Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында «Ауыл аманаты» ауыл халқының табысын арттыру жобасының, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту», «Жайлы мектеп» ұлттық жобаларының іске асырылу барысымен танысты.
Вице-премьер Алтай Көлгінов ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған жобаның алғашқы қатысушыларымен кездесті. «Ауыл аманаты» бағдарламасына Ақтөбе облысындағы 24 ауылдық округтің 43 мыңға жуық тұрғыны қатысады. Бұл құс шаруашылығы бағыты бойынша 2 200-ге жуық жобаны, өсімдік шаруашылығы бойынша 342, шағын бизнес саласында 224, кооперативтерді жарақтандыруды көздейтін 24 жобаны және т. б. іске асыруға мүмкіндік береді.
«Біздің алдымызда халықтың әл-ауқатын арттыру міндеті тұр. Бірқатар өңірде Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл халқының табысын арттыру жобасын іске асыру басталды. Биыл «Ауыл аманаты» жобасы еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылатын болады. Бұл жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруға, жергілікті өнімдерді шығаруға, АӘК алушылар санын қысқартуға, жалпы ауылдар мен өңірлердің тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді», – деді Алтай Көлгінов.Сонымен қатар балалардың сапалы білім алуы үшін инфрақұрылым салу қажет, тұрғындар үшін медициналық қызметтер қолжетімді болуы тиіс.
«Биыл өңірлер 300 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін нысан, 221 жайлы мектеп салуға кірісуі қажет. Өңірлердің әкімдіктері құрылысты уақытылы бастап, салынып жатқан объектілердің сапасын бақылауға, жобаларды іске асыруға үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Сұраныс қатаң болады. Жетекшілік ететін орынбасарлар жеке жауап береді. Бұл әлеуметтік нысандар өңірлерге, ауыл тұрғындарына қажет», – деді Алтай Көлгінов.Бұған дейін вице-премьер Жамбыл облысында болып, онда Алматы, Түркістан, Жетісу облыстарының әкімдіктерінің алдына ұлттық жобаларды сапалы іске асыру бойынша міндеттер қойған болатын.