«Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты». Петропавл қаласындағы мектептердің асханасына қызмет көрсететін кәсіпкерлер аяқ астынан бағаны қымбаттататындарын хабарлап, бүйректен сирақ шығарды. Бұл ата-аналар түгіл, білім бөлімі мен басқармасындағылар үшін де төбеден жай түсіргендей жаңалық болды. Себебі жуырда ғана мектеп тамағының бағасы 33 пайызға көтерілген еді. Кезекті қымбаттауды петропавлдықтар құптап отырған жоқ. Кәсіпкерлер былтыр желтоқсанда инфляция деңгейі 20,6 пайызды құрағанын, азық-түлік бағасы 25,7 пайызға қымбаттағанын алға тартады.
«Қант 55 пайызға, ұн – 44, жарма – 42, макарон өнімдері – 33, сүт – 29, ет 21 пайызға қымбаттады. Жуу, тазалау құралдарының бағасы 36 пайызға артты. Қоғамдық тамақтану қызметінің құны 29,9 пайызға өсті. Өткен оқу жылындағы тамақ бағасы экономикалық жағынан тиімсіз, шығынды және сапалы қызмет көрсету мүмкіндігінен айырады», – делінген олардың хабарламасында.«Ботақан» қоғамдық бірлестігін құрған кәсіпкерлер ас мәзіріне есеп-қисап жүргізгенде кешенді ыстық ас бағасы 614 теңге болып шығыпты. Бірақ халықты дүрліктірмес үшін олар бағаны екі кезеңде қымбаттатпақшы: қаңтарда – 550 теңге, қыркүйекте – 600 теңгеге дейін. Оқушыларға қызмет көрсететін кәсіпкерлердің басын біріктірген «Ботақан» қоғамдық қорының төрайымы Ольга Усольцеваның айтуынша, қазіргідей қымбатшылықты ескергенде, мұның өзі аз. Мектеп асханаларына қызмет көрсететін кәсіпкерлер бұл туралы ешкіммен алдын-ала келіссөз жүргізбестен, хабарлама таратып, мұғалімдерді де, ата-аналарды да фактінің алдына қойды. Бұл, әрине, жұртшылықтың наразылығын туғызды. Мектептерде осы мәселеге арналған жиналыс өткізіліп, ата-аналар күн тәртібіндегі жалғыз мәселе бойынша дауыс берді. Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының мәліметінше, хаттамаларға сәйкес ата-аналардың 95 пайызы бағаның қымбаттауына қарсы. Әсіресе, үш баласы бар ата-аналар абдырап қалды. Солардың бірі Айнаш Мұхаметжанова айына баланың тамағына, жүріп-тұруына 40 мың теңгедей ақша керек екенін айтып шағымдануда. БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ҚАРСЫ Облыста интернаттарды есептемегенде 450 мектеп бар болса, соның 439-ында ыстық тамақ ұйымдастырылған, 11-інде буфеттік тамақ. 256 мектепте 177 кәсіпкер қызмет көрсетсе, оларды аса қызықтырмайтын 67 шағын мектептің штатына аспаз енгізілген. 127 білім ошағындағы оқушылар шаруашылық жүргізуші субъект есебінен тамақтанады. Облыста 16 700-ден астам бала тегін ыстық тамақпен қамтылған. Бұл – барлық оқушылардың 23 пайызы. Ал Петропавлда бұл көрсеткіш – 8,5 пайыз, 2 284 бала. Қала мектептеріне 15 жеке кәсіпкер қызмет көрсетеді. 28 мектепте мемлекеттік-жекелік әріптестік туралы келісімшарт жасалса, сегізінде кәсіпкерлер конкурстық негізде жұмыс істейді.
«Олардың ұсынып отырған бағасы тым жоғары. Бұл жайт тұрғындарды дүрліктірді. Біз бұған қарсымыз. Онсыз да былтыр 1 қаңтардан бастап 33,3 пайызға тамақ бағасын қымбаттатқан едік. 2021 жылы мектеп асханаларында ыстық ас 375 теңге тұрса, ол бірден 500 теңге болып шарықтап шыға келді. Кәсіпкерлерден осы бағаны 2023 жылы да сақтап қалуды сұрап отырмыз. Оның үстіне бюджеттен тамақтанатын балалар үшін ақыны 500 теңге күйінде қалдырып, ата-аналардан 550 теңге жинау деген бұл – нонсенс. Дүкендерде азық-түлік бағасы барлық тұрғын үшін бірдей. Сондықтан бұл мүлдем дұрыс емес. Бұған қоса біз «Ботақан» қоғамдық қорынан есеп-қисап сұрадық. Неліктен 50 теңге? Неліктен 30 не 47 теңге емес? Бірақ бізге әлі күнге дейін калькуляция ұсынылған жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, қаладағы басқа асханалар мен дәмханаларды аралап, бағасын салыстырып көрдік. Дәмханада кешенді түскі асқа салат, бірінші, екінші ас, компот не шай, нан кіреді. Осы тұста біраз алшақтық байқалды. Мысалы, басқа асханада макарон – 200 теңге, котлет – 200 теңге, шай – 100 теңге, нан – 10 теңге, компот – 100 теңге тұрады. Мектептің шайы 100-120 теңге, наны 10-15 теңге, компоты 140 теңге аралығында. Макарон мен котлеттің бағасы жеке-жеке көрсетілмеген. Салмағы бірдей. Сондықтан 500 теңге жеткілікті», – дей келе, Татьяна Протопопова бұдан басқа да нақты мысалдар келтірді. Оның түсіндіруінше, кей күндері бұл баға артығырақ, кейде азырақ болып шығуы мүмкін. Ол ас мәзіріне байланысты. Мәселен, ботқа ғана берілетін күндері арзан, ет пісірген күні қымбаттырақ. Жалпы алғанда апта бойы бірінің орнын бірі жабады.Петропавл қалалық мәслихатының депутаты Айгүл Абдралиева қаладағы «Пиццоли» мейрамханасында екі ыстық тамақ, салат, екі тоқаш, десерт кіретін кешенді түскі ас 1100 теңге ғана тұратынын алға тартты. Бұл – мейрамхана тамағы екеніне баса назар аударды. «75 грамм шикі тарыдан ересек адамның үш порция ботқасы шығады. Тарының бір килограмы – 190 теңге. Қымбат деген «Сұлтан» макаронының 400 грамы – 320 теңге. Бұл – ересек адамның төрт порциясы. Есептей келгенде, бір порцияның құны небары 64 теңге, мектептегідей 200 теңге емес. Әрине, бұл бағаға басқа да шығын кіретінін түсінемін, дегенмен соншалықты қымбаттатудың қажеті жоқ», – деді Айгүл Абдралиева. ҚАЗАНШЫНЫҢ ӨЗ ЕРКІ... Петропавл қалалық мәслихатының білім, мәдениет, спорт және жастар мәселелері және әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияларының кеңейтілген бірлескен отырысында депутат Юлия Пронина мектеп тамағының бағасын белгілеу тетігі мен әдістемесі жоқ екеніне тоқталды. «Калькуляция жасалатыны түсінікті, бірақ мұнымен шектелмеу керек, есептеу әдістемесі, бағаны қымбаттатудың белгілі бір заңды алгоритмі болуы тиіс. Бұл бағаны мемлекеттік органдар қабылдап, бекітуі керек», – деген пікірде. Тамақтың белгіленген бағасы ешқандай қаулымен не шешіммен бекітілмейтін болып шықты.
Қалалық прокуратураның өкілі Айтжан Амангелдыеваның түсіндіруінше, бүгінгі күні мектеп тамағын қымбаттату үрдісі нормативтік құжаттармен реттелмеген. «Мұндай тетік не нормативтік акт жоқ. Бұл – ата-аналармен кәсіпкерлер арасындағы азаматтық-құқықтық қарым-қатынас. Мемлекеттік орган тек ақыл-кеңес қана бере алады. Біз тыйым сала алмаймыз. Дегенмен, кәсіпкерлермен диалог алаңын ұйымдастырып, мәселені талқылау керек», – деп түсіндірді прокурор. Депутаттар прокуратура органдарына бұл жерде баға жөнінде ымыраласу бар-жоғын тексеруді ұсынды. Тіпті олардың қоғамдық бірлестік құрып алғанының өзі баға байласу болуы мүмкін деген күдік бар.Депутат Юлия Дмитриевна шынымен азық-түлік бағасы күнде қымбаттап бара жатқанын түсінетінін айта келіп, әріптестеріне есеп-қисап әдістемесін жасау, бағаны бекіту туралы мәслихат шешімін қабылдау немесе қоғамдық тыңдау өткізу әрі тегін тамақтанатын балалардың тізімін кеңейту туралы ұсыныс жасады. Оның пікірінше, бұл мәселені мемлекеттік деңгейде реттеу керек. Шекті баға туралы бұйрық қабылдау да артық емес. Әрі бұл жайт тек «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында ғана талқыланатыны да дұрыс емес әрі жеткіліксіз. Онда ата-аналар да, мектеп директорлары да, депутаттар да шақырылмайды, тек кәсіпкерлердің сойылы соғылады. Осы күнге дейін тиімсіз екен деп осы бизнестен бас тартқан адам жоқ.
Оның сөзін Петропавл қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Рақышева да қолдады. «Асхана қызметкерлерінің еңбекақысын біз білмейміз. Кәсіпкерлер коммуналдық қызметке ақы төлейді. Осы күнге дейін олардың ешқайсысы бас тартқан жоқ, «маған тиімсіз» деген адам жоқ», – деді ол. Динара Болатқызы түсіндіргеніндей, заң бойынша кәсіпкерлер бір ай бұрын хабарлама беруі тиіс еді. Олар болса аяқ астынан бүйректен сирақ шығарған. Қазір қалалық әкімдік мектеп асханаларын тұрақтандыру қорынан азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін қарастырып жатыр. Мұның заңдылық жағынан кейбір түйткілдері бар. Оларды шешу тетігін қарастыру керек.Кәсіпкерлер болса, Кәсіпкерлік кодексінің 26-бабын алға тартуда. Онда олар тауары мен қызметіне бағаны өз еркімен белгілеуге құқылы делінген. Бірақ депутаттар мектеп тамағы мәселесі мемлекет тарапынан реттелуі тиіс деген пікірде. САПА МЕН БАҒА САЙ ЕМЕС Тамақ бағасының қымбаттауына қарсылық оның сапасына да қатысты. Облыста 15 ведомствоаралық сарапшы комиссиясы жұмыс істейді. Оның құрамына ата-аналар, денсаулық сақтау, білім беру салаларының, «AMANAT» партиясының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілі енгізілген. Оқу жылының басынан бері комиссия мүшелері 13 мектептің асханасына мониторинг жүргізіпті. Кемшілік жоқ емес: тағам өнімдері негізсіз алмастырылған, ас мәзірі сәйкес емес, мектеп асханасында тыйым салынған азық-түлік сатылған, балықтың сүйектері кездескен. Бұған қоса есеп журналы жоқ, маусымдық тамақтану енгізілмеген, ас мәзірі бір ғана тілде жазылған, бракераж журналы толтырылмаған, пікір кітабы жоқ, тәуліктік сынама сақталмаған, сапа сертификатының мерзімі өткен деген сияқты олқылыққа жол берілген. Абырой болғанда, биылғы оқу жылында оқушылардың тамақтан улануы тіркелмепті.
Қала мектептерінің бірінің қамқоршылық кеңесінің мүшесі, қалалық мәслихат депутаты Болат Жақсылықовтың айтуынша, мектеп тамағы мәселесі өте өткір тұр. «Кәсіпкерлердің ұсынып отырған тамағының өзіндік құнын ешкім білмейді. Олар қызметкерлеріне қанша еңбекақы төлейтіні де, коммуналдық шығындары да белгісіз. Есеп-қисабын ұсынбайды. Есеп болса, оларға асхана ұстау қаншалықты тиімді екенін анықтауға болар еді. Ас мәзірі мен сапасы да оқушылардың көңілінен шыға қоймайды. Балалардың көбі асханаға бармайтын болса, кәсіпкер мен аспаз ойлануы керек. Тым болмаса котлеттің формасын өзгертсін. Біздің мектепте балалардың көбі асхана тамағын жақтырмайды», – деді ол.Петропавлдағы Мағжан Жұмабаев атындағы IT-лицейінде бір мыңға жуық оқушы болса, соның тек 32 пайызы ғана асханада тамақтанады. Бұған қызмет көрсету сапасының көңілден шықпайтыны себеп. Ата-аналар жиналысында осы мәселе көтеріліп, кәсіпкерге мін тағылды. Әрі мұндай сапамен бағаны қымбаттатуға үзілді-кесілді қарсылығын білдірді.
Былтыр Президент сайлауы науқаны барысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында бастауыш сынып оқушылары түгел тегін ыстық тамақпен қамтылатыны айтылған болатын. Бірақ бұл мәселе Солтүстік Қазақстан облысында әлі шешімін тапқан жоқ. Облыстық білім басқармасы басшылығының айтуынша, бұл мәселе әзірге талқылану үстінде. Өңірде бастауыш сынып оқушыларының саны 31 мыңнан асады. Соның ішінде тоғыз мыңнан астамы әлеуметтік жағдайына байланысты тегін ыстық тамақпен қамтылған. Енді қалған 22 мыңнан астам баланы тамақтандыру үшін 500 теңгеден есептегенде жылына екі миллиард теңге қаржы керек. «Бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық аспен қамтып отырған тоғыз облыс қана бар. Бұл облыс бюджетіне байланысты. Өздеріңіз білесіздер, Солтүстік Қазақстан облысы – дотациялық. Сондықтан бұл мәселе әзірге қарастырылу үстінде», – деді Татьяна Николаевна.Тамақ бағасын қымбаттату мәселесіне қатысты өңірде жұмыс тобы құрылды. Оның мүшелері толыққанды зерттеу жүргізгеннен кейін нақты шешім қабылданатын болады.
Солтүстік Қазақстан облысы