Сыбан – сыбаң-салтаң, сылбыр жігіттердің қатарына жатпайтын, тірлігіне тастай, иненің көзінен өтетін пысық жігіттердің сапындағы сақтияндай сері жігіт. Есебі мықты. Үйінен аттап басса-ақ болды, алдына жұп-жұмыр жоспар қояды. Мұнысы Президенттердің мызғымас протоколынан да мығым. Оған олай-бұлай қияс кету мүлдем жат.
Осы Сыбан Алматыдан Шымкентке қарай сапарлайтын болып, пойыздың жүрерінен бір сағат бұрын келіп, күту залындағы оңаша да тыныш орындардың біріне жайлы жайғасты. Уақытын текке өткізбейтін Сыбан сөмкесіндегі гөду-сөдулердің арасынан көзілдірігін әзер тауып, ала шыққан мұқабасы тозып, ақжемделген кітабын аударыстырып оқуға кірісті. «Қалғанын вагон ішінде оқып тастаймын ғой» деп және бір жоспар түзіп қойды.
Осы кезде тышқанның тықырындай бір тосын дыбыс тақап қалған еді. Артынша «өз көзіме өзім сене алмай тұрмын» деп тасыраңдаған біреу құшағын аша берді. Оның одыраңдаған мінезінен байырғы досы Жотабай екенін тани кетті. Құшақтар айқасты. Иықтар қағылды.
– Сыбанбысың?
– Жотабай!
– Қайдан жүрсің?
– Көктен түстің бе, жерден шықтың ба?
Сауалдар сарқылды. Аздан соң екеуі вокзал маңындағы сыраханада отырды. Жотабай да әңгімеге жорға еді. Одан-бұдан әңгіме құрап, Сыбанның бұрандаларын босатты. Сыбан жібіді. Ол енді тобылғы түсті салқын сыраны толғай сімірді.
Бір кезде Сыбан жылан шағып алғандай орнынан шыңғыра түрегелді. Айналадағы сауыққой сыра-
шылдар шошынып қалды. Біреулер қолындағы саптыаяғын ұстай алмай, сырасын ақтарып алды.
– Ойбай! Пойызым кетіп қалыпты!
Бұған сасатын Жотабай ма? Жыртың-жыртың күліп:
– Саспа! Қазір автобуспен жіберемін. Спальный автобус, шалқаңнан түсіп, маужырап ұйықтап барасың, – деп басу айтты.
Сыбан Сыбан болғалы спальный автобус дегенге мініп көрмеген еді. «Шалқаңнан түсіп, маужырап ұйықтап барасың» деген соң көзіне ұйқы тіреліп отырған ол сабасына түсейін деді.
Сыраханада қанша уақыт отырды, қанша саптыаяқ сыра сімірді, есіңде жоқ, бір қараса автобус құйындай ұйытқып зымырап келеді екен. Әзірге шалқасынан түсіп жатқан ешкім көрінбейді. Сонда қалай? Жотабайдың алдағаны ма?
Сабырбек ОЛЖАБАЙ