Қазақ «Қазақ» болғалы...
Қазақ «Қазақ» болғалы...
© коллаж: Әсел Балтақызы
2,172
оқылды
Қазақ мерзімді басылымының алғашқы қарлығашы «Түркістан уәлаятының газеті» екенін көз­і­қа­рақты оқырман жақсы біледі. Алайда Алаш үшін 1913 жылы шыққан «Қазақтың» жөні бөлек. Бұл газет – алты Алаштың жоқтаушысына айналды. Мұң-зарын жеткізді. Езгіден қажыған, жоқшы­лықтан шаршаған қазақ даласында ұлттың еңсесін көтеруге үндейтін бір басылым қажет еді. Сол жоқтың орнын «Қазақ» газеті толтырды. ­­­­Ұлттық идеяның шырақшысына айналған басылымның тура 110 жыл бұрын 2 ақпанда алғашқы нөмірі жарық көрді. Жалпы, «Қазақ» газеті шыққанға дейін басылымдардың енді бірі үкімет қысымынан, енді бірі қаржы тапшы­лығынан жабылып қалған-ды. Азаттықты аңсаған қазақ жұрты үшін ақиқаттың тура жолын нұсқайтын басылым болуы керек еді. Осы тұрғыдан алғанда «Қазақ» газеті бұл миссияны артығымен орын­дады деуге де болады. Зерттеушілер «1913-1918 жылдар аралығында мерзімді басылымның 265 нөмірі жарық көрген» дейді. Әуелде таралымы 3000 дана болса, кейін 8000 данаға дейін жеткен. 265 нө­мірдің көтерген жүгі де оңай болған жоқ. Газетті шығаруға губернатор, генерал-лейтенант Сухомлиновтың қол қойған рұқсат қаулысы бар. Қаулыда: «Бас Бас­қарманың 1905 жылдың 9 желтоқса­нындағы №14508 өкімхатты қаулысына сәйкес... Торғай облысы Қызылшеңгіл болысы 8-і ауыл қазағы Мұстафа Ахмет­ұлы Оразаевқа, Торғай уезі Түсіп болысы 5-і ауыл қазағы Ахмет Байтұрсыновтың толық жауапкершілігімен және редак­торлығымен Орынборда апталық «Қа­зақ» газетін қырғыз (қазақ) тілінде шығаруға рұқсат берілгенін хабардар етемін» делінген...   Неге «Қазақ» аталды? «Қазақ» газетінің атауын неге бұлай таңдап алғаны жөнінде зерттеушілер Ахмет Байтұрсынұлының мақаласына жол сілтейді. Бұл жайында қайраткер: «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлты­мыздың аруақты аты деп, газетамыздың есімін «Қазақ» қойдық» деп жазады.
Ал «Қазақ» газетінің шығуы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мір­жақып Дулатовтың еңбегінің ортақ же­ңісі еді. Ол заманда оқырманды ағарту­шылық жолға тәрбиелеудің бірден-бір құралы – мерзімді басылым екенін ұлт зиялылары жақсы түсінді. Ахмет Байтұр­сынұлының алғашқы нөмірде жазылған мақаласында да: «Газетті жұрт керек қыл­маса, миллиондап капитал ол үшін жұмсамас еді. Осылардың бәрі де газет керек екендігін көрсетеді. 1907 жылғы санаққа қарасақ, Ресейде сол жылы екі мың бір жүз жетпіс үш есімді газет һәм журнал шыққан екен. Оның бір мың үш жүз тоқсан алтысы орыс тілінде, сегіз жүз алпыс жетісі басқа тілде басылыпты. Сол сегіз жүз алпыс жетінің ішінде біздің татар қарындастарымыздың отыз ша­малы газет-журналдардың саны бұрын­ғы­дан да өсті. Біз де құр қалғанымыз жоқ. «Айқап» журналы шықты. Бұл бұрынғы­дан гөрі, бір адым болса да ілгері басқаны­мыздың белгісі. Бірақ бір адым ілгері басып, сол күйімен тұрып қалсақ, оны­мен алысқа ұзай алмаймыз. Ілгері басқанның үстіне ілгері басуымыз керек. Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек. Дүниенің төріне қызыққандар төр­­ден орын алып жатыр. Тырмыспа­ған­дар есікте қалып жатыр. Есікте қалмай, төрге тырмысалық, басқалар төрге қарай бара жатқанына қарап, біз де солардың істегенін істейік. Басқалардың заманға қарай өтіп жатқан амалын көруімізге газет-журнал керек» деп жазады.
Газет Орынборда, Каримов, Хусаи­нов­тар баспаханасында басылған. Газетке жазылу бағасы: бір жылға – 3 рубль, алты айға – 1 рубль 75 тиын, 3 айға – 1 рубль болған. Ахаңның «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі басылымның басты ұранына айналды. Газет рәміздік бейне ретінде киіз үйді алған. Киіз үйдің түндігі батыстан ашылып, есігіне «Қазақ» деп жазылған. Ұлт зиялылары бұл тура­лы: «Қазақ ішіне Еуропа ғылым-өнері таралсын, «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын» деп түсіндірген.   «Қазақ» газеті толық зерттеліп бітті ме? «Қазақ» газетінде жарияланған ма­териалдар жинақталып, арнайы жинақ болып шыққан еді. Ғалымдар бұл жинақ­қа газет мақалаларын толық қамти алды ма? Жалпы, басылымның 265 нөмірі жарық көрді дедік. Архивтерде мұның бәрі сақталған ба? ХХ ғасыр басында жарияланған басылымдарды зерттеп жүрген зерттеушілердің бірі – Абай Мырза. Тарихшының айтуынша, газет толық зерттеле қойған жоқ.
«Газеттің әр жылғы сандары жеке-жеке кітап болып шыққанымен, газеттің жалпы толық неше саны шыққаны ту­ралы әлі де зерттеушілер нақты пікір айта алмай отыр. Қазірге дейін зерттеушілер қолына түскен 266 саны ғана белгілі. Мұның ішінде: «Қазақ» газетінің алғаш­қы 40 санын Мұстафа Оразаев бастырса, 41 санынан бастап «Азамат серіктігі» бастырды. Ахмет Байтұрсынұлы – 231; Міржақып Дулатұлы – 33; Жанұзақ Жәнібеков – 2 санын шығарады. Газеттің төртінші санынан бастап киіз үй пішіндес эмблемасы болды. 1915 жылдан бастап аптасына екі мәрте шығып, жыл орта­сынан қайта бір мәртеден шықты. Кей зерттеушілер «газеттің таралымы 1000 таралымнан аспады» дейді, бірақ алғаш­қы жылдың өзінде таралымы 3000-нан асып кеткен» дейді. Тарихшы бұған татар басылымдарында таңданыспен жазған жазбалары бар екенін айтады. Оның айтуынша, газетте жарияланған әртүрлі салалық журналистиканың негізі бола­тын тақырыптар әлі де толық зерттеуді қажет етеді. «Мысалы, бір ғана Абайға қа­тысты 40-тан астам әртүрлі жазбалар кез­дессе, қазақ кітаптарының жарнамасы туралы жүзден аса мәлімет бар. Жұқпалы індеттер мен одан сақтану туралы да жиыр­мадан астам мақала жарық көрген. Шетелде оқитын қазақ студенттерімен де байланыс орнатып отырды. Шетел қазақтары туралы да құнды жазбалар көп. Міне, осының бәрін жеке-жеке қа­рап, зерттеу, зерделеу мәселесін қолға алып, қарастыру керек деп ойлаймын», – дейді.
Алаш тақырыбын зерттеген ғалым­дардың көбі «Қазақ» газетін айналып өтпейді. Өйткені Әлихан Бөкейхан, Ах­мет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Райымжан Марсеков, Қошке Кемең­герұлы, Шәкәрім Құбайдердіұлы, Нә­зипа Құлжанова және т.б. Алаш зиялыла­рының мақалалары басылып тұрды. Оның әрқайсысын да зерттеуші ғалым­дарымыз зерттеп-зерделеді. Әлі күнге бұл тақырыпты қаузап, ғалымдарымыз тың жаңалықтарды жариялап келеді. Өйткені Алаш тақырыбы бітпейтін рухани мол қазынаға айналғалы қашан?!
Белгілі алаштанушы ғалым Ұшқын Сәйдірахманның айтуынша, «Қазақ» газетін ең бірінші зерттеп бастаған – Үшкөлтай Субханбердина. Ол кісі «Айқап», «Қазақ» газеттерінде шыққан мақалалардың библиографиясын жаса­ды. Одан кейін 1998 жылы «Қазақ энци­клопедиясынан» мұқабасы көк түсті «Қазақ» кітабын шығарды. Бұл Үшкөлтай Субханбердина, Қайрат Сақ, Сәрсенбі Дәуітов авторлығымен жарық көрді. «1913-1914 жылғы нөмірлері жинақта­лып, кітап болып шықты. 1913-1918 жыл­­дар аралығындағы нөмірлері толық жарияланған жоқ. Газет толық зерттеліп бітпеді деуге негіз болатын тағы бір дү­ние – бертінге дейін «Қазақ» газетінің 265 нөмірі шықты деп келдік. Бірақ кейін зерттеушілер басылымның 266, 267 нө­мірін тапты. Яғни, кей деректерде айтыл­ғандай, газет наурызға дейін емес, қыркүйекке дейін шығып тұрған. Соңғы 1918 жылы 4-5 нөмірі шыққан. Осы тұр­ғыдан келгенде, «Қазақ» газетін то­лық­қанды зерттеп болдық деп айта алмай­мыз. Әр жекелеген тұлғаларды зерттеу­ші­лер бар, олар «Қазақ» газетінен өзіне қажет­тісін ғана іріктеп алады. Соны өзі зерттеп жүрген объектісі тұрғысынан пай­дала­нады. Жалпы, газет зерттелмеді деп те айта алмаймыз. Бірақ газеттің нө­мірі тұтас аударылып, ғылыми айналымға енгізілген жоқ. Әлі де зерттей түсуіміз қа­жет. Экономика, заңға қатысты мақа­лалары жекелеп алынған жоқ. Одан бө­лек, «Азамат» серіктестігі құрылған, осы­ның өзін жекелеп зерттеуге болады. «Қа­зақ» газетін тақырып-тақырып бо­йын­ша жекелеп алса, қаншама құнды дүниелер ашылар еді», – дейді ғалым.
  Бүркеншік есімдерге байланысты айтыс көп Биыл – газеттің 110 жылдығы. Осы мерейтойға орай газеттің толық нө­мірін кириллицаға аударып, қате кеткен тұстарын түзетіп, оқыр­манға таратсақ деген ойды айтады ғалым. «Ел­дің бәрі сирек қорға кі­ріп, сарылып оқып отыра алмайды. Көп адам зерттеу жұмыстарына бара бермейді. Сондықтан кириллицаға аударып, оқырманға жет­кізу – ғалымдардың жұ­мысы. Бұл тақырыпты Ға­рифолла Әнес ағамыз, ғалым Светлана Смағұлова жақсы зерттеп жүр. Оның өзінде 1913-15 жылдар аралығын ғана қам­тыды. Соңғы үш жыл 1916-1917-1918 жылдар толық жарияланған жоқ», – дейді Ұшқын Сәйдрахман.
«Қазақ» газетін зерттеу мәселесін айтқанда, бүркеншік есімдерге қатысты да пікірлер сан алуан. Өйткені «Қазақ» газетінде мақалалардың дені бүркеншік есімдермен жарияланған. «Рас, таласты бүркеншік есімдер өте көп. Ол – Әли­хандікі ме, Ахмет Байтұрсынұлы жазды ма, әлде Міржақыптың бүркеншік есімі ме? Осыны анықтап алуымыз керек. Мә­селен, бір мақала Әлихан Бөкейхан­ұлының жинағынан да кездеседі, дәл сол мақала Міржақып Дулатовтың та кіта­бына енген. Сөйтіп, кей мақалалар Әлиханға да, Міржақыпқа да телініп жүр. Әлі де болса, бұл тақырып зертте­ле түсуді қажет етеді. Ғарифолла Әнес аға мен Сұлтан-хан Аққұлұлы бүркен­шік есімге қатысты тартысты мақала­лар жариялады. Сол сияқты «Ел бала­сы», «Түрік баласы» деген есімдер бар. Бұл есімдерді кім пай­даланды? Соны негіздеп, зерттеп, анық­тауымыз қа­жет», – дейді ғалым.
Газеттің электронды нұсқасын да­йын­дау да уақыт талабы. Қазір элек­тронды кітаптарды көбірек пайдаланады. 1913-1918 жыл аралығында шыққан «Қазақ» газетінің сандық нұсқасын да­йындап шығарсақ, бұл да қазақ оқыр­маны үшін үлкен олжа болар еді. Алаш зиялылары Жалпы, Алаш зиялылары қазақ га­зетін шығарудағы мақсаты қандай болды әрі газет өз миссиясын орындай алды ма? Алаш тақырыбын зерттеген ғалым, алаш­танушы Кеңес Нұрпейісовтің: «Қазақ интеллигенттерінің алғашқы то­бының басым көпшілігі әмбебап маман­дар болды: олар ғылыми жұмыстармен де, оқу-ағарту ісімен де, алғашқы қазақ тілінде басылымдар шығару қарекетімен де, көркем творчествосымен де қатар айналысты. Басқа сөзбен айтқанда, олар сол кездегі қазақ қауымының рухани сұраныстарына мүмкіндіктерінше толық жауап беруге атсалысты. «Айқап» жур­налын және жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығару арқылы олар халықты оқуға, көшпелі шаруаларды отырық­шылыққа шақыруда, шаруашылықты жүргізудің прогрессивті формаларын, әйел теңдігін насихаттауда, патша үкіметі тарапынан жүргізіліп отырған отар­шылдық саясатқа қарсы қоғамдық пікір қалыптастыруда айтарлықтай оңды істер тындырды» деген сөзі арқылы жауап беруге болады. Қазақ тұрмысы, мәдениеті, өркениеті қандай болды десе, «Қазақ» газетінен па­рақтауға болады. Алаштың үнін батыл жет­кізген басылым ұлттың жоғын түген­деді, тұрмысын түзеуге, оқу-ағартуға күш салды. Қазақ баласы білімді, саналы болып ержетуі үшін күресті. Сөзбен ғана емес, ісімен де дәлелдеп көрсетті. Елдің мүддесі мен құқығын қорғаған дүниелер де басылымның негізгі факторына айналды. Алаш десе, «Қазақ», «Қазақ» десе, Алаш еске түседі. Алаш қайраткерлерінің ұлт үшін, азаттық, теңдік үшін күресін басылымда шыққан әр мақаладан байқауға болады. Олар өздері айтқандай, халықтың «көзі, құлағы һәм тілі» болуға ұмтылды. Әрі соны дәлелдей білді. Осыдан 110 жыл бұрын «Қазақта» жарияланған мақалалардың әлі құны жоғары, сол кездерде айтылған ойлар­дың әлі мән-мазмұны жоғалған жоқ. Бұл – біздің рухани құндылығымыз, байлығымыз!    

«Қазақ» газетінде басылған

Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі осы. Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенін ғұмыр жеткенінше істеп кетелік. Малша оттап, асап ішіп, халық үшін қам қылмай, қарын тойғанына мәз болып, мал өлімінде өлмейік».

Ахмет Байтұрсынұлы

  Біздің газетамыздың таңбасы «Қазақ», иәғни қазақтығымызды сақтау. Қазақтық, әрине, аты мен тілі жоғалмаса сақталады. Ақырында айтатынымыз: әдеби тілді сүйетін бауырларымызға газетті қазақтың қара тілімен жазғанымыз ұнамсыз көрінсе, ол кемшілігімізге кешу өтінеміз. Жұрт үшін шығарылған нәрсе жұртқа жақын болуы тиіс. Аспандағанмен, жерден алыс кете алмаспыз, артылдық дегенмен, елден алыс кете алмаспыз.

А.Б.

  Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Егерде біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек. Қазақтың осы күнгі ісінің бетіне қарағанда һәм мұнан былай ісіміздің беті осы болса, қазақ тілі азып жоғалуға ықтимал. Біз келімсек жұрттан кем болмас үшін оқымай тұра алмаймыз. Оқымасақ басқалармен қатар тіршілік ете алмайтынымыз сүттен ақ, күндей жарық. Оқығанда ісіміз осы қалпында болса, тіліміздің азып жоғалуы да анық. Қазақтың балалары қалай оқып жүр?

Ахмет Байтұрсынұлы

  Тіршілік – бәсеке, жарыс. Дүние – бәйге үйлестіруші. Озғанға қарай бәйге береді. Жарыстың алды боп келген бәйгенің алдын алады, ортасы боп келген ортасын алады, соңында қалған бәйгеден тіпті құр қалады. Дүниенің ісі осылай болған соң адамнан адам, жұрттан жұрт, ұлттан ұлт озсам дейді. Озғанның ісі қай орында да болса, үстінен түсіп, қалғанның ісін баспақшы. Ғылым, өнерімен асқандар білімсіз, өнерсіздерді білімімен жығып, аяғына баспақшы. Малымен асқандар байлығымен қамыттап жұмысына жекпекші. Біз өзімізбен өзіміз болып, басылып бара жатқанымызды бір-ақ білетін көрінеміз. Бізде ғылым жоқ, өнер жоқ, кәсіп жоқ. Бұлардың бұрын жоқтығы керегі болмағаннан еді. Енді де керек емес пе? Бұларды енді керек қылмасақ күні бұрын өзімізді құдайға атаған малдай, басқалардың есігіне арнап қою керек.

М.Д.

  Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажары болуына ойдың шеберлігі керек. Ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылық керек; мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған. Бұлардың үстіне, Абай көсем, үлгі шығарып, өнеге жайғыш болған.

А.Б.

  2 февральда «Қазақ» үш жасқа толып, төртіншіге аяқ басты. Тіршілікте үш жыл ұзақ ғұмыр болмаса да, буыны бекімеген жас матбуғатымыз үшін асқан үш қырқасы адырлы-кедірлі болып, қиын қия жолдардан өткендей көрініп тұр. Үш жылдық ғұмырында басынан кешкен уақиғалар, ұшыраған ауырлықтар һәм қазіргі душар болған заманы айтпасақ та белгілі. Бірақ қандай ауырлыққа кез келсе де, жетімдік көрмей, сүйенетін елі болған соң, ордан ортып, жардан жортып, көздеген мақсат, болжаған бағытынан беті қайтпай, төртке шықты. Сағынып көрген баладай, қуанышпен қарсы алған жұрты, атамыздың ақ ордасына ие болуына тілектестігін сан жерде көрсетті. Баулыған балапан құсы буыны бекіп, қанаты қатып, қырым мен қияға көз сала бастағанына бүгін құтты болсын айтып отыр. Жылдан жылға дәуірлеп, қазақ көшін оңға бастаушы көсем, алаш арын арлаушы шешен болуына батасын беріп отыр.