Өткен жұма күні «AMANAT» партиясының жанындағы Агроөнеркәсіптік кешен комитетінің кезекті отырысы өтті. Орталық аппаратта өткен жиын ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қатысты ұсыныс-талаптарды жинауға арналды. Соның ішінде агроөнеркәсіптік кешен мен тамақ өнеркәсібіне қатысты күрделі мәселелер сөз болды.
Шақырылған қонақтардан бөлек отырысқа аймақтардағы және бірқатар өзге де комитет мүшелері онлайн қатысып отырды. Комитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Қайнар Абасов сала проблемасын көтеріп, Үкімет, әкімдіктер және квазимемлекеттік компаниялар сынды тиісті органдардың алдына мәселе етіп қою мақсатын көздейтінін жеткізді.
«Өздеріңіз білетіндей, оңтүстік өңірлердегі шаруалар көктемгі егіс жұмыстарына дайындалуға кірісіп кетті. Өзге өңірлер де көп кешікпей бастамақ. Осы ретте уақытылы және сапалы дайындық жасау мақсатында, соның ішінде тұқымдар, жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер сынды тағы да басқа қажетті материалдарды сатып алуға қаржы ресурстарымен қамтамасыз ету үшін жағдай жасау қажет. Ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркісібі – үздіксіз жүретін процесс. Сондықтан да мұндағы туындайтын мәселелерді уақытылы талқылап, Үкімет деңгейінде көтеру қажет», – деді ол.
Партияластар қозғаған өзекті мәселелерден еліміздің аграрлық саласы, әсіресе шаруалар қауымы күрделі кезеңді бастан кешіріп отырғанын байқауға болады. Өйткені мұндағы қай салада да ұйымдастырушылық та, қаржылық та, заңнамалық та кереғар қиыншылықтар көп. Мәселен, БҚО-дағы комитет мүшесі, Теректі аудандық мәслихат депутаты, «Теректі» ШҚ басшысы Сержан Идиатов: «Майлы дақылдар экспортына квота қойылып, лицензиялау енгізілгелі отыр. Бұл түбегейлі дұрыс емес. Батыс Қазақстан үшін егіншіліктің осы түрі коммерциялық басым бағыт саналады. Көптеген қожалықтар осылайша кәсіп етіп, жұмыс орындарын беріп отыр. Біз тиісті органдарға батыстық аграрилер атынан ұжымдық хат жазып жібердік. Осы мәселені Үкімет алдына талап етіп қойсаңыздар» десе, Қарағанды облысындағы комитет мүшесі, Абай ауданындағы «Шанс» ШҚ басшысы Игорь Жабяк: «Мал шаруашылығын да, егін шаруашылығын да субсидиялау ережесі әлі бекітілген жоқ. Көктемгі егістік жұмыстары мен мал төлдеу уақыты таяп қалды. Соны тездету керек. Ал жалпы субсидиялау ережесін қайта-қайта өзгерте бергенді қою керек» деп талабын жеткізді. Ал Қостанай облысындағы комитет мүшесі, облыстық мәслихат депутаты, «Александровское» ЖШС директоры Андрей Двуреченский кепілдік база мәселесін сөз етті.
«Жыл сайын «Тобыл» ӘКК-нің кепілдік базаға қойылатын талаптары күшейіп келеді. Бірақ, тапқаны жұмсағанынан аспайтын шаруаларда жаңадан бір нәрсе тұрғызуға мүмкіндігі жоқ. Көктемгі егіс науқаны таяп келеді. Бірақ, шаруаларда кепілге қоятын лайық мүлік аз. Мәселен, 150 миллион несие алу үшін 360 миллиондық кепілзат талап етіледі. Ондайды табу қиын. Оның үстіне, қазір бәрі қымбаттап жатыр. Шаруалардың шығыны артып келеді. Сондықтан да биыл қаржыландыру көлемі жетпей қалу қаупі зор. Бір сенгеніміз «Азық-түлік корпорациясы» болса, ол да проблемаға тап болғандықтан қаржыландыруды қысқартуға мәжбүр. Қазір шешім қабылданбаса, өңірдің ауыл шаруашылығында қаржы тапшылығы туындауы мүмкін», – дейді ол. Осы секілді проблемалы мәселелер қай өңірден де айтылып жатты. Мәселен, Маңғыстау облысынан сөз сөйлеген комитет мүшесі Оңайбек Әбділов климаттық жағдайына байланысты ауызсуға зәру өңірде құдық қазуға берілетін субсидияның алынып тасталғалы жатқандығын ашына жеткізді. Бұл онсызда былтыр жұттан әрең шыққан өңірлік агросекторды одан сайын тұралатып тастауы мүмкін. Сондай-ақ Оңайбек Нұрасылұлы маңғыстаулық шаруаларды күн панельдерімен қамту жұмыстарын қайта жандандыру қажеттігін жеткізді. Бұл елсіз түзде мал ұстаған малшылардың тұрмыстық тауқыметін жеңілдете түспек.
Жиында сонымен бірге Gosagro.kz және Qoldau.kz субсидиялау жүйелерін интеграциялау жайы сөз болды. Егер бұл мәселе тезірек шешілмесе, биыл фермерлер субсидиядан қағылуы мүмкін. Ал ауыл шаруашылық техникаларын ҚҚС-дан босату мәселесінде Салық кодексінде қайшылықтар көп. Өйткені бұл жұмыстар қаржылай лизинг арқылы жүргізілетіндіктен, қаржылық ұйымдар субъектісіне өндіріс үшін қарастырылған мұндай жеңілдіктер жүрмейді. Ауыл шаруашылық өнімдерін экспорттағанда теміржол арқылы тасымалдауда да проблемалар көп. Әсіресе, бидай мен диірмен өнімдерін тасымалдаушы компанияларға «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы маршрутизация бойынша шектеу қойып отыр. Олардың талабы – экспортқа шығатын вагондар саны 10-нан кем болмауы тиіс. Қант зауыттарының да жанар-жағармайдан таршылық көріп отырғаны, әлеуметтік маңызды тауарлар қатарына жататын бұл өніммен ішкі нарықты барынша қамту туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға кедергі боп отыр. Мұндағы бір себеп, Орынбордағы ГӨЗ-дің біздің газды өңдеу көлемін азайтып жібергендігінде жатыр.
Осы және басқа да мәселелер комитет отырысында сөз болып, тиісті құзіретті органдар алдына мәселе етіп жолдануы үшін ортақ алаңда сарапталды. Бұл тұста проблемалардың барлығы қазіргі экономикалық ахуалдан туындап отырғанын аңғару қиын емес. Инфляция мен қымбатшылық қысқан шақта мемлекет реттеушілік тетігін қатайта түскендіктен де, ең бірінші кезекте шаруалар зардап шегіп отыр. Мұны жиынды қортындылаған Комитет төрағасы да атап өтті.
«Сөз болып отырған қай мәселе де бірінен-бірі маңызы кем емес проблемалар. Сондықтан олардың қай-қайсысы да назардан тыс қалмайтын болады. Талқыланған мәселелер бойынша тиісті хаттама дайындалып, оларды шешу үшін Үкімет пен уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберілетін болады. Менің ойымша, осында көтерілген мәселелерді тұжырымдай түсу үшін келесі отырысқа нақты жауапты сала өкілдерін шақыру қажет», – деді Комитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Қайнар Абасов.