Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Ұлттық банк еліміздегі ең танымал ипотека – «7-20-25» бағдарламасын 2029 жылға дейін жалғастырады дегенде көпшілік қуанып еді. Дегенмен бұл қуаныш ұзаққа созылған жоқ. Жылдың соңында құрылыс компаниялары жаппай жаңа үйлерді тапсырды. Салдарынан қаңтар айына бөлінген лимит 3 күнге жетпей таусылған. Енді халық қайда барарын білмей отыр. Себебі банктің есігі ипотека рәсімдеймін дегендерге жабық.
Иә, көпшіліктің «тиімді бағдарлама жұмысын тоқтатпаса екен» деген тілегі орындалды. Бірақ бағдарламаның негізгі талаптары сақталғанымен, бірқатар өзгеріс те бар. Мәселен, қаржыландыруға лимит енгізілді. Енді бағдарламаға жылына 100 млрд теңге бөлінеді. Тиісінше, әділдік қағидатын сақтау үшін «7-20-25» ипотекасын тек бір рет алуға болады. Яғни, бұған дейін «7-20-25»-пен баспана алған адам енді бұл бағдарламаға қатыса алмайды. Бұл тиімді ипотеканың шынымен мұқтаж азаматтарға берілуі үшін керек.
Сарапшы Айбар Олжайдың пікіріне қарағанда, бағдарламаның жылдық лимиті коммерциялық нарықты бұзбайды.
– Бұған дейін сарапшылардың көбі базалық мөлшерлеменің жоғарылығы жағдайында «7-20-25» секілді төмен мөлшерлемелі (мемлекет арқылы субсидияланатын) мемлекеттік бағдарламалардың нарық қарым-қатынастарын бұзып, банктердің коммерциялық ипотеканы дамытуына кедергі келтіретінін алға тартып келген еді. Енді «7-20-25» арқылы бір жылға берілетін 100 млрд теңге нарыққа анау айтқандай әсер ете алмайды. Өйткені бұл сома теңізге тамған тамшыдай ғана, – дейді ол.
2022 жылы «7-20-25» бағдарламасы аясында 852,2 млрд теңгеге 64 146 жеңілдетілген қарыз берілді. Бағдарлама 2018 жылы іске қосылған болатын. Осылайша, желтоқсан айында «7-20-25» бағдарламасына бастапқыда бөлінген 1 триллион теңгенің 164 миллиард теңгесі қалды. Халық осы қаржыны пайдаланып үлгереміз деп ойласа керек. Дегенмен жаңа жылдан бастап бұл бағдарламаға бірқатар өзгеріс енгізілді. Нәтижесінде, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы қайта жасақталды.
Айлық лимит үш күнге жетпеген
Елордалық Салтанат Тұяқованың бармаған банкі қалмаған. Үйдің құжаттары дайын болса да, табанынан таусылып, ипотекалық бағдарламаға қатыса алмай жүргеніне жиырма күннен асты.
– Барлық банктің айтатын жауабы бір: «Осы айға бөлінген лимит бітті» дейді. Ал ақпан айында лимиттің қашан бөлінетінін ешкім білмейді. Мен ғана емес, мыңнан астам адамның уайымы – осы. Ал құрылыс компаниясы бізді күтіп отырмайды. Ипотека рәсімдеуге 30 күн берді. Ары қарай асқан әр күніне 20 мың теңгеден қосып төлейміз. Бірнеше күн бұрын RBK банкі құжат қабылдап бастапты деп естідік. Бірақ бірнеше сағатта бөлінген лимит таусылыпты. Банкте таныс менеджерлері барлар лимиттің ашылғанын бірінші болып естиді. Ал біз бұл түрімізбен әлі қанша күтетінімізді білмейміз, – дейді Салтанат Тұяқова.
Ипотекалық кеңесші Аягөз Асқарқызының айтуынша, «7-20-25» бағдарламасын ұзарту қате болды. Сонымен қатар лимит қою мен оны банктерге бөлу де орынсыз. Ипотека рәсімдеймін деген адамдар қазір ештеңе жасай алмай отыр. Мұндай жағдайға дейін жеткізу үлкен қателік. 2029 жылға дейін инфляция салдарынан бұл бағдарлама тиімсіз болады. Қазір қарапайым халық сандалып не істерін білмей жүр.
– Иә, «7-20-25» бағдарламасына жылына 100 млрд теңге бөлінеді. Бұл айына – 8,3 млрд теңге. Осы қаржыны банктерге бөлсек, бір банк тек Қазақстаннан небәрі 70 адамға бере алады. Былтыр осы бағдарламаға сұраныс жоғары болды. Нәтижесінде, өткен қазан, қараша айларында 170 млрд теңге игерілді. Ал қарашада барлық құрылыс компаниясы дайын болған үйлерді тапсыра бастады. Сондықтан осы қаңтар айына бөлінген лимит жұмыс күнінің үшінші күніне жетпей бітіп қалды. Сол себепті Ұлттық банк бағдарламаның уақыты мен лимитін ұзартуы керек немесе қаржыны 2023 жылдың соңына дейін ғана бөлсін, – дейді ипотекалық кеңесші Аягөз Асқарқызы.
Қаржы әр тоқсанға бөлінетін болды
«Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ бас менеджері Айбар Олжайдың пікірінше, биыл қабылданған өзгерістер бойынша бағдарламаның лимиті –100 миллиард теңге. Одан бөлек, «7-20-25» бағдарламасына бұған дейін қатысқан азаматтар екі рет ипотека рәсімдей алмайды. Мүмкіндік тек бір-ақ рет беріледі. Сондықтан биыл ипотекалық бағдарламаны жалғастырудың екі жолы болды. Бірі – 2022 жылдан қалған қаржыны 2023 жылдың басында игеріп тастап, ары қарай тоқтата тұру. Немесе жаңа жылдан бастап ай сайын лимит бөліп жалғастыру. Қазір екінші шешім қабылданды.
– Бағдарламаның шарттарының, оның қаржыландыру көлемінің акционері – Ұлттық банк. Оның басқармасынан бізге жаңа шешімдер келіп түсуде. Бұл жерде біз сол шешімді орындаймыз. Дегенмен қаңтар айында лимиттің тез бітіп қалғанынан кейін бағдарлама қайта қаралды. Енді ақпан айынан бастап қаржы банктерге әр тоқсан сайын бөлінетін болды. Ал банктер бөлінген лимитті қалай үлестіретінін, кезекті қалай қоятынын өздері шешеді. Біз банктердің ішкі операциялық жұмыстарына араласпаймыз. «Белгіленген қаржы бөлінген» дегенде ешкім банктің қолына ақша бермейді. Банктерге осынша деп көлем айтылады. Ары қарай банктер өз ақшасын береді. Содан кейін біз ол кредиттерді банктен сатып аламыз. Енді осы жылда біздің банктерден сатып алатын кредиттеріміз 100 миллиард теңгеден асып кетпеуі керек. Сондықтан ақшаны күтіп отырған ешкім жоқ. Қаржы барлық банкте бар. Олар тек нақты шешімді күтіп отыр. Лимит тоқсан сайын бөлінетін болып шешім шықты. Ақпан айынан бастап барлық банк осы бойынша жұмыс істей бастайды. Сол кезде банктерде лимит 2-3 күнде бітіп қалмай, ұзағырақ жалғасатын болады, – дейді Айбар Олжай.
Сондай-ақ сарапшының пікірінше, «7-20-25» бағдарламасы адамдардың банкпен келісімшартқа отырып, қол қойған кезінен басталады. Оған дейін азаматтарға ешкім бұл бағдарламамен үй алуға толық кепілдік бере алмайды. Мәселенің екінші жағы, көп адамдар қазір дайын үйді қымбатсынып, жаңадан салынып жатқан үй алады. Мұндай кезде әр азаматта қаржылық жауапкершілік болуы керек. Себебі ол құрылыс аяғына дейін жете ме, «7-20-25» бағдарламасымен алатынына қандай кепілдік бар? Өйткені банк құрылыс компаниясымен сатылу-сатып алу келісімшартын апарған азаматтарды ғана бағдарлама кезегіне қояды. Ал оған дейін онлайн банктен алдын ала алынған бекіту ешқандай кепілдік бермейді. Ол жай ғана азаматтың қаржылық жағдайын көрсетеді.
– Мемлекет тарапынан «7-20-25» бағдарламасына қосымша ипотекалық бағдарлама шығуы мүмкін. Бірақ ол Үкіметтің тапсырмасы негізінде. Ұлттық банк тарапынан қандай да бір бағдарлама жасау, тұрғын үй нарығына келу жоспарда жоқ. Негізі, «7-20-25» бағдарламасы жабылатын болып, соңына келді ғой. Нарық та оны алдын ала білді. Азаматтарға бұл бағдарламаның жабылып қалғаны да ыңғайлы болар ма еді? Дегенмен қазір бөлінетін 100 млрд теңгеге 7000-дай азамат баспана алады. Бір жағынан бұл да азаматтар үшін тиімді. Сондықтан үй аламын деп ипотеканы күтіп отырған адамдарға сәл сабырлық керек. Өйткені құрылыс компаниялары екі жыл бұрын салып бастаған үйлерін жаппай жылдың соңында тапсырды. Енді адамдардың барлығы бір айлық лимитке үлгереміз деп кезек күтіп отыр. Ал банктер бұған дейін алып қойған өтініштерін рәсімдеп үлгермей жатыр. Сондықтан қазір банктер ипотекалық бағдарламаға қабылдауды тоқтатып қойды, – деп түсіндірді «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ бас менеджері.
Банктер мемлекетке арқа сүйеп алды
Шынымен де, қазіргі инфляция кезінде «7-20-25» бағдарламасы ең тиімді үй алу жолы болатын. Дегенмен енді бұл бағдарламаға қалағандардың барлығы бірдей қол жеткізе алмайды. Себебі жыл сайынғы бөлінетін қаржы шектеулі. Ал құрылыс компанияларының құрылыс қарқыны қатты. Нарыққа жаңа бағдарлама қосылмаса, сол салынған үйлердің барлығы иесіз қалуы мүмкін. Сондықтан сарапшылар банктер мемлекетке арқа сүйемей, өз алдына ипотекалық бағдарламаларды іске қосуы керек деп санайды.
– Әлеуметтік көмек барша азаматқа емес, нақты көрсетілуі керек. Өйткені қоғамда қолдауды қажет ететін әлеуметтік топтар бар. Оларға мемлекет нақты көмек көрсетуі керек. Шынын айтқанда, қазір біз коммерциялық нарыққа мемлекет араласып, нарықты бұзып жіберді. Банктер өздері коммерциялық ипотека бере алмай қалды. Өйткені мемлекеттің төмен пайызымен бәсекелесу мүмкін емес. Ал мемлекет төмен пайызбен ипотека беріп, инфляцияны ушықтырып алды. Төмен пайыз бағаның өсуіне тікелей әсер етеді. Қазір мемлекет ақырындап экономикадан кетіп, нарықты реттеуге көшіп жатыр. Сөйтіп, банктер өздері жеке ипотекалық кредит бере алуы керек, – дейді Айбар Олжай.
Сарапшының пікірінше, 2005-2007 жылдары банктердің өздерінің ипотекалық бағдарламалары болды. Олар өзара бәсекеге түсті. Сол кезде олардың ставкалары да азаяды. Сол сияқты құрылыс компанияларының да жеке бөліп төлеу шарттары болуы керек. Осылай нарық өз алдына жұмыс істеуі қажет. Қазір бәрі мемлекетке арқа сүйеп алды. Кезінде қиын сәттерде мемлекет амалсыздан нарыққа келді. Енді адамдарға көмектесіп, нарықты көтеріп бергеннен кейін мемлекет бұл жақтан кетуі керек. Әрине, бұл процесс көп адамға ұнамауы мүмкін. Өйткені енді нарықта аз пайыздар болмайды. Дегенмен мемлекеттің нарықтан кеткені бәрімізге дұрыс. Сонда нарық заңдылықтары жұмыс істей бастайды. Ал нарықта мемлекеттің қалуы, қиындық туған кезде елдің барлығына ауырға соғатын болады.
Иә, баспаналы болуды армандайтындар көп. Бірақ тиімді деген «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы да көпке бұйырмай қалды. Ендеше нарыққа баршаға қолжетімді жаңа бағдарлама керек.