Бұдан бірнеше жыл бұрынғы оқиғаларды айтпай-ақ, соңғы бірер жылдың өзінде ғана ұлттың ары мен ұяты саналатын Ұлттық рәміздерді қорлаған сан түрлі келеңсіздікке көз жұма қарап келеміз. Елдің мәдениетіне жауаптылардың өзі ел-жұрттың алдында туымызды қорлатып, аяққа таптап жатса да қызметінен қуылғанын, ал ессіздігі үшін кешірім сұраумен құтылып кеткен әншілердің әрекетінен сабақ алғандарын байқамадық. Ендігі жерде Мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға жаза қатаңдатылып, айыппұл мөлшері өспек. Жауапкершілікті күшейту ұлттық рухты оятып, отаншылдық сезімді сезінуге септігін тигізе ала ма?
Былтыр «ИК» тобы мен SHIZA лақап атымен танылған әнші жігіттердің сахна төріндегі әдепсіз қылықтары қоғамның ашу-ызасын туғызды. Сол кезде жұрттың дені жүгенсіз кеткен жастарды жауапкершілікке тартып қана қоймай, сахнадан аластату керектігін айтқан. Осы оқиғадан кейін депутаттар Үкімет басшысына Мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға салынатын айыппұл мөлшерін 3000 АЕК-ке дейін ұлғайту мәселесін көтерді. «Жастарға арналған әншінің концертінде өте өрескел әрекет болды. Қазақстан Республикасының туы келемеж етілді. Әншілер тарапынан әдепсіз, анайы сөздер айтылды. Іле-шала кешірім сұрағаны және айыппұл төлегені мәлім болды. Біздің бәріміз «Жаңа Қазақстан құрамыз» деген ниеттеміз. Жаңа Қазақстанның ең басты талабы – заң үстемдігі. Заң бәрімізге ортақ. Құр кешіріммен құтылу – жауапкершіліктен жалтару деген сөз. Президент кеше бұған өз пікірін білдірді, көк Туымыз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы, мемлекеттік рәміздерді қастерлеу – әр азаматтың перзенттік парызы, байрағымызды пайдалану тәртібін қайта қарау керек» деген еді Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп.Оның айтуынша, әдетте мұндай концертті қалтасында қомақты қаржысы барлар өткізеді. Сондықтан оларға мұндай мөлшердегі айыппұлды төлей салу түкке тұрмайды. Ал жауапкершілікке жүрдім-бардым қараудың соңы қайтадан құқықбұзушылық жасамауына кепілдік бермейді. Негізінде қолданыстағы «Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы» кодекстің 434-бабында көзделгендей, әртістердің көпшілік алдында былапыт сөздер айтуы ұсақ бұзақылыққа жатады. Заңға сүйенсек, осы үшін де оларды 10 тәулікке қамауға алуға болады. Сондай-ақ аталған кодекстің 440-бабында көпшілік алдына ішімдік ішіп шыққаны, есірткі пайдаланғаны үшін жауапкершілік қарастырылады. Әйткенмен, сол уақытта былапыт сөздер айтып, әдепсіз қылық көрсеткен әншілер айыппұлын өтеп, кешірім айтумен құтылып кеткен еді. Артынша депутаттардың үндеуіне құлақ түрген Үкімет айыппұл мөлшерін көбейтіп, жауапкершілікті қатайту мәселесі пысықталып жатқанын жеткізген болатын. Жақында Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов ұлттық рәміздерді қорлағандарға 10 млн теңге айыппұл салынатыны туралы айтты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қылмыстық кодекстің «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» туралы 372-бабына өзгерістер енгізілді. Өзгерістер нәтижесінде рәміздерді қорлау дерегі үшін айыппұл көлемі 3 000 АЕК-ке ұлғайтылды және қоғамдық жұмыстарға тартудың ең ұзақ мерзімі 600-ден 900 сағатқа дейін көбейтілді», – деді ол.Қылмыс құрамына баға беру қиын Байқап отырсақ, біздің елде Мемлекеттік рәміздерді келемеж еткендерге де, қолдану стандартын дұрыс орындамағандарға да қатысты бірнеше заң бар. Айталық, бұрын Қылмыстық кодекстің 372-бабына сәйкес, Мемлекеттік рәмізді қорлағандар 2000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылатын. Не болмаса 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланған. Одан бөлек, «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 354-1-бабына сәйкес, Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және олардың бейнелерін заңсыз пайдалану, сондай-ақ әнұранын пайдалану және орындау 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соқтырады. Бұл ғана емес, заңгер Ахметжан Бейсенбековтің айтуынша, Мемлекеттік Туды, Елтаңбаны және олардың бейнелерін, сондай-ақ Мемлекеттік Гимннің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларын бекіту туралы Үкіметтің 2007 жылғы 2 қазандағы 873 Қаулысы тағы бар. Оның сыртында 2007 жылғы 4 маусымда қабылданған «Мемлекеттік рәміздер туралы» Конституциялық заң бар. Осы заңдарда рәміздерге қатысты қорлау, дұрыс қолданбау секілді мәселелер жан-жақты қамтылған. Бірақ көп жағдайда ұлттық рәміздерді қорлау фактілері бойынша қозғалған істер сан түрлі саралаудан өтеді.
«Қылмыстық іс бойынша қаралатын істерде қылмыс құрамы жан-жақты зерттелуі тиіс. Кейбір жағдайда болған оқиғаға баға беру ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Сондықтан оны дәлелдеу қиын. Мысалы, менің тәжірибемде мұндай фактіні әлі кездестірген жоқпын. Кодекстің 372-бабында бұрын «2000 АЕК-ке дейінгі» деп айтылған. Бұл қылмыстың ауырлық деңгейіне байланысты жауапкершілік қарастырылатынын көрсетіп отыр. Қылмыс сипатына, кім және қалай жүзеге асырғаны ескеріледі. Сондықтан құқық бұзушылардың барлығына 10 млн теңге айыппұл салынбайды. Сол секілді қоғамдық жұмыстарға тарту немесе бас бостандығынан айыру жазасына кесілетіндердің де әрекеті қандай сипатта, қылмыстың қалай жүзеге асырылғанына байланысты дәлелденген соң беріледі», – дейді ол.Сонымен бірге заңгер рәміздердің элементі бар немесе базардан сатып алынған ту, елтаңбаны мемлекеттік рәміз деп атауға болмайтынын жеткізді. Өйткені оған лицензиясы берілген, арнайы стандартқа сай жасалған ту мен елтаңба жатады. Ал жұрттардың жаппай қолданып жүрген тулары сол стандартқа сай болмауы мүмкін. Бірақ бұл «стандартқа сай емес туды қорлағандарға жаза тағайындалмайды» дегенді білдірмейді.
«Себебі қылмыстың қандай мақсатта жасалғаны сараланып, қылмыстық құрам табылса жауапкершілікке бәрібір тартылды. Бір кездері мемлекеттік рәмізді қоқыс тасуға қолданған оқиға болды. Сол кезде құқық бұзушы өз әрекетін ескі, қолдануға жарамсыз рәмізді пайдаланғанын айтты. Ол оқиғада да рәмізді қоғамға жария түрде пайдаланды ма, көпшіліктің көзінше қорлады ма, ниетінің болғаны, тудың әбден тозығы жеткеніне дейін қарастырылды. Ондай жағдайда бұл адамға 2000 АЕК айыппұл сала алмайсың. Соңғы жағдайда да әнші жігіт «Мен туды қорлайын деген ойым болған жоқ. Керісінше ұлағаттап көрсеткім келді» деді. Ол іс-әрекетінің түзу болғанын дәлелдей алса, «Пайдалану және орындалу тәртібін бұзу» бабымен қаралады», – дейді Ахметжан Бейсенбеков. Оның пайымынша, қоғамның моралдық ұстанымдары мен құндылықтар жүйесіне сәйкес, ту табанның астына тапталса – қорлау, төбесіне қойса – құрмет. Сондықтан кейде біздің қоғамға Мемлекеттік рәміздерге деген құрметті заңды қатайту арқылы мәжбүрлі түрде орындату керек секілді. Өйткені мәдениет мәжбүрлеу арқылы келеді.Көзбояушылық көп Сенатор Айгүл Қапбарова ұлттық рәміздерді бұқара алдында ашықтан-ашық қорлап, мазақ етіп жыртса, әдепсіз сөздер жазып, аяққа тастаса жоғары айыппұл салудың сөкеттік жоқ екенін айтады. Ал уақыт өте сарғайып немесе табиғи апаттарға байланысты орнынан түсіп қалған, жыртылып қалған рәміздер үшін жауапкершілік қарастырылмас бұрын ұлттық стандарттың сақталуы дұрыс саралаудан өткізілгені дұрыс.
Бізде Мемлекеттік рәміздерді орындатуға байланысты заңымыз да, арнайы мерекелік датамыз да бар. Солай бола тұра, кейде білместікпен, кейде жауапкершіліктен хабарсыздықтан осындай әрекетке барып жатады. Сондықтан бізге керегі адамдарды отаншылдық, елжандылыққа тәрбиелеу өте маңызды. Ұлттық рухты күшейту үшін кешенді түрде идеологиялық жұмыстар жүргізілу керек. Осы бағытта бюджеттен көптеген қаражат бөлініп жатқанын естиміз. Өкінішке қарай, Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында түрлі байқаулар мен жарыстар ұйымдастырылып жатады. Соның барлығы жаттанды көзбояушылық секілді дүние болып көрінеді. Туды ұстап алаулатып-жалаулату жаттанды, белгілі бір идеологиялық мән-маңызы жоқ науқан секілді. Өйткені отаншылдық рухты ояту мереке күні ғана қозғалатын бір күндік науқанға ұласпауы керек. Отаншылдық сезім отбасынан басталып, мемлекет алдындағы маңызды жұмыс болуы тиіс», – дейді Айгүл Қапбарова.Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, ұлттық рәмізді құрметтеу – әр азаматтың парызы. Мемлекеттің құндылығын дәріптеп, төбесіне көтере білген елде ешқашан жаңағындай жауапсыздық пен ессіз тірліктерге жол берілмесе керек-ті. Бірақ бұл тек идеологиялық жұмыс қана емес, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа да келіп тіреледі. Өйткені қоғамдағы жауапкершілік пен жанашырлықты жалғыз жазалаумен туғызу мүмкін емес. Ал тойып секіргеннің ісін әлгінде айтқандай, жауапкершілікпен ғана жөнге салу керек те жөн шығар.