Қорғансыздар қоңырауы сотқа жете ме?
Қорғансыздар қоңырауы сотқа жете ме?
590
оқылды
Ішкі істер министрлігі отбасылық зорлық-зомбылықпен күресудің тың тәсілін тапқанша, елдегі әйелдер мен балалардың өмір сүру құқығы табанға тапталып жатыр. Олай дейтініміз, жыл сайын өмірдегі агрессорлардың «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» қалған әйелдердің арасында жаға ұстатарлық өлім-жітім де көбейген. Тіпті, соңғы уақытта құқық қорғау қызметкерлерінің ескертпесін елең қылмайтын тұрмыстағы тирандар жұрттың көзінше жарын жұдырықтың астына алып, тапа-тал түсте әйелін сабап, өлтіре беретін болды. Қосымша шектеуді құлаққа іле ме? Былтыр «жуан жұдырықтарға» жаңа жауапкершілік қарасты­ры­латыны туралы айтқан Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов «ен­дігі жерде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында тұрған адам­ға қатысты қосымша саралау белгісі енгізіледі» деген еді. Яғни, осы саладағы әкімшілік құқық­бұзушылықтар бойынша қамауға алу мерзімінің төменгі шегін 5 тәуліктен бастап белгілеу, ал қайта құқықбұзушылық жасаса, қамауға алу мерзімін 25 тәулікке дейін ұл­ғайту көзделеді. Одан бөлек, сот­та тараптардың татуласу рәсі­міне қойылатын талаптарды қа­таңдату қарастырылады. Мысалы, құқыққа қарсы іс-әрекетті қайта жасаған кезде тараптар татуласа алмауы мүмкін. Сондай-ақ зардап шеккен­дерге психологиялық қы­сым көр­се­тудің қатал тәжірибесін тоқта­туға мүмкіндік берілмек. Ал түсін­діру жұмысын түсінбейтіндер мен қорғану нұсқамасын құлағына ілмейтіндер үшін ескерту түріндегі әкімшілік жазалау шараларын қоғамдық жұмыстарға ауыстыру мәселесі қаралуда. Учаскелік по­лиция инспекторларына жәбірле­нушілердің арызы болмаса да, қор­­ғау нұсқамасын шығаруға өкі­лет беру жөнінде ұсыныстар ен­гі­зіл­ген. Өйткені тұрмыстық зор­лық-зомбылық құрбаны көбінесе агрессордың психологиялық қы­сымына ұшырайтындықтан арыз беруден бас тартады екен. Қосым­ша министрлік тарапынан Бас про­куратураға отбасылық-тұр­мыс­тық қатынастар саласындағы әкім­шілік баптар (отбасыда ұрып-соғу, денсаулыққа жеңіл зиян кел­тіру) бойынша санкцияларды кү­шейту секілді ұсыныстар әзірлен­ген. Отбасындағы жанжалқойға жауапкершіліктің қатаңдатылуы дұрыс-ақ. Бірақ осы салада қызмет етіп жүрген құқық қорғау қызмет­керлері мен заңгерлер талай жыл­дан бері тұрмыстағы тирандардың ісіне қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаса, жуан жұдырық­тылардың қолынан жазым бола­тындардың азаймайтынын айтып-ақ келеді. Күн сайын құқығы тап­талып, тұрмыстағы тирандар­дың тепкісін көріп келе жатқан жәбірленушілердің жанайқайы мен жаға ұстатар оқиғалары құзырлы орындардың құлағына жетер емес. Сенім телефонына соғылған қоңырау көп Осы уақытқа дейін қылмыстық істегі сот психологиялық сарапта­маның мүмкіндіктері мен ерек­шеліктері жөнінде талдау жасаған мамандар жуан жұдырықтан жәбір көргендерден соғылатын қоңырау да, отбасылық кикілжіңнен кейін әйелдердің суицид жасайтын фактілері де жиілеп кеткенін айт­қан-ды. Қазір әйеліне қол көтерсе, жәбірленуші «102» каналына не болмаса ұялы телефон арқылы SOS мобильдік қосымшасы ар­қылы хабарлама жіберуге болады. Бірақ батылы жетіп сенім теле­фонына қоңырау шалғандардың көбісі қорлыққа көз жұма қарауды ары қарай да жалғастыра береді. Ішкі істер министрлігі отбасылық зорлық-зомбылықтан жапа шек­кен 10 адамның екеуі ғана поли­цияға шағымданатынын айтады. Мәселен, былтыр тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша по­лицияға 120 501 рет қоңырау со­ғыл­ған. Соның ішінде ең көп қо­ңырау Астана қаласына тиесілі. Одан кейін Алматы мен Қарағанды облыстарының тұрғындарынан түскен хабарлама көп. Ішкі істер министрлігінің статистикалық мәліметіне сүйенсек, осы соғылған қоңыраулардың жартысы тергеп-тексеруге жіберілмейді. Себебі был­тыр сенім телефонына хабар­ласқандардың 68 023-і арыз жазу­дан бас тартқан көрінеді. Сонда сотқа бар-жоғы 52 478 іс жолданған. Оның өзінде соттың тараптарды татуластыру рәсімінен кейін бұл сан одан сайын қысқара береді. Мысалы, сенім телефонына қоңы­рау шалғандардың саны бойынша үштіктің ішіндегі елордада 11 302 адамның 7 403-і арыз жазудан үзіл­ді-кесілді бар тартыпты. Сотқа жол­данған 3 899 істің 2 109-ы тату­ласу негізінде тоқтатылған. Алма­ты қаласында да шалынған 11 161 қоңыраудың жартысынан астамы, яғни 8 425 адам арыз жазудан бас тартса, 2 736 іс сотқа жеткен. Алай­да тараптарды татуластырудан ке­йін бар-жоғы 409 іс қана сотта қаралған. Сондай-ақ «үштіктегі» Қарағанды облысында да сенім те­лефонына хабарласқан 9 963 адам­ның 6 199-ы арыз жазғысы кел­мейтінін айтыпты. 3 764 қара­ғандылықтың ісі сотқа жолданғ­а­нымен, бұл жерде де 1 233 адамның арызы тараптардың татуласуымен аяқталған. [caption id="attachment_237436" align="aligncenter" width="1400"]зорлық © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Астана қаласы Полиция де­партаменті Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлінісінің аға инспекторы Гүлмира Шрах­ме­това басқа аймақтардан қарағанда елордада тұрмыстық зорлық-зом­былық фактілері бойынша «102» каналына түскен қоңыраулар көп екенін мойындайды. Айтуынша, оның бірнеше себебі бар. «Астанада көші-қон өте қатты жүріп жатыр. Одан бөлек, халықтың құқықбұзу­шылыққа нөлдік төзімділігі артып келеді. Мысалы, кейбір жағдайда көршілері де хабарласып «ұрыс-керіс болып жатыр, тексеріп ке­тесіздер ме?» деп басқа біреудің мә­селесіне бейжай қарамай, алаң­даушылық танытып жататындар бар. Әйелдерді зорлық-зомбы­лық­тан қорғау бөлінісінің жұмысы жолға қойылған. Бұл орайда от­басылық зорлық-зомбылық бо­йын­ша халыққа ақпарат беру, тү­сіндіру жұмысы жақсы жүргізілуде. Сонымен бірге біздің сенім теле­фонына Астанадан ғана емес, басқа облыстардан да көмек сұрап хабарласып жататын жағдайлар жиі кездеседі», – дейді ол. Сенім телефонына хабарласатындардың көбісі 20-30 жастағы қыз-келін­шектер екен. Өйткені бұл жастағы адамдар өздеріне жасалған зорлық-зомбылыққа төзіп шыдап отыра алмайды. Ал 30-40 жастағы адам­дар анда-санда хабарласып, ба­сындағы жағдайды баяндауы мүмкін. Көбінесе, бұл жастағылар жәбірлеушіге мүмкіндік беріп, татуласуға әрекет еткісі келетіндер. Қырық жастан асқан әйелдердің көбісі жуан жұдырықтың тепкісіне әбден көндігіп кеткен. Олар бірлі-екілі жағдайда ғана хабарласуы мүмкін. Оның өзінде аяқ-қолын сындырып, басын жармаса, «үнде­меген үйдей бәледен құтыладыға» салатындар. Сонымен қатар ста­тистикалық көрсеткіштің күрт өсіп кетуіне сенім телефонына қоңырау шалатындардың санаулы уақытта бір нөмірден бірнеше қоңырау соғылуы себеп болады екен. «Кей­бір жағдайда жарты сағаттың өзін­де 4-5 рет қоңырау шалып, «Қашан келесіздер, қайда келдіңіздер?» деп хабарласатындар болады. Бұл да статистикаға кері әсерін тигізеді. Тағы бір айтарым, сенім теле­фо­нына қоңырау соғатындардың кө­бісі азаматтық некеде тұра­тын­дар», – дейді Гүлмира Шрахметова. Алдын алу шарасы аса маңызды Тұрмыстық зорлық-зомбы­лыққа тосқауыл болмаудың сал­дарынан жуан жұдырықтан жәбір көргендерден соғылатын қоңырау көбейген. Сол үшін дәл қазір біздің елге де шетел тәжірибесінің тиімді тұсын өзімізге алып, агрессорларды жөнге салудың алғышартын жа­сай­тын уақыт келген секілді. Айталық, соңғы 20 жылда көп­теген мемлекеттер әйелдерге қа­тысты зорлық-зомбылық актілері­нің алдын алу туралы заңнаманы қабылдаған. Мысалы, Канадада әйелдердің жағдайын жақсартуға жауапты арнайы бөлімі бар Әйел­дер істері министрлігі жұмыс іс­тейді. Бұл елде зорлық-зомбылық құрбандарына тәулік бойы жұмыс істейтін портативті сигналдық ап­паратура тегін беріледі екен. Қа­уіпті тобындағы отбасылар жергі­лікті әлеуметтік қызметтер арқылы анықталып, соттар түрмеге қамақ­қа балама ретінде агрессорларды мінез-құлықты арнайы психо­ло­гиялық түзету курстарынан өтуге міндеттейді. Сондай-ақ зорлық-зомбылық құрбандары мен зор­лық-зомбылық жасаушыларға бір­лескен кеңес беру бағдарла­ма­лары бар. Егер қатысушы толық курстан өтпесе, онда ол түрмеге жабылады. Ал АҚШ-та отбасылық-тұрмыстық құқықбұзушылықтар бойынша татуласуға тыйым са­лынады. Егер полиция отбасын­дағы зорлық-зомбылыққа шақы­рылса және оларда зорлық-зом­бы­лық жасалды деп сенуге негіз бар болса, олар кінәліні тұтқындауға міндетті. Жәбірленуші айып тақ­қы­сы келмесе де, іс жалғасады. Швецияда да қажет болған жағ­дайда зардап шеккендерге оқ­қағарлар мен электронды қорғаныс құралдары бөлінеді. Тіпті, бұл елде жәбірленушілерше жаңа құжаттар мен баспана алуға көмек көрсеті­л­е­ді. Түркияда да жәбірленушілерге көмек орталығымен байланысуға мүмкіндік беретін электронды білезіктер беріледі. Тұрмыстық зорлық-зомбы­лық­қа тұсау салатын осындай түбегейлі өзгеріс бізге де қажет. Жазаның қатаңдатылуы ғана емес, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себептері мен жағдайларын жоюдың тиімді шаралары қам­тылмай, сенім телефонына шалы­натын қоңырауларды азайту мүм­кін болмайды. Заңгер Айман Омарова бұған дейін берген пікі­рінде де, қазір де қосымша жазалау шаралары тиімсіз екенін айтып отыр. «Ден­саулыққа жеңіл зиян кел­тіру» бабымен қозғалатын іс­тердің ертеңгі күні екі тараптың орны толмас қайғымен аяқтауына себеп болып жатқанын көріп отыр­мыз. Сондықтан заңгер ал­дыңғы кезекте агрессорлардың ісі ауыр баппен қаралып, отбасы мен қоғамдағы зорлық-зомбылықты алдын алу жолдары туралы дәріс­тер мектеп қабырғасынан бастап кеңінен түсіндірілуі қажет екенін айтады.