Қазақ қыздар педагогикалық университетінің КЕАҚ басқарма төрағасы Г.Алдамбергенова, ректордың кеңесшісі, өзінің туған ағасы Қ.Қожантаевқа бұрыла қарады. – Жұрынов неге кешігіп жатыр екен? – деп сұрады. – Қарындасым, қайда барамыз? – Сол жаққа. – Сол жағыңыз қай жақ? – Сол жақтағы сол жақ. – Қарындасым-ау, жұмбақтамай, айтсаңшы? – Универститет жеріне барамыз. – Бос жатқан жерге ме? – Иә. – Онда не бар? – Топырақ бар, жер қыртысы бар, шөп-шалам бар. – Түсінбей отырғаным? – Жер иіскеп қайтамыз. – Қалай сонда? – Әй, өткенде келісіп едік қой? Ұмытып қалғансың ба не? – Жоға. Бірақ жер иіскеудің оған қандай қатысы бар? Төраға терезеге телміріп тұрған ағасына жалт бұрылып, жымиды: – Жер иіскесек, жолымыз болады. Сондай ырым. – Ырымыңыз жырым-жырым... – Неге? – Ондай ырымды бірінші рет естіп отырмын. – Естімесең есті. Барамыз да жерге жата қалып, иіскейміз. «О, жаратқан ием, жерге деген махаббатымызды қабыл етіп, жоспарымызды сәтті, жегенімізді тәтті ете көр!» –деп жалбарынамыз. – Оой, мен бармаймын. – Қалай? – Солай. – Жоқ, барасың. – Жер иіскесем аллергиям бар. Түшкіре беремін. – Ештеңе етпейді! Сиыр қораның жерін иіскеуге бара жатқан жоқпыз ғой. Кенет хатшы қыз бір кісінің келгенін хабарлады. Бұл келген – Алматы облысы, Қарасай жер кадастры және жылжымайтын мүлік бөлімінің бастығы А. Жұрынов еді. Алдамбергеновамен бас изеп, ағасымен қол беріп амандасты да, бос орындықтардың біріне қонжия кетті. Қожантаев жөткірініп, қарындасына қарады. Сосын жымиды. – Неге жымиясың? – деп сұрады қарындасы. – Бұл кісінің мұрны иіскеуге арналғандай екен. – Иіскейміз! – Не болып қалды? Тыныштық па? – деп сұрады А. Жұрынов. – Иіскейміз? –деді Қожантаев. –Кімді? – Әйелдерді, –деп күлді Қожантаев. – Жер иіскеп қайтамыз, сонда жолымыз болады. Кеттік! –деді төраға киініп жатып. А. Жұрынов қуанып кетті. – Болды, иіскеуді қатырамыз! Олар университет жеріне келіп, жерге жата қалысты. Қолдарын алға қарай жайып жіберіпті. Олар орындарынан үсті-басын қағып, қарғып тұрғанымен, Жұрынов жайылееп жатқаны. Тұрмайды. – Сізге не болды? –деп сұрады төраға. – Иіскеп жатырмын. – Жарты сағат болды ғой? – Мұрныма бірдеңе кіріп кетті. – Шегіртке шығар? – деп әзілдеген болды Қожантаев. Иіскеу демекші, олар университет жерін босқа иіскеуге келген жоқ. Олар университеттің 9 гектар жер учаскесін бөліп алып, заңсыз сатумен айналысты. Сөйтіп, университетке 95,5 миллион теңге шығын келтірді. Олар шығынға шыңғырған да жоқ. Бірақ, жер иікесе де, жолдары болмады. Үшеуі де, жеті жыл арқалады. Сондай-ақ Жұрыновтың орынбасары Д. Жұмаділ мен бөлім маманы Е. Кемал шартты түрде жеті жылға сотталып тынды. Енді олар түрменің жерін иіскеп отыр... Ой, тоба!
Мұхтар ШЕРІМ