Өрмелеп шығып Күн болған!
Өрмелеп шығып Күн болған!
2,227
оқылды
Биыл – тұлғалар жылы. Сондай-ақ биыл – дара кемеңгер, Алаштың ардақты азаматы, қатарынан артық туған, «қараңғы қазақ көгіне, күн болып шыққан» айтулы тұлға Сұлтанмахмұттың да жылы. Оның есімі аталса, «жасынан лапылдап жанып өскен, жалындап өткен, өлең отына өртеніп өлген қыршын дарын көз алдыңа келіп тұра қалады». Сұлтанмахмұтты танытқан – Бейсенбай Ақын туралы естеліктер әуел­де мектеп оқулығынан кезіккен. «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» деген өлең жол­дарын мектеп жасында-ақ жат­тап өстік. Бірақ ол тұста (ке­ңестік кезең) бұл өлеңнің Алаш гимніне айналғанын білген жоқ­пыз. Өйткені Алаш сөзі «жабық» тақырыптардың біріне айналған. Ілуде бір-екеуі болмаса, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан есім­дерін есту мұң. Сол үшін де бізге Сұлманмахмұт жалынды, жарқын жырларымен совет ақыны болып көрінген. Торайғыровтың шына­йы бейнесімен Тәуелсіздік алған­нан кейін ғана таныстық ғой. Жо-жоқ, қателесеміз, Сұлтан­махмұт бейнесін мектеп жасында тағы бір шығармадан оқып білдік. Ол – Дихан Әбілевтің «Сұлтан­махмұт» роман-трилогиясы еді. Жазушының бұл романы ХХ ғасырдың 80-жылдары жарық көр­ген. Ол үш кітаптан тұрады: «Ақын арманы», «Арман жо­лында», «Баянауыл баурайында». Бірінші кітап «Ақын арманы» төрт бөлімнен құралған. Бірінші бөлімде бала Махмұттың өмір­баяны суреттеледі. Оның Рах­метолла қазіреттің қолында мед­реседе оқып жүрген сәтін көресіз. Бала болса да, Рахметолла қазірет сияқты дүмше діндарлардың тір­лігін, олардың нашарларға ж­а­саған қиянат, зорлық-зомбы­лы­ғын көріп, діни оқудан бас тар­тады. Осы қиянат, зорлықтардың барлығы шәкірт Махмұттың жүре­гінен өлең болып өріледі. Әлеу­меттік өлеңдерге көптеп бет бұ­руы да осы кездер болса керек. Сұлтанмахмұт Торайғыров туралы жазылған кесекті шығарма Дихан Әбілевтің роман-трило­гиясы болса, оның бүкіл шығар­машылығын зерттеп-зерделеген жанның бірі – Бейсенбай Кен­жебаев. Ғалым еңбегі болмаса, Сұлтанмахмұт тақырыбы айтыла қояр ма еді, жоқ па еді, кім біл­сін?! Бұл тақырыпты қаузаймын деп, «ұлтшыл» деген атты да ием­денді. Талай сын садағына да төзді. Ғалым, әдебиеттанушы, Бей­сенбай Кенжебаевтың шәкірті Құлбек Ергөбек «Сұлтанмахмұт үшін сор кешкен» деп жазды. «Про­фессор Бейсембай Кенже­байұлының айтуына қарағанда, Сұлтанмахмұт қайтыс болғанда ұлы ақын Мағжан Жұмабайұлы жылап тұрып: «Алатаудай ақы­ныңнан айырылдың қазақ, Қана­тыңнан қайырылдың қазақ» деп, өлеңмен сағаттап сөз сөйлеуінің сыры, шын қайғының қаралы жыры да міне, осында. Ал олай болса, аталмыш қазақ мәде­ние­тінің Алатаудай алыптары қиын тағдыр кешіп, айдалып, аты жа­бық келіп бүгін ғана ақталып жат­қанда Торайғырұлының «тай­раңдап» оқулықтардан орын алып, ортамызда жүргені қалай? Біздіңше, мұның екі себебі бар. Ең алдымен, сұңқаржүрек ақын­ның қара дауыл соққан қаралы, халықты қанжылатқан, қансы­ратқан жылдарға ілікпей, жетпей – 1920 жылы, жиырма жеті жа­сында қайтыс болуы. Асылы, Сұл­танмахмұт басының кірлен­бей аман қалуының екінші басты себебі – зерттеушісінің жүрек­жұтқан мықтылығында, зерт­теушісінің ақын тағдыры үшін аянбай, табанды түрде үздіксіз күресе білуінде» дейді ғалым. Қатондағы «баянсыз» махаббат Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданына барса­ңыз, Шыңғыстай деген ауыл бар. Қалихан Ысқақ айтқандай, ке­шегі – Шәңгіштай. Ел оны Әбді­керім болыстың ордасы деп те санайды. Кезінде сол ауылда бо­лыс мектеп ашқан. Ол мектептің орнында қазір мұражай тұр. Әб­дікерім болыстың тағдыры да ауыр болған. Әлихан Бөкейхандай ұлт тұлғасына баяндамашы бол­ған, совет дәуірінде үш рет түр­меге қамалып, ақыры туған же­рінен топырақ бұйырмай, мүрдесі жат жерде қалған. Әбдікерім болыстың мектебі туралы айтқанда Сұлтанмахмұт Торайғыровты да айтпай кетуге болмайды. Махмұт сол мектепте сабақ берген. Ақынның ізі Шың­ғыстайда сайрап жатыр. Ол ту­ралы көрнекті жазушы Қалихан Ысқақ «Келмес күндер елесінде» ерекше тоқталады. Зертеушілер Қатондағы ақын өмірі туралы айт­қанда оның Әбдікерім бо­лыстың қызы Бағиламен махаб­батын да суреттейді. Амал не, ақын сүйген қызына қолы жетпеген. Ол кезде Бағи­ла­ны айттырып қойған. Оқиғаның соңы ұшықпасын деген оймен, болыс қызын айттырылып қойған жеріне, қыс ішінде Шүй жаққа ұзатып жібереді. Бұл жағдай жаны нәзік Сұлтанмахмұтқа да оңай тимегені анық. Ол жаны күйзеле жүріп, оқу жылын аяқтауға ты­рысады. Осы оқиғадан кейін оның атақты «Кім жазықты» ро­маны жазылады. Ол романның негізінде ақын тағдыры да жатыр.  width= Бұл оқиға Қалихан Ысқақтың ғана емес, ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбайдың да естеліктерінде кездеседі. «Қыс жаңа түсіп, қаһа­рын төге бастаған. Бір күні үйі­мізге қалаша киінген, жұқа өңді, ашаң жанарлы адам келді. Ол Сұлтанмахмұт екен. Асты-үсті тақ­таймен көмкерілген үлкен ағаш үйіміз болатын. Соның төргі бөлмесін екіге бөліп, бір бұрышын шымылдықпен ұстап, Сұлтан­махмұтқа өзінше жеке бөлме жа­сап бердік. Ортасына ағаш стол қойдық. Сонда жазуын жазып, ұзақ түндер отыратын», – деп жазады. Сол оқиғадан кейін 1918 жыл­дың сәуірінде Шыңғыстаудан Семейге оралып, мамыр айында еліне қайтады. Тағдыр енді оған өзі бауыр басқан Семейіне қайта оралуға жазбайды. Өмірінің соң­ғы бір күндерінде ол Шыңғыс­таудағы Сәниязбек бен Ақышқа арнайы хат жазады. Осы хатында ол: «Қарағым Ақыш, мен сен­дердің біраз уақыт орталарында болдым, ауруымның асқынып кеткеніне қарамай күттің. Бұл сенің бекзаттығың ғой. Екі дүниеде разымын» деп қоштасқан екен. Бұл оның соңғы қоштасуы еді. Тағдыр оны Семейге қайта келуге жазбады. Сұлтанмахмұтты Алаштан бөліп қарауға болмайды Ұзақ жылдар бойы ақын өмі­рін зерттеген ғалымдардың бі­рі – Арап Еспенбетов. Ғалым қазір Семейде тұрады. Жетекшісі – Бей­сенбай Кенжебаев. Бұл тақы­рыпқа келуіне де себепкер болған – Бейсенбай ұстазы. Арап ағаға Сұлтанмахмұт туралы бірер сауал қойып, қоңырау шалған едік. Әуел­гі сауалымыз Алашқа қатыс­ты өрбіген. Ғалымнан «Алаш пен Сұлтанмахмұтты не байланыс­тырады?» деп сұрадық. «Ақын Әли­хан Бөкейхан, Ахмет Бай­тұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев деңгейінде айтыла ма?» деген де сауал қойдық. «Алаштан Сұлтанмахмұтты, Сұлтанмахмұтты Алаштан бөліп алу – мүмкін емес нәрсе, – деп бастады ғалым әңгімесін. – Алаш­тың бас идеологтарының бірі – Сұлтанмахмұт Торайғыров болғанын сеніммен айта аламын. Ол 1917 жылы Алашқа арнап, атақты өлеңін жазды. Оның: – Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз, – де­ген өлеңі Алаш гимніне айналды. 1917 жылдың қарашасынан 1918 жылдың наурызына дейін Сұлтанмахмұт атақты Ораз­бай­дың баласы Медеу ауылында бол­ған. Медеу мен Тұрағұл (Абай­дың ұрпағы) – құдандалы адам­дар. Тұрағұлдың қызы Ақылия Оразбайдың немересі Санияз­бекке тұрмысқа шығады. Ол Ақыш апамыздың үйінде жатып, «Таныстыру» дейтін өлеңін жаз­ған. «Социализм» дейтін мақа­ласы да осы кезде шықты. «Та­ныстыру» өлеңінде төңкерістен кейін қазақты бастайтын кім бар, елді кім біріктіре алады, қазақтың сөзін сөйлейтін адам бар ма деген сауалға жауап іздейді. Сөйтіп ол өлеңінде Әлихан Бөкейхан, Мір­жақып Дулатов, Ахмет Байтұр­сынұлы, Мағжан Жұмабаев ту­ралы пікірін білдірген. Сұлтан­мах­мұтты Алаштан бөліп қарай алмайтын себебіміздің тағы бірі – 1917 жылдың күз айында Әли­хан Бөкейхан Семейге келген. Семейге келген кезінде «Сарыар­қа» газетінің бетінде Сұлтан­мах­мұт «Әлиханның Семейге келуі» дейтін мақаласын жариялайды. Бұл мақала репортаж жанрында жазылады. Әлиханның қазақ қоғамындағы орнының қандай екенін көрсетіп берген дүние болды. Көрдіңіз бе? Ол Алаштан ешқашан алыс кетпеген. Оның 1919 жылдың аяғы мен 1920 жылдың басында жазылған «Айтыс» деп аталатын тамаша поэмасы бар. Онда да: – Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын, Ұранға Алаш деген атты аламын. Сүйгенім қазақ өмірі, өзім – қазақ, Мен неге қазақтықтан сақтанамын, – деп жырлаған. ХХ ғасыр басында қазақтың қилы-қилы кезеңі туралы толға­нып, өмір-салты туралы жарқын жырлар жазған ақынның бірі Сұл­танмахмұт деп айтар едім. Сұл­танмахмұт ұмытылып қалған жоқ, оны ұмыттырмаған Бейсен­бай Кенжебаев сияқты ұлт зия­лы­лары. Керісінше, Алаш қай­рат­керлері ақталып, Алаш ақиық­тары айтыла бастаған тұста, оның есімі қайта жарқырап шықты. – Есіңізде болса, бір жылдары Торайғыровты сектант қылып шы­ғарғандар да болды. Бұл тақырып қайдан шықты? Жалпы, Сұлтан­махмұттың дінге көзқарасы қандай болды? – Кейде тілшілер де бір сөздің байыбына бармай жаза береді ғой. Ең алдымен, осы сектант дегеніміз не? Секта деген не? Осы­ған жауап беріп көрдік пе? Біреулер шағын топ құрып, бел­гілі бір діннің аясында ұйым құ­рып жатса, оны секта деуге бо­лады. Ал оған мүше болған адам­дар – сектанттар. Ал Сұлтан­махмұттың сектант болуы мүмкін емес. Кеңес дәуірінде ақын-жазушыларды оқытқан кезде діннен бөліп тастап, атеист етуге тырысты. Керісінше, ХХ ғасыр басындағы ақын-жазушылардың дені дінді жақсы білген, жақсы ұғынған. Дінді түсіне алмай, ұғына алмай келе жатқан бүгінгі ұрпақ – Сіз бен біздер. Осыны білген жөн. Әйтпесе, Сұлтан­махмұттың дін туралы жазған өлеңдері өте көп. Осының бәрінде дінді жек көрген жоқ. Ол қайта дінді бұрмалайтын дүмшелерді сынаған. Құрандағы айтылған сөзді түсінбейтін, діннің нәрін ұқпайтындарға тойтарыс беріп отырған. Екіншіден, Сұлтан­мах­мұт діннің тазалығын жақтаған адам. Дінді өздерінің ішіп-же­міне, күнделікті тұрмысына пай­дала­натын дүмшелерге қар­сы­лығын білдірген. Сұлтанмах­мұттың жи­нақтарында жоқ. Мен мұны кейін таптым. Келешекте жинақтарына енгіземін деп отырмын. 1914 жы­лы «Айқап» журналында ол «Құ­ран бұзған» деген мақала жазыпты. Сол мақа­ласында Құранға қалай болса, солай қарайтындарды сынап жазады. Қазан шаһарында Хари­тонов деген орыс Құран кітабын шығарады. Шығарғанын қайте­йін, ол кітаптың мүлдем бұзылып, қате-қате болып шық­қан. Соған ренішін жазады. «Үйімде Құран бар деп, аққа бай­лап, қадірлеп ұстағанымен, оның мазмұнына мән беретін адам­дардың жоқ екенін» айтады. Діни сауаттың болмағанына, діннің дұрыс та­рамағанына қапаланады. Сұл­танмахмұт – дінді ұққан, Құ­ран­ның жолын, діннің жолын жете білген, терең адам. Сұлтанмахмұт – Өткен жазда Қатонқарағайға барғанымызда Әбдікәрім болыстың мектебіне (мұражайына) соққан едік. Сол жақта да Сұлтан­мах­мұт­тың есімі жиі айтылады екен. Бірақ ақын ол жақта ұзақ уақыт тұр­мағанын білеміз. Кейін ақынның шығыстан ерте қайтып кетуіне «баянсыз» махаббаты себепкер болды ма? – Бұл айтып отырғаныңызда шындық бар. 1914 жылдың қыр­күйегінде Сұлтанмахмұт өзінің туған жері Семейге келеді. Се­мейге келудегі мақсаты – Нұрғали Құлжанов пен Нәзипа Құлжанова басқаратын мұғалімдер семи­нариясында білім алу. Сондай үмітпен келеді. Өкінішке қарай, үлкендермен қатар оқиын десе, білімі жетпейді, балалармен қатар оқығанға, жасы асып кеткен. Тура сол уақытта Қатонқарағайдан атақты Әбдікерім болыс Семейге келіп жатыр екен. Бала оқытатын мұғалім іздеп келіпті. Онда Сұл­танмахмұттың «Айқап» пен «Қа­зақ» газеттеріне мақала жазып жүрген кезі. Жазу-сызуымен жақ­сы таныс Әбдікерім Махмұтты өзімен бірге Қатонға алып кетеді. Бағиламен махаббаты сол жақта басталады. Жастық жалын бар, өзі терең білімді, сезімтал ақын адам сұлу қызды көріп, бір­ден ұнатып қалса керек. Бағила екеуінің бір-біріне көңілі кетіп, шын сүйісіп, ғашық болады. Сұл­танмахмұт мінезі тік адам, бо­лысқа кіріп келіп: «Бір-бірімізді сүйеміз, батаңды бер» деп сұрай­ды. Оған болыс ренжіп қалады. Қызы белгілі, ауқатты жерге айт­тырылып қойған. Сөйтіп жедел қызын ұзатып жіберген. «Бағиланы ұзатқаннан кейінгі өмірім өмір емес» деп, әуелі Зай­санға келеді. Тройскіде бірге оқы­ған азаматтары бар. Тағы басқа жолдастары болады. Солардың қасында жатады. Махаббаттың дертіне күйген Сұлтанмахмұт біраз уақыт Зайсанда болады да, ұзақ қалуға қаражаты болмай, Тарбағатай жаққа Құрбан қажы жеген кісінің ауылына кетеді. Шын мәнінде, Бағила екеуінің ғашық болғаны рас. Бағиланың ұзатылған жері қазіргі Ресей ай­мағында Қосағаш дейтін жерде екен. Сол ауылда тұрды. Кейі­нірек, 1960 жылдардың аяғында Бағиланың баласы Қатон­қара­ғайға келіп кеткен. Ол туралы кезінде «Шалқар» газеті жазды. Екеуінің махаббаты туралы та­рихи деректер осы ғана. – Сұлтанмахмұтты зерттеп, бүкіл шығармаларын танытқан жанның бірі – Бейсенбай Кенже­баев екенін жақсы білеміз. Сіздің бұл тақырыпқа баруыңыздың сыры неде? – Семей педагогикалық инс­титутын бітірдім. Институтты бі­т­ірген соң, ғалым болуды таңда­дым. Ұстазым – Қайым Мұхамед­ханов. Ол кісі Бейсекеңді (Бей­сенбай Кенжебаевты) жақсы та­ни­ды екен. «Ғалым боламын де­сең, сол кісіге хабарлас. Оларда аспирантураға түсуге мүмкіндік бар» деп бағыт сілтеді. Оған дейін Семейде жүргенде «Қозы Көр­пеш-Баян сұлудың» 16-17 нұс­қасы бар, осыны зерттеп көрсең қайтеді» деген еді. Өзім де осы тақырыпты зерттеп көрейін деген оймен дайындалып жүрген едім. 1970 жылы Алматыға аспиран­тураға түстім. Алғашқы мәжіліс­тен кейін бәрімізді жинап алып, қандай тақырып ұсынаты­ны­мызды сұрады. Өз тақырыбымды айтып едім, жас ғалым Рымғали Нұрғалиев қарсы болды. «Бей­секе, сіз өзіңіз ұзақ жыл Сұлтан­махмұтты зерттедіңіз, көп сынға ұшырадыңыз, осының бәрін қорытындылап, жаңаша айтатын кез келді, осы тақы­рыпты бекітіп берейік, өзіңіз жетекшілік жа­са­ңыз» деді. Менің Сұлтанмах­мұт­пен «ауыра бас­тауым» сол 1970 жылдан бас­тал­ды. Бейсекең бір сыпайы мінезі бар, қарапайым, биязы, архивтен ақтармаған нәр­сесі жоқ, мықты адам екен. Сол кісі маған көп серпіліс берді. – Сіз Сұлтанмахмұтты зерттеп бастаған кездері Дихан Әбіловпен таныс болдыңыз ба? Ол кісінің романы кейінірек, 1980 жылдары жарық көріпті. Романды қалай қабылдадыңыз? – Роман кейінірек жазылды. Ол да жаман дүние емес. Дихан Әбілевтің «Сұлтанмахмұт» ро­ман-трилогиясы көп зерттеліп, жазылған шығарма. Трилогия шыққан кезде сынағандар да көп болды. «Қазақ әдебиетінде ро­ман-эпепея жазған Әуезов ғана, Әуезов болғысы келе ме?» деген сияқты пікірлер де айтылды. Қан­ша сын айтылса да, жақсы шы­ғарманы жақсы деп мойындаған абзал. 1993 жылы Сұлтанмах­мұт­тың 100 жылдығы атап өтілді. Сонда мен баяндама жасадым. Дихан Әбілев те сол жиынға қа­тысты. Таныстым, өзімнің зерттеу кітабымды бердім. Кейін де біраз хабарласып жүрді. Шығар­мала­рыңызды оқыдым, дұрыс екен деген пікір айттым.  
P.S. Биыл Сұлтанмахмұт ме­рейтойы дедік. Республика мек­тептерінде, ақын туған Павлодар өңірінде поэзия сағаттары өткізіліп, жыл бойы Торайғыров мұралары кеңінен насихатталса, сөйтіп Сұлтанмахмұт жырларын жас ұрпақ зердесіне жеткізу қолға алынса дейміз.