Тозған бөген әлекке салмай ма?
Тозған бөген әлекке салмай ма?
680
оқылды
Еліміздегі инженерлік-инфрақұрылымдардың тозу деңгейі жоғары екенін мойын­дауымыз керек. Оған екі апта бойы жылусыз қалған Екібас­тұздың жағдайы айқын мысал бола алады. Талай жылдан бері жөндеу көрмеген мұндай нысандардан халыққа төнер қауіп көп. Ақмола облысын­дағы ондаған гидротех­ника­лық нысан апаттық жағдайға жеткен. Салдарынан көктемгі су тасқыны кезінде облыстың 18 аймағындағы 128 елді ме­кенді су шаюы мүмкін. Бүгінде облыс аумағында 90 гидротехникалық нысан болса, оның 17-сі республикалық, 66-сы коммуналдық және тағы жетеуі жеке тұлғалардың меншігіне өт­кен. Тиісті сала мамандары жедел әре­кет етпеген жағдайда қолда бар гидротехникалық нысандардан халыққа төнер қауіпті болжау тіптен мүмкін емес. Нысандардың 70 пайызы апаттық жағдайда Мұны Ақмола облыстық Төтен­ше жағдайлар департаменті де рас­тайды. Ведомствоның мәліметінше, облыстағы гидротехникалық құры­лымдардың 70 пайыздан астамының әбден тозығы жеткен. Өйткені бұл нысандар талай жылдан бері пай­даланылып келсе де, жөндеу жұмы­с­ы жүргізілмеген екен.
– Былтыр күзде гидротехни­ка­лық құрылымдардың техникалық жай-күйін анықтау мақсатында жер­гілікті әкімдік пен басқа да құ­зырлы мемлекеттік органдармен бірге зерделеу жұмысын жүргіз­дік. Нәтижесі қауіп-қатердің аса жо­ғары деңгейде екенін көрсетті. Бү­гінде облыстағы гидротехникалық құ­рылымдардың 70 пайыздан аста­мы тозған. Шолу барысында Бұлан­ды ауданындағы Иванков, Шор­танды ауданындағы Основное және Бу­рабай ауданындағы Веденов су қоймасы плотинасындағы үш бір­дей гидротехникалық құрылыстың апаттық жағдайда екенін бай­қадық. Аршалы ауданындағы Анар­көл көлі, Батпакөл көліндегі бө­гендер, Бурабай, Астрахан ауданда­рындағы жайылма суару жүйесі, сондай-ақ Есіл, Жақсы, Шортанды, Қорғал­жын және Ерейментау ау­дан­ында жалпы саны 18 су қой­масы бөген­дерінің қанағаттанар­лықсыз күйге түскені де анықталды, – дейді Ақ­мола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бас­қарма бастығы, азаматтық қорғаныс полковнигі Еркен Берлібеков.
«Основноеның» жағдайы ойландырады Жоғарыда аталған апаттық жағдайға жеткен Шортанды ауда­нындағы Основное су қоймасы жа­нындағы Дамса ауылдық окру­гында бес мыңнан астам адам тұ­рады. Атап өтер жайт, Основное су қой­масы халықты ауызсумен қамта­масыз етіп отыр. 1969 жылы пайда­лануға берілген нысанның бүгінгі жағдайы мүшкіл. Жөндеу көрме­гендіктен, бөгеннің бетон қабыр­ғаларының арасы жарыла бастаған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, өткен жылдың қазанында бөгенге ағымдағы жөндеу үшін қаражат бө­лінгенімен, жөндеу жұмыстары қа­­рашада зорға басталған. Қатты суық­тан жұмысшылар бетонды қыздырып барып құюға мәжбүр болған.
– Ақ қар, көк мұзда жүргізілген жұмыстың сапасы да сын көтер­мейді. Естуімізше, бұл жұмысқа бюджеттен 40 миллион теңгеге дейін қаражат бөлінген. Жөндеу жұмыстарынан кейін де бетон қа­бырғалары жарылып жатыр. Аудан әкімдігінен аталған жөндеу жұ­мыс­тары аяқталған, яки аяқталмағанын, қабылдау актісі болған-болмағанын сұрағымыз келеді. Бұл біз үшін аса маңызды. Өйткені халық ауызсуды осы су қоймасынан алады. Қар еріп, су молайғанда бөгеннің қирап қалмайтынына кепіл жоқ, – дейді Дамса ауылының тұрғыны Гули Колошкина.
Бұл мәселеге байланысты пікір білдірген Шортанды ауданының әкімі Сағындық Шабаров жөндеу жұмыстары тұрғындардың тікелей бақылауымен жүргізілгенін айтып отыр. Ол бөгеттің су тасқынына төтеп бере алатынына сенімді.
– Основное су қоймасындағы Дамса бөгені расында да апаттық жағдайда. Толықтай күрделі жөндеу­ден өткізу үшін кемінде 5-6 мил­лиард теңге көлемінде қаражат қа­жет. Ағымдағы жөндеу жұмыстары өткен жылдың қазан және қараша айында жүргізілді. Бюджет қор­жынынан 40 миллион теңге қаражат бөлінді. Әкімдік жөндеу жұмыс­та­рын қабылдап алды. Жөндеу жұ­мыс­тарын күнделікті жергілікті қауымдастық өкілдері бақылап жүрді. Бірақ жөндеу жұмыстарының сапасыздығы туралы еш әңгіме болмаған. Тұрғындардың жөндеу жұмыстарының сапасыз деп отыр­ғаны бекер сөз. Көктемгі су тасқы­нына бөген шыдас береді деген ой­дамын, – дейді Шортанды ауда­нының әкімі Сағындық Шабаров.
Су қоймалары бақылауда болуы керек Дегенмен Ақмоладағы гидро­құрылымдардың мәселесі Основное су қоймасына жөндеу жұмыстарын жүргізумен шешіле қоймайды. Тө­тенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірде көктемгі су тас­қыны қаупі төнген елді мекен­дер­дің қатары қалың. Облыстың 18 ай­мағындағы 128 елді мекенде су тас­­­қынына ұшырау қаупі төнген. Атал­ған елді мекендерде 4 071 тұр­ғын үйде 13 мыңнан астам адам тұ­рады. Оған қоса, су басуы мүмкін ай­­мақта жалпы ұзындығы 33,9 ша­қы­рымды құрай­тын 74 автомобиль жо­лы мен 1,03 шақырымдық темір­жол учаскесі ор­наласқан. Ведом­с­тво­­ның апаттық жағдайдағы су қой­­­малары бөген­дерінде су тас­қыны ке­зінде суды кедергісіз өткізу үшін қажетті ша­ра жүргізілгенін айтады. Ақмола облысының Табиғи ре­сурстар және табиғатты пайдала­нуды реттеу басқармасы да гидро­тех­никалық құрылымдардың жағ­дайы аса қауіпті екенін мойындап отыр. Басқарма, әсіресе аудандық әкім­діктердің коммуналдық мен­шігіндегі гидротехникалық ны­сан­дардың жағдайы сын көтермейтін халге түскенін айтады. Тиісті ко­миссиялық тексерістен кейін өңір­дегі апаттық жағдайға және қана­ғаттанарлықсыз күйге түскен бар­лық құрылыстың теңгерім иелеріне гидротехникалық құрылымдарды қауіпсіз пайдалану үшін шұғыл түрде әрекет ету ұсынысы жа­зыл­ған актілер тапсырылған. Ве­домство бірқатар нысанға жөндеу жүргізіліп, енді біріне жобалық-сме­талық құжаттамалар жасау жос­парланғанын атап өтті.
– Жыл сайын жоспарлы түрде жөндеу-қалпына келтіру жұмыста­ры жүргізіліп жатыр. 2015 жылы табиғатты қорғау шаралары шең­берінде Есіл өзенінің Атбасар ауда­ны, Самарка селосында су лақтыру құрылымы 255 млн 877 мың теңге сомасына жөндеу жүргізілді. 2019 жылы Сепе ауылындағы су қойма­сына 100 млн 900 мың теңгеге күр­делі жөндеу жасалды. 2020 жылы Атбасар ауданының Сочинское, Жақсы ауданының Чапаевское-2 су қоймасына да қомақты сомада жөндеу жүргізілген. Бұдан бөлек, Жақсы ауданының Чапаевское-1, Аршалы ауданының Анар, Бұланды ауданында Прохоров-Колоколов стансасында, Шортанды ауданы­ның Дамса су қоймаларында дам­баларын жөндеуге жұмыс жобалар әзірленуде, – дейді басқарма бас­шысы Айтжан Құсманова.
 

P.S. Жағдайды зерттеу бары­сында қомақты қаражат бөлінгенімен, гидротехникалық құрылымдар мен бөгендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ол еш ықпал ете алмағаны анық байқалды. Жылдар бойы жөнделмей, халықтың үрейін алған су қоймалары бөгендері алдағы уақытта су тасқы­нында шыдас бере ме? Бұл – халық­тың көкейіндегі басты сауал. Түйінді мәселе мемлекеттік деңгейде шешу қажет екенін көрсетеді.

Ақмола облысы