мемлекеттік бюджеттің қаржысы білім мекемелерінің әлеуметтік инфрақұрылымын қамтамасыз етуге және жан басына шаққандағы қаржыландыруға бөлінген. Бірақ қыруар қаржы мақсатты пайдаланылмаған болып шықты. БАЛА ҚАҒАЗДА БАР, БАЛАБАҚШАДА ЖОҚ Атап айтқанда, шын мәнісінде ауырып қалып, не басқа себеппен балабақшаға бармаған балалар үшін ақша төленген. Бірақ олардың медициналық анықтамалары, ата-анасының өтініштері немесе басқа құжаттары жоқ болып шыққан. Табель бойынша бар, шын мәнісінде балабақшаға бармаған балалар үшін 7 950,6 мың теңге шығындалыпты. Тіпті, басқа балабақшаға не мектепке ауысқан балалар үшін де ақша алып келген мекемелер бар. Яғни, тәрбиеленушілер қағаз жүзінде ғана бар болып шыққан. Ал мектепке дейінгі мекеме оларға білім мен тәрбие бермесе де, мемлекеттен тиісті қаржысын алып келген. Кейбір балалар бір мезгілде бірнеше балабақшаға «барып жүрген». Мұндай тәртіп бұзушылық үшін 332,8 мың теңге бюджет қаражаты бекер шығындалған. Бүлдіршіндер балабақшадан мектепке не басқа мекемеге ауысып кеткеннен соң да олар табельге енгізілген. Сол үшін 401,5 мың теңгенің заңбұзушылығы орын алған. Кезекке тұрмастан және жолдамасыз 500-ден астам бала балабақшаға барып жүргені белгілі болды. Олар үшін 127 642,0 мың теңге жұмсалыпты. Бөбекжайлар мен шағын орталықтарда бірыңғай дерекқор арқылы білім беру ұйымдарына балалардың келуін есепке алу ұйымдастырылмаған болып шықты. Яғни бұл «Индиго» және «Балабақаша» ақпараттық жүйелерін тиімсіз пайдалану болып саналады. Ал осы бағдарламаларды жасауға кезінде 12 645,0 мың теңге жұмсалған екен.
«Балабақшаға қажетті негізгі құрал-жабдықты мемлекеттік тапсырыс есебінен сатып алып, айласын асырмақшы болғандар да бар. Шын мәнісінде мемлекеттік тапсырыс мектепке дейінгі ұйымның ағымдағы шығындарын өтеу үшін бөлінеді. Он балабақша 16 550,6 мың теңгені құрал-жабдыққа жұмсаған», – дейді Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Қанат Досжанов.Қызметкерлеріне еңбекақы және іссапар шығындарын төлеген кезде заңды белден басқандар да кезігеді. Мұндай заңбұзушылықтардың салдарынан бюджетке 29 754,7 мың теңге шығын келтірілген. Бұл орайда, қызметкерлердің еңбек өтілі дұрыс анықталмаған немесе ерекше еңбек жағдайлары үшін үстемеақы және лауазымдық жалақыға түзету коэффициенті дұрыс қолданылмаған. Тіпті, кейбір қызметкерлерге нақты жұмыс істемеген уақыт үшін де жалақы төленгені анықталды. Жалақыны 10 077,0 мың теңгеге артық жоспарлағандар бар. Іссапар шығындарын төлеу барысында 85,9 мың теңгенің заң бұзушылығына жол берілген. «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» заңды бұзу салдарынан бюджетке 2 254,2 мың теңге шығын келтірілген. Бұған қоса 3 468 054,5 мың теңгенің рәсімдік сипаттағы тәртіп бұзушылығы тағы бар. Әзірге нақты қандай балабақшалар заңды белден басқаны жария етілмей отыр. МЕМЛЕКЕТ СЕНІМІН ТЕРІС ПАЙДАЛАНҒАН
Департамент басшысының орынбасары Қанат Досжановтың пікірінше, мұндай келеңсіздіктің болуына кәсіпкерлерге шамадан тыс еркіндік берілгені себеп болуы ғажап емес. «Мемлекеттік-жекелік серіктестік жүйесі бойынша жұмыс істейтін балабақшалардың иелеріне өз қызметін өздері реттеуге рұқсат берілген. Бұл ретте мемлекет кәсіпкерлерді шамадан тыс есептер мен тексерістерден босатып, олардың әдептілігі мен парасатталығына сенім артқан болатын. Мектепке дейінгі білім мен тәрбие берумен айналысушылардан өз мойнына алған міндеттемелерді адал атқару ғана талап етілген еді. Сол үшін оларға бірқатар жеңілдіктер жасалды, қосымша құн салығынан босатылды, салық төлеуге үш жылға мораторий енгізілді. Балабақшаларды бір жылда бір реттен артық тексеруге тыйым салынды», – дейді Қанат Досжанов. Тіпті балабақшалар үшін санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен талаптар да жұмсартылды.Өкінішке қарай, бағдарламға қатысушылар мемлекеттік сенімін теріс пайдаланған болып шықты.
Бұл жайт ата-аналардың жағасын ұстатты. Өз балаларының арқасында бәзбіреулер қалтасын қампайтып келгені олардың көңілінен шыға қоймағаны анық. «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы бизнеске келушілер оңай олжаны көздейді деп ойламаушы едім. Балалармен жұмыс барысында олай болуы мүмкін емес. Әрине, бизнесте бірінші орында табыс табу тұратыны анық. Бірақ мектепке дейінгі тәрбие мен білім саласында олай болмауы тиіс. Ең алдымен, бүлдіршіндерге деген махаббаты бірінші орынға қою керек. Балабақшаны ашқан кезден бастап алғашқы табысқа жеткенше бірнеше жыл өтуі мүмкін. Сондықтан мұндай бизнеске бел буған адам бір сәтте байып кетуді көздемей, осыған дайын болуы тиіс», – дейді петропавлдық Диляра Жұмабаева.Тексеруші орган қабылдаған шаралардың нәтижесінде бүгінде мақсатсыз жұмсалған қаржының 7 104,5 мың теңгесі өтеліп, 2 236,7 мың теңгесі қалпына келтірілді. Қазіргі уақытта аудит объектілері тиісті бюджет кірісіне қаражатты толық өтеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Аудиторлық іс-шара нәтижесі бойынша білім беру нысандарына анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген адамдардың жауапкершілігін қарастыру туралы нұсқамалар жіберілді. Жүргізілген аудит қорытындысы бойынша облыстық білім басқармасына да ұсынымдар берілді.
Солтүстік Қазақстан облысы