English Proficiency Index сайтының зерттеуінше, Қазақстан ағылшын тілін меңгеру деңгейі бойынша 111 елдің ішінде 99-орында тұр. 2021 жылы – 96-орын, 2018 жылы 80-орында болғанбыз. 11 жыл мектепте ағылшын тілінің арнайы пәнін, одан қалды қаптаған ақылы тілдік курстарды оқитын қазақ баласы неге ағылшынша таза сөйлей алмайды? Ағылшын тілін оқытуда 20 жылдан астам тәжірибесі бар ұстаз, республика бойынша СES for You атты жиырмадан астам білім беру орталығын ашып, тіл үйретіп жүрген маман Айгүл Қанатқызын әңгімеге тартқан едік.
– Айгүл Қанатқызы, балалар 11 жыл мектепте ағылшын тілін оқиды, бірақ мектеп бітірген соң ағылшын тілін толық меңгеріп шықпайды. Неліктен?
– Мұның бірнеше себебі бар: мұғалімнің деңгейі, оқулық мазмұны, әдістеме және тағы басқа. Мектептерде ағылшын үйрететін көп мұғалімнің өзінде тілдік кедергі бар. Олар грамматиканы жақсы меңгеріп, дұрыс оқып, жаза алғанымен балаға ағылшын тілінде дәріс оқып, сабақ түсіндіре алмайды. Бұл – тіл үйретудегі ең негізгі төрт дағдының (оқу, жазу, тыңдау және сөйлеу) бірі. Ауыл мұғалімдерімен көп жұмыс істедім. Тіл оқытатын орталықтарым ауылды жерлерде орналасқан. Ағылшын тілін үйрететін мұғалімдермен жұмыс істеу үшін «Білім-Күш» қорын ашып, ауыл мұғалімдеріне тегін ағылшын тілі курсын ұйымдастырдық. Сонда байқағаным, базалық тесттің өзінен мұғалімдер төмен баға алып, шетелдік маманмен кездесу кезінде сұрақ қоя алмай, қиналған сәттері болды. Көпке топырақ шашпаймын, бірақ ауыл ұстаздарының жайы сол.
Оқулық дайындау – жалпы білім жүйесінің қордаланған мәселесі. Жыл сайын әлеуметтік желілерде, БАҚ беттерінде оқулық проблемасына қатысты 4-5 дау шығады. Ағылшын тілінің оқулығын дайындау, оның сапасы және тағы басқа мәселелер де күн тәртібінде күйіп тұрғаны қашан? Біздегі ағылшын тілінің оқулықтары ортақ жүйеге бағынады дегенмен, бірізділік жоқ. Мәселен, бастауыш, орта мен жоғары сыныпта оқытатын оқулықтардың мазмұнында байланыс жоқ. Оқушыға түрлі атаумен әртүрлі баспаның кітабын үлестіре береміз. Оқушыға сапалы білімді жақсы мұғалім мен сапалы оқулық қана бере алады. Егер оқулығы керемет, мұғалімі нашар болса, болмаса керісінше тамаша мұғалімнің қолына жүйесіз оқулық түссе – бәрі бекер болмақ.
– Мектеп оқушылары шетелдік мамандар құрастырған оқулықпен оқиды. Неліктен? Отандық тіл мамандарының өз өнімін құрастыруына не кедергі?
– Біздің балалар шетелдік мамандар құрастырған, бізге бейімделген оқулықпен оқитыны рас. Оның мазмұнындағы кейбір тақырыптар, сөздер өзгертіледі. Әйтсе де, ол отандық өнім емес. Ағылшын тілі оқулықтарын жаңа бағдарламаға ауыстырған уақытта дайын, сапалы, әбден зерттеліп, зерделенген отандық өнім болмады, сәйкесінше жауапты ведомство шетелдік оқулықтарды біздің оқушыға икемдеді. Десек те, қазір өзіміздің мамандар дайындаған бірнеше оқулық бар. Бірақ олар мемлекеттік комиссиядан өтпей қалып жатыр, көбі тексерудің бірінші кезеңінен-ақ қайтады. Бәлкім, ол оқулықтардың ішінде азды-кем қателіктер бар шығар. Сөйтсе де, отандық тіл мамандарының жұмысы мемлекет тарапынан қолдау табуы тиіс.
Сол авторлардың ішінде өзім де бармын. Оқулық құрастыру мәселесінде ұзақ іздендім. Түркітілдес халықтардың не оқытып жатқанын зерттеп көрдім. Өйткені олардың грамматикасы, синтаксисі біздікімен ұқсас. Сенесіз бе, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Түркия оқушысына өз мамандары жазып кітабын оқытады. Бізде ағылшын тілін, жалпы шет тілін қазақ баласына үйретуді ғылыми негіздейтін зерттеу орталығы жоқ. Егер арнайы бір ғылыми орталық ашылып, соның ішінде оқулық авторларын отырғызып, тіпті өзара бәсеке қылса және бұл орталық мемлекет тарапынан қолдау тапқан болса, сапалы еңбек келер жылы-ақ біздің балалардың алдында жататын еді.