Соңғы жылдары Қызылорда облысына қарасты Қазалы ауданында соны серпіліс байқалады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші артып, халық тұрмысы түзеліп келеді. Қайта түлеген ауданның өткені мен алдағы міндеттері төңірегінде Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кеңінен мәлімдеді.
«Қазіргі таңда аудан орталығынан 600 гектар жер учаскесін бөлініп, жаңадан салынатын тұрғын үйлердің инженерлік-инфрақұрылымын қамтамасыз ету жобасы әзірленіп отыр. Бұл тұрғыда Әйтеке би кентіндегы 180 гектар жер учаскесіндегі тұрғын үйлердің сервистік ауыз су желісінің құрылысы басталса, аудан орталығындағы 4 қабатты тұрғын үйді күрделі жөндеу, 18 пәтерлі 6 тұрғын үйдің аумағын абаттандыру жұмыстары биылғы жылдың еншісінде тұр. Ауданды көгілдір отынмен қамты мәселесі де назардан тыс емес. Осы орайда тиісті жоба-сметалық құжаттары жеке кәсіпкердің демеушілігімен әзірленіп, сараптамадан өтті. Бүгінде ауданды газбен қамту көрсеткіші 63,2 пайызды құрайды», - деді бұл жайында Мұхтар Әуесұлы.
«Жалпы ауданда жақсы жағдайдағы жолдың үлесі 85 пайызға жетті. Биылғы жылға аудандық маңыздағы 4 автомобиль жолы жөндеуден өткізілетін болады. Бұл үшін бюджеттен 1,2 млрд. теңге бөлінді. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында елдімекенішілік жолдарды да орташа жөндеуден өткізу көзделіп отыр. Әйтеке би кенті мен Басықара ауылы арасындағы көпір құрылысы биыл аяқталады. Сол сияқты Қарлан көпірінің құрылысын жалғастыруға бюджеттен 1,6 млрд. теңге қаралып отыр», - дейді аудан басшысы.