Теолог тапшылығы бар
Теолог тапшылығы бар
973
оқылды
Дін қоғам өмірінде ең нәзік сала екені белгілі. Мың түрлі ағым мен сан түрлі бағыттан тұратын салаға тереңдеп бару оңай емес. Сонда да болса қоғамға діни сауаттылық қажет-ақ. Зайырлылық принципін ұстанғанымызбен дін саясатын бақылаусыз қалдыруға болмайды. Осы мақсатта жергілікті жерлерде Дін істері басқармалары құрылды. Сондай-ақ Жастар сая­саты мәселелері жөніндегі басқармалардың да жұмысына теолог мамандар жұмылдырыл­ған болатын. Алайда өңірлерде саланың ұңғыл-шұңғылын жетік білетін дінтанушылар жетіспейді. Теологтардың аймақтарға барудан бас тартуының астарына үңіліп көрген едік. Жамбыл облысы әкімдігі Дін істері басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, басқарма мен оған қарасты Дін проблемаларын зерттеу ортылығында 44 маман жұмыс істейді екен. Оның 25-нің арнайы діни білімі бар.
– Облыс бойынша жоғары діни білімі бар 76 маман болса, соның 25-і басқарма мен орталықта жұмыс істейді. 76 маманның 42-сі исламтанушы, 31-і дінтанушы және үшеуі теолог. Басқарма мен орталықта 25 діни сауаты бар адам жұмыс істеп жатқанымен маман тапшылығы бар. Қазірдің өзінде бізге алты маман қажет .
Олқылықтың орнын толтыру үшін «Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде оқып жатқан 126 жасқа сенім артып отырмыз. Одан бөлек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты бес медресе-колледжде 147 тәлімгер діни білімін шыңдап жатыр. Басқарма аталған оқу орындарымен өзара ықпалдастық туралы меморандум мен келісім жасаған, – дейді облыс әкімдігінің Дін істері басқармасының бас маманы Асылхан Калмырзаев. Бұл Дін істері басқармасына қарасты мамандарға қатысты мәселе. Бұдан бөлек Жастар саясаты мәселелері басқармасына жұмылдырған теолог мамандар да бар. Білгеніміз бұл басқарма да сала мамандарын тарту жұмысы мәз емес.
– Негізі бұрын Жастар саясаты мәселелері басқармасына қарасты Жастар ресурстық орталықтарында теолог мамандар болды. Алайда қазір тек Сарысу, Талас ауданы мен Тараз қаласындағы жастар ресурстық орталығында ғана теолог маман жұмыс істейді. Қалған ауданның барлығында қызметкерлер Ішкі саясат бөлімдеріне қарасты болып отыр. Оның өзі, исламтанушылар мен дінтанушылар. Ал Қордай мен Т.Рысқұлов аудандарында дінтанушы маман мүлде жоқ, – дейді облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Әбдуалиева.
Байқап тұрсақ, мұндағы жағдай да мәз емес. Сонда Дін істері басқармасы жіпке тізіп айтқан жоғары және арнаулы орта оқу орындарында білімін шыңдап шыққан жастар қайда? 2015 жылы ашылған «Хибатулла Тарази» медресесінің өзін осы күнге дейін 107 шәкірт тәмамдаған екен. Сонда олар дін саласында жұмыс жасауға неге құлықсыз?
– Жасыратыны жоқ, облыстық дін проблемаларын зерттеу орталығына, Тараз қаласы мен аудан әкім­діктерінің ішкі саясат бөлімдері мен Жастар ресурстық орталықтарына, Қылмыстық-атқару жүйесі мекеме­леріне дінтанушы мен исламтанушы мамандар өте қажет. Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттерге жоғары білімді діни кадрлардың жетіспеушілігі байқалады. Өкінішке қарай, нарықтық қиындықтармен жоғарғы оқу орындарын бітірген мамандар көбіне үлкен қалаларда қалуды ұйғарады немесе айлығы жоғары басқа салаларға кетіп қалып жатады. Осыған орай, аталған жоғары оқу орындарымен мамандарды өңірге жұмысқа тарту мақсатында меморандумдар бекітілді. Облысымызда дін саласына жұмыс істеуге ниетті түлектерді жұмысқа орналастыруға барынша көмек көрсетуге дайынбыз, – дейді облыс әкімдігі Дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаев.
Бар мәселе тағы тұрмыстық тапшылыққа келіп тіреледі. Жалақының аздығы, баспанамен қамту мәселесінің шешілмеуі сияқты жайттар сыртта оқып жатқан мамандарды өңірге тартуға қолбайлау болып тұр. Дін істері басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, өңірдегі теолог мамандардың айлық жалақысы 80 мың теңгені ғана құрайды екен. Ал бөлім басшыларының жалақысы 95 мың теңгенің шамасында. Мұндай айлықпен жас мамандар қатардағы қызметкер түгілі, басшылық қызметке келмейтіні айдан анық. Өткен жылы облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев бастаған топ «Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетіне барып, студенттермен кездесу өткізген екен. Басқосуда дін саласының маман­дарына облыста бар жағдай жасалатын және қызмет жолында өсу мүмкіндігі туралы ақпарат берілген көрінеді. Сондай-ақ тәжірибелі кадрларды сақтап қалу үшін өңірде жұмыс жасап жатқан теолог мамандардың жалақысын көтеру бойынша тиісті органдарға ұсыныс тасталыпты. Дегенмен бұдан өңірге келіп жергілікті жердегі дін саласын қолға алуға ниетті мамандардың қарасы көбейген жоқ. «Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті универ­ситетінің түлегі, теолог Ерзат Төлешұлының айтуынша, мамандардың өңірлерге жұмысқа келуіне көп кедергі кері әсер етеді екен. – Ең бірінші, әрине тұрғын үй мәселесі. Баспана болмағаннан кейін жұмыстың берекесі болмайтыны анық. Екіншіден, жалақының аздығы. Сондай-ақ ел аралап, қоғаммен жұмыс жасауға тиіс теолог маман­дарға қызметтік көлік қарастырылмаған. Кейбір өңірлерде дін саласына қатысты мекеме басшылығына басқа саланың мамандары тағайын­далып жатыр. Өз ісінің нағыз маманы болмағаннан ол басшы көп жағдайды түсіне бермеуі мүмкін. Содан барып кикілжің туып, жас мамандар қызметті тастап кетіп жатады. Тағы бір мәселе, үй-үйлерді аралап, түрлі тұрғын­дармен кездесу ұйымдастыратын теолог мамандардың қауіпсіздігі құзырлы органдар тарапынан қамтамасыз етілмеген. Діни насихат жұмыстары өзектілігімен қатар, қауіпті де болады. Сондықтан ондай жиындарда тәртіп сақшылары қауіпсіздікке кепіл болғаны абзал.
Бұл бір ғана облыс басшылығының қолынан келетін нәрсе емес. Мәселе мемлекет тарапынан назарға алынып, бірлескен кешенді жоспар түзілгенде ғана теологтарға қатысты түйткілдің түйінін тарқатуға болады, – дейді Ерзат Төлешұлы.
Иә, теолог маманның сөзі орынсыз дей алмассың. Себебі дін мәселесі өңірде өзекті. Бір ғана Қордай қақтығысында осы діни наным мен сенімге қатысты кейбір жайт көрініс тапты. Сондықтан теолог мамандарға жан-жақты қолдау көрсету қажет-ақ. Облыстық Дін проблемаларын зерттеу орталығы «Талдамалық интернет карта», «Кибербақылау», «Кон­тр» сынды интернет кеңістігінде теріс діни контенттерді зерделеу барысында теріс діни бағыттағы топтарға тіркелген 8 279 тұрғынды анықтаған. Одан бөлек ғалам­тор желісінде еркін пайдалануға болатын 6 011 күдікті парақша бақылауға алынып, дінтану сараптамасына жіберілген. Міне, осы сандардың өзі өңірдегі дін мәселесіне айрықша назар аударуға негіз бола алады. Сондықтан жергілікті билік теолог мамандарды қолдаудың өңірлік тетігін қарастырғаны жөн секілді. Күні кеше еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі осы теолог мамандардың мәселесін өзекті етіп көтеріп, дін мамандары жастармен етене жақын жұмыс жүргізу қажетін айтқан болатын. Сондай-ақ әр аймақтан Дін істері басқармаларын жеке дара ме­ке­ме қылып құрып, оларды жан-жақты қолдау қажет­ін ұсынды. Бұны Премьер-Министрдің орын­басары Алтай Көлгінов қолдап, Үкімет деңгейінде оңтайлы шешімін ұсынатынын жеткізді. Демек, енді өңірлер теолог мамандарына қатысты өздерінің нақты ұсы­ныстарын жолдауы қажет. Әйтпесе, аталған мәселе басы күйінде қалса, күні ертең бармақ тістеп қалуы­­мызда ғажап емес.

Жамбыл облысы