Тергеу ашық жүргізілуі керек – Нұржан Нұрсипатов
Тергеу ашық жүргізілуі керек – Нұржан Нұрсипатов
1,033
оқылды
Сарбаз болу, әскерге бару бұрын әр жігіттің арманы еді. «Отан алдын­дағы борышын өтеп келді» деп ата-аналары да мақтан ететін. Ал қазір жағдай керісінше. Әскерден суық хабар келген сайын әр отбасы ержетіп келе жатқан баласы үшін уайымдайтын болды. Себебі де түсінікті. Ал кеше Тараз қаласындағы «Шөлдала» шекара бөлімінде қаза тапқан сарбаздың өліміне қатысты тың дерек шықты. Жағамызды ұстадық. Ізін суытпай Қорғаныс министрлігінің департамент басшысының пара алғаны жайлы ақпарат тарады. Осыған орай, сенатор Нұржан Нұрсипатовпен тілдестік. – Жақында Астана маңында парашюттен секіру кезінде сарбаз қаза болды. Соңғы кезде әскердегі сарбаздардың мерт болуы жиілеп кетті. Мұның себебі неде? – Сарбаздардың қаза болуы жиілеп кетті деп айту – қате. Се­бебі барлық жағдай бір бөлімшеде болып жатқан жоқ. Сондық­тан бұлай деу халықты дүрлік­тіреді. Ал Астанадағы оқиға тағы да коман­дирлердің кінәсінен бо­лып отыр. Олар парашюттен секі­рер алдында сарбаздарды дұрыс­тап дайындықтан өткізуі керек еді. Нұсқаушылар алдын-ала сарбаз­дар­дың парашютті қалай қолдана­тынын, жинай­тынын тексеріп, емтихан алады. Жас сарбаздың оқыс оқиғаға ұшырауына түрлі жағ­дай себеп болуы мүмкін. Пара­шют секірген кезде ашылмай қал­уы да, бекітетін аспаптардың ақауының да болуы мүмкін. Мұны ұшақ экипажы және нұсқаушылар бірлесіп тексеруі керек еді. Сосын кіші командирлер әр сарбаздың қалай парашютті жинағанын тексеріп тұруы қажет. Ұшақтан секірген кезде де нұсқаушылар бақылап тұруы керек. Сондықтан сарбаз­дың қазасы осы маман­дардың кінәсі деп ойлаймын. Жас сарбаз өзін ажалға қиып пара­шюттен секіре қоймайды. Тек қана кінә басшылардан, кіші, үлкен коман­дирлерден. Бұл жер­дегі жағдай – оқыс оқиға. Әлім­жеттік те, төбе­лес те емес. Сол әскердегі басшы­лардың салғырт­тығынан деп есеп­­теймін. – Ал былтыр 19 тамызда Ұлт­тық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне қарасты Тараз қаласын­дағы «Шөлдала» шекара бөлімінде борышын өтеп жүрген азамат асылып тұрған жерінен табылды. Дегенмен адвокаты тергеуге қысым жасалып жатқанын, тергеу көп нәрсені байқағысы келмейтінін ашық айтып, нақты фактілерді БАҚ-қа жариялады. Сонда әскер­дегі әлімжеттік әлі де тиылмаған ба? Неге тергеу әділ жүргізілмейді? – Тергеуді тексеретін, қадаға­лайтын орган – прокуратура. Бас прокурордың орынбасары әскери прокурор осы сұраққа нақты жауап беруі керек. Олар тергеу­шінің қандай қадам жасағанын, қандай іс-шаралар жүргізіп жат­қа­нын, қандай сараптамаға жібер­генін уақытымен, суретімен ашық халыққа жариялап отыруы керек. Әскери прокурорлар сол үшін отыр, сол үшін еңбекақы алады. Әр жедел қызметкердің, әр тергеу­шінің іс-қимылын тексеретін прокурорлар. Адвокат тергеудің ұзаққа созылып кеткенін, қысым жасалып жатқанын айтты. Енді тергеуді әскери прокурор қадаға­лауы керек. Әскери прокурор нақты уақытымен, тергеудің қалай жүргізіліп жатқанын айтып беруі қажет. Адам баласы болған соң, мейлі ол әскери форма кисе де, басқа мамандық иесі болса да өздерін қорғап қалғысы келеді. Сондықтан тергеу барысында командирлердің неше түрлі қи­тұр­қы­лыққа барып, өтірік айтуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселені тек прокуратура ғана емес, Президент әкімшілігінің құқық қорғау органдарын қадағалайтын бөлімі қадағалауға алса деген өтініш бар. Бүкіл Қазақстан халқы осы жағдайға алаңдап қарап отыр. Ертең барлық ата-ананың баласы әскерге барады. Сондықтан әділ­дік ашылуы және басқа бөлімше­лерге сабақ болуы қажет. Бас про­куратура өкілдері брифинг өт­кізіп, тергеудің барысын халық­қа жариялауы керек. Одан кейін әскери прокурор әлеуметтік желі­лерге орын алған қылмыстар мен тергеу процестерін жазып, дер кезінде жариялап отыруы тиіс. Егер шынымен де, адвокат айтқан жағ­дай болса, бұл шектен шық­қан­дық. – Қорғаныс министрлігінің департамент басшысы 20 000 дол­лар пара алды деген күдікпен қамау­­ға алынды. Сонда жемқорлық әділдікті ту еткен әскери азамат­тарға да жеткен бе? – Қоғам қандай болса, адамы да сондай болады. Жемқорлық құқық қорғау органдарында да, прокуратурада да, әскерилердің арасында да болуы мүмкін. Отыз жылдың ішінде қаншама генерал сотталды. Олардың көбісі жем­қор­лықпен істі болып отыр. Дегенмен бұлай таңғалуға да бол­майды. Сондықтан жемқорлыққа қарсы күресті күшейту керек. Бұл тек сөзбен айтылып қоятын мә­селе емес. Үш жыл сайын әскерде аттестация болады. Сонда поли­граф бойынша да тексерістен өткізу керек. Ұлттық қауіпсіздік комитетінде аттестациядан өткен кезде: «Параға қанша теңге ал­дың?» деген сұрақтар бар. Поли­граф арқылы тексеруді барлық мекемелерге енгізу керек. Коман­дирлер немесе қызметкерлер кішкене болсын пара алуға бейім деп анықталса жұмыстан босату қажет. Олар адаммен емес, ­техника­мен жұмыс істесін. Кейін 3-4 жылдан кейін пара алуға деген ойы дұрысталса, қайта командир­лікке қоюға болады. Жүйеге осындай өзгерістер керек. Алтын көрсе жолдан таятын әскерилер бар. Олардың ішінде мемлекеттік тапсырыс мәселелерімен айна­лыса­тын, тамақ сатып алатын, қару-жарақ сатып алатын, құры­лыс салдыратын азаматтардың арасында жемқорлық көбірек кездеседі. Сондықтан осы сала­дағы адамдарды бақылауда ұстау керек. – Осындай жағдайлар халық­тың қарулы күштерге деген сенімін азайтпай ма? Осы мәселелерді дұрыстап анық­тамаса, дұрыстап қадаға­ламаса қарулы күштерге халық сенбейтін болады. Әрбір тергеу ашық болса, бас прокурор соңғы он жылдағы қылмыстық тергеу­лерді әлеуметтік желілерге жария­лап отырса, әр құрылымдағы баспасөз хатшылары апта сайын есеп берсе халық та сенеді. Ал жауапты органдар үндемей отырса, халықтың көңілінде күдік туады. Шұғыл, күрделі, кешенді шаралар қолданылу керек. Әр апта сайын әскери прокуратура әрбір іске талдау жасап отыруы керек. Сонда халықтың да сенімі оянады. – Әңгімеңізге рақмет!