Осы күні тән ауырса дәрігерге, жан ауырса психологтың қызметіне жүгінетіндер көбейді. Оның үстіне, бірнеше бейінді мамандарға бөлінетін медицина саласы секілді адам психологиясын жан-жақты зерттейтін жаңа мамандық иелері де өз алдына жеке-дара бөлініп шыға бастады. Оның бірі – нейропсихолог. Бұл мамандардың қызметі қазір жекеменшік оқу орталықтары мен мектептерде да сұранысқа ие. Олардың қызметіне не кіреді және нейрожаттығулардың пайдасы қандай?Заманауи ғылым
Нейропсихолог, диагност, практик әрі «Ерекше бала» орталығының негізін қалаушы Берікбол Әсербаев «Психолог пен нейропсихологтың қызметін шатастырып жататындар жетерлік» дейді. Бірақ психолог эмоционалды-еріктік мәселелерді және эмоционалды-жеке проблемаларды, ал нейропсихолог – ми анатомиясы мен физиологиясын зерттейді екен. Сонымен қатар арнайы нейропсихологиялық диагностика жүргізіледі. Оның айтуынша, нейропсихология – заманауи ғылым. Оның міндетіне мидың қызметі негізінде психикалық үдерісті ұйымдастыру кіреді.
– Нейропсихология – адам миының даму ерекшеліктерін, ми талшықтарының адамның тұлғасы мен мінез-құлқына қалай әсер ететінін зерттейді. Мысалы, адам миында 8 миллиардтан астам нейрон бар. Осы мидың ішіндегі майда нейрондар ананың құрсағында эмбрион кезеңінен бастап пайда болады. Адам миындағы нейрондардың саны өсе келе одан сайын көбейеді. Кейбір ғалымдар «нейрондардың түзілу уақытын 7-9 жас аралығында» деп көрсетсе, батыс ғалымдары «5 жасқа дейін» дегенді алға тартады. Міне, осы уақыт аралығында балада бұзылыс болса, сол бұзылысты уақытында қалпына келтірудің маңызы жоғары. Бірақ адам миы өте икемге келгіш, түзілгіш болады. Сол себепті жарақат алған нейрондардың түзілуіне қайтадан уақыт беріледі. Әрине, жас кезде олар тез түзіледі, ал түзілмеген жағдайда 8 млрд нейрон мидың басқа бөліктерінен өтемақы алып, өз жұмысын жалғастыра алады, – дейді Берікбол Болатбекұлы.
Әр мамандықтың өз орны бар
Біз бағанадан бері айтып отырған «нейро» – мидағы жүйке талшықтары. Жүйке жүйесі майда талшықтардан тұрады. Соны «нейрондар» деп айтады. Бірақ әдебиеттерде нейрондардың анықтамасына әртүрлі түсініктеме берілген. Нейропсихологтардың түсінігінде бұл жүйке талшықтары ретінде көрсетіледі. Олардың барлығының өз атқаратын қызметі бар. Мәселен, адам миы брока және веринике деген бөліктерден тұратын болса, брока - моторлы түрде сөйлеуге, веринике - адам қабылдауына жауап береді. Егер бастағы осы қабылдау мен сөйлеуге жауап беретін бөліктерге қандай да бір ақау тисе, нейрондардың зақымдануына алып келеді. «Әйелдің жүктілік уақытында қандай да бір аурулармен ауруы немесе өсіп келе жатқан бала жарақат алған жағдайда нейрондардың зақымдануына себеп болады. Немесе балалардағы көптеген соматикалық, патологиялық аурулардың салдарынан жүйке талшықтарына зиян келіп жатады. Сондықтан нейрондарға жеткілікті деңгейде оттегі бармай қалса да зақымдану процесі басталады. Сондықтан ми талшықтарына зақым келген балалармен жұмыс істеген кезде нейрожаттығулардан бөлек, кешенді түрде жұмыс істеген дұрыс. Біз өздігімізден әрекет ете алмаймыз. Алдымен остеопат, невропатолог мамандарға қаралып, соның қорытындысына сүйеніп қана келуін талап етеміз», – дейді нейропсихолог.
Бұл ғана емес, бала мектепте немесе балабақшада әлеуметтене алмай, гипербелсенді, шыдамсыз, нашар жазатын, оқитын және санайтын болса, сабақта көңілі ауытқыса, айтқанды тез ұмытса, бұл қиындықтарды оның жүйке-психикалық ерекшеліктерімен де түсіндіруге болады екен. Сондықтан «Әр адамның миы ерекше, өзіндік қарқыны және даму ерекшеліктері бар, бірақ мектеп – барлық балаларға бірдей қарайтын қоғамдық мекеме. Сондықтан қазіргі бала мектептегі және өмірлік қиындықтарды жеңу үшін мамандардың қолдауын қажет етеді», – дейді нейропсихолог маман.
Кешенді жұмыс қажетті нәтижеге қол жеткізеді
Алайда бір ғана нейрожаттығудың көмегі жеткіліксіз көрінеді. Көп жағдайда мұндай қиындықтарды жеңуге мамандардың кешенді көмегі жақсы нәтиже береді. Ол дегеніміз – нейропсихологтардың, логопедтердің және психотерапевтердің бірлескен жұмысы ғана, адам миындағы зақымданған нейрондардың қалыпты жұмыс істеуіне жағдай жасай алады. Олардың бірлескен көмегі бала бойындағы проблеманың бүкіл кешенін шешуге көмектеседі. Нейрожаттығу тек жүйке-психикалық ғана емес, сонымен қатар эмоционалдық, мінез-құлық қиындықтарын жеңуге көмектеседі. Мысалы, қазіргі балалардың арасында оқуға құлқы жоқ, құрдастарымен тіл табыса алмайтын және үлкендермен дұрыс қарым-қатынас орната алмайтындар жетерлік. Одан бөлек, сыныптағы жаман мінез-құлық, алаңдаушылық, қорқынышқа жиі бой алдыратындарға да нейропсихологтардың көмегі қажет.
Мәселен, қозғалыс және тыныс алу жаттығуларының арнайы кешенінің көмегімен бала өз денесін сезінуге, өз қимылдарын басқаруға, оларды уақытында бастауға және тоқтатуға, бірқалыпты және анық қозғалуға үйренетін көрінеді. Ал түзету жаттығулары кезінде мида көптеген үдерістер жүреді.
Біріншіден, баланың ерте жаста дамуында қандайда бір кедергі болған болса, мидың моторлы қимыл-қозғалысына жауап беретін аймақтарына әсер етеді. Екіншіден, үйлесімді ақыл-ой әрекеті үшін қажет мидың екі жарты шарының арасындағы байланыс нығаяды. Үшіншіден, қозғалыс миды энергиямен қамтамасыз етуге, психикалық өнімділікті арттыруға және барлық психикалық үдерістерді жеделдетуге ықпал жасайды.
Нейрожаттығулардың пайдасы сол, бала қозғалыста өзін-өзі басқаруды үйренген кезде оның миының жоспарлауға, бағдарлауға және басқаруға жауапты аймақтары дамиды. Бұл дағдылар баланың келешекте кез келген жағдайда өз-өзіне сенімді болуына мүмкіндік береді. Себебі, қозғалыс барлық психикалық процестердің негізі болып табылады. Бірақ өмір тек қозғалыспен ғана шектелмейді екен. «Сондықтан нейропсихологтың жұмысы да тек моторлы түзетумен тоқтап қалмайды. Есте сақтау, зейін, ойлау, сөйлеу, кеңістіктік бағдарлау секілді танымдық (когнитивтік) түзету функцияларымен әрекет етеді. Бірте-бірте қарапайымнан күрделіге қарай баланың қолынан келетініне көз жеткізе отырып, маман оның барлық қиындықтарын зерттеп, ары қарай жұмыс істейді», – дейді нейропсихолог Берікбол Әсербаев.
Сондықтан қазіргі кезде сау балаларға да нейрожаттығуларды жасатып тұрудың пайдасы болмаса, зияны жоқ. Керісінше зейінді бір жерге шоғырландырып, оқушылардың ойлау қабілетін арттыру үшін нейрожаттығуларды жасатып тұру маңызды. Бұл адам миындағы психикалық құбылыстың жақсы жүруін қамтамасыз етеді. Тіпті бас-ми жарақатын алған, бастағы ісік пен күрделі отадан, инсульттен кейін есте сақтау қабілеті төмендеген үлкен адамдарға да оңалту мақсатында нейрожаттығуды жандарына серік еткен жөн. Осы арқылы орталық жүйке жүйесі арқылы миға бармаған дұрыс сигналдар мен хабарлар қимыл-қозғалыстың көмегімен қажетті жеріне жетіп, нейрондардың қалыпты жұмыс істеуін жақсартады.