Нұр-Сұлтанда мас жігіт жолаушылар автобусын айдап кетті
Нұр-Сұлтанда мас жігіт жолаушылар автобусын айдап кетті
© сурет интернеттен алынды
746
оқылды
Елордада жолаушылар автобусын айдап кеткен 28 жастағы жігіт жауапкершілікке тартылады, - деп хабарлады Нұр-сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

3 ақпанда таңғы сағат жетілер шамасында полицияға автобус жүргізушісінен белгісіз ер адамның "MAN SL" автобусын айдап кеткені туралы хабарлама түсті.

Жүргізушінің айтуынша, ол автотұрақта автобусты қыздырып жатқан. Диспетчерлік бөлмеге кірген кезде белгісіз ер адам автобусқа кіріп, көлікті айдап кетіпті.

Жас жігітті құқық қорғаушылары алысқа бармай-ақ қолға түсірді.

"Сағат 07:18-де видеобақылау камераларының көмегімен Республика даңғылы мен Дүкенұлы көшелерінің қиылысында автобусты айдап кеткен 28 жастағы қала тұрғыны ұсталды", - делінген хабарламада.

Медициналық сараптама нәтижесінде жігіттің орташа деңгейде мас болғаны анықталды.

Аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің 200-бабының 1-бөлігі (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз иеленіп алу (айдап кету) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.