1,5 миллион теңгеге бағаланған нәресте
1,5 миллион теңгеге бағаланған нәресте
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболат
750
оқылды
Ресми мәліметке сүйенсек, соңғы екі жыл ішінде бала саудасына қатысты 800 іс тіркелген екен. Бұл тұста жаңа туған нәрестені саудалау Тараз қаласында да тыйылмай тұр. Жақында ғана Тараз қалалық көп­бейінді аурухананың екі дәрігері 1,5 миллион теңгеге сәби сатпақ болып қолға түсті. Сәбиді сату операциясы Жамбыл облыстық Полиция депар­таменті берген ақпаратқа сүйенсек, биыл 12 қаңтар күні департамент қызметкерлері мен Тараз қаласы прокуратурасы бірлесе жүргізген арнайы шара барысында жаңа туған нәрестені сатпақ болған екі акушер маман ұсталған. Олар баланы 39 жастағы қала тұрғынына 1,5 миллион теңгеге өткізбек болған екен.
– Медицина қызметкерлері баладан анасы бас тартқаннан кейін нәрестені саудалап, пайда таппақ болған. Алайда олардың жымысқы ойлары жүзеге аспады. Аталған дерек бойынша Қылмыстық Кодекстің 135-бабы 1-бөлігімен (Кәм­елетке толмағандар саудасы) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұл істе сатқан да, сатып алмақ болған адамдар да жаза­ланады. Сәби саудасы бойынша 9-12 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы қаралған, – дейді Тараз қаласының прокуроры Жамбыл Сматов.
Құзырлы орган өкілдерінің сөзіне сүйенсек, бұл істе ортада өзге де делдалдар болған екен. Сондықтан тергеу жұмыстары құпия, әрі мұқият жүргізіліп жатыр. Прокуратура көп нәрсені ашық айтпағанымен, кейіннен бірқатар жайт белгілі болды. 35 жастағы әйел құрсағын­дағы баласынан 7 айлығында-ақ құтылмақ болған екен. Түсік жасатуға ауруханаға жүгінген Шу ауданының тұрғыны ақы­рында тууға бекініп, босанған сәттен ба­ласынан бас тартқан. Тіпті, дәрігерлерге баласын өздерімен бірге алып кетуін де өтініпті. Ұрымтал сәтті ұтымды пайда­ланғысы келген дәрігерлер сәбиді саудалап, пайда тапқысы келген. Осылайша, оны сату операциясына кіріскен. Сатып алушы да лезде табылып, ол нәрестеге заңды түрде құжат жасатып, өз атына жаздырып алмақ­шы болған. «Тірі тауарға» төленетін 1,5 мил­лион теңгенін 500 мың теңгесін сол құжаттарды рәсімдеуге жұмсау туралы да келісім жасалған. Қалған 1 миллион теңге баланың биологиялық анасына берілуі керек болған екен. Бұл қаржыдан нәрестені сатуға көмектескендер өз үлесін алмақ болғаны да түсінікті. Алайда бұған қатысты құзырлы органдар тергеу құпиялылығына байланысты әзірге нақты ақпарат бермей отыр. Қайтпек керек? Бұл оқиғаға қатысты жуырда еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өз пікірін айтты. Министрдің сөзіне сүйенсек, сәби сатпақ болған ана баласы­мен бірге перзентханадан шығып, «сау­даны» жалдамалы пәтерде жүргізбек бол­ған көрінеді. Сатушы мен сатып алушы міне, осы жерде құрықталған.
 «Осындай қылмыстардың алдын алу үшін бес жыл бұрын еліміздегі барлық перзентханада бейнебақылау камераларын орнатқанбыз. Сондай-ақ баласынан бас тартатын аналарға көмек көрсететін пси­холог мамандар да жұмысқа алынған. Сондай-ақ бөлім басшылары әрбір бала мен ананың денсаулығынан хабардар болып отыратын. Яғни, ана мен баланың денсаулығы жақсы болса, олар 3-4 күннен кейін үйіне шығарылады», – дейді Ажар Ғиният.
Негізі министрдің сөзінің жаны бар. Себебі Таразда нәрестесін сатпақ болған әйел 4 қаңтар күні босанып, 6 қаңтар күні үйіне шығарылған екен. Жалғызбасты ана осыдан кейін баласын саудалауға кіріскен. Министр Тараз қаласындағы жағдайдан кейін елдегі барлық перзентхана қызмет­кер­лерімен тиісті әңгімелесу жұмыстары жүргізілетіндігін айтты. Алайда бұдан нәтиже шыға қоя ма? Жылдар бойы жанға батқан өткір мәселеге енді ғана көңіл бөліне бастағаны өкінішті-ақ. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов өткен жылдың соңында депутаттық сауал­дардың біріне берген жауабында соңғы екі жылда елімізде бала саудасына қатысты 800 дерек тіркелгенін айтты.
«Елімізде жеке сәйкестендіру нөмірін тіркеу есебі ЖСН ұлттық реестрінде жүзеге асырылады және жеке тұлғаға қатысты мәліметтер негізінде қалыптасады: тегі, аты, әкесінің аты, туған күні мен жері, жеке тұлғаның өмірлік жағдайы (тірі, өлі). Сараптама көрсетіп отырғандай, қолда­ныс­тағы есепке алу жүйесі әрбір баланы толықтай қадағалауға және оны заңға қайшы әрекеттерден қорғауға мүмкіндік бер­мейді. Айталық, соңғы 2 жылда бала, оның ішінде жаңа туған сәби саудасы фактісі бойынша шамамен 800 іс қаралды», – деді Премьер-Министр.
Әлихан Асханұлы олқылықтың орнын толтыру үшін Үкімет «Отбасының цифр­лық картасы» ақпараттық жүйесін енгізу аясында барлық балаға туа салысымен ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірін) беру арқылы есепке алу мәселесін қолға алы­натындығын да жеткізді. Ол жоба былтыр 1 маусымнан бастап күшіне енгенімен, бұл сәби саудасына тосқауыл бола алмағанын Тараз қаласындағы жағдай көрсетіп отыр. Әрине, байыбына бармай жатып байбалам салудан аулақпыз. Алайда 2019 жылы жаңа туған сәбиді облыстық пери­натальдық орталықтан ұрлап шығып, са­тып жібермек болған 22 жастағы келін­шектің әрекетін көпшілік ұмыта қоймады. Күдікті бір апта бұрын өзі босанған перзентханаға қайта оралып, бірге жатқан келіншектердің сеніміне кіру арқылы баланы аурухананың артқы есігінен ұрлап шыққан. Бала сатуды табыс көзіне айнал­дырмақшы болған әйел бейнебақылау камерасының көмегімен жақын маңдағы қонақ үйден ұсталды. Сәби сатып алмақ болған Алматы қаласы тұрғынының үсті­нен қылмыстық іс қозғалған. Ал өз жұмы­сына салғырт қараған 4 медицина қыз­меткері қызметінен босатылса, тағы төр­теуіне қатаң сөгіс берілген. Сондай-ақ ке­зінде «Сенім» жекеменшік перзент­ханасына қатысты іс те шулатқаны есте. Бірнеше сәбиді сатып жіберген перзентхана қызметкерлері темір торға тоғытылып, бұл жағдай көпке сабақ болғандай көрінген. Тараз қалалық көпбейінді аурухана­сындағы сәби саудасы бірінші рет болмаған сияқты. Олай дейтініміз, ұсталған екі ме­дицина қызметкері бала сату операциясын өте мұқият ұйымдастырған. Сатып алу­шыны да тез тапқан. Құжаттарын рәсімдеп, сауданы жалдамалы пәтерде өткізбекші болған. Оған қоса, ортада тағы делдалдар болғанын құзырлы орган өкілдері айтып отыр. Демек, бұл ұйымдасқан қылмыстық топ деген болжам жасауға болатын секілді. Оның ақ-қарасын енді заң органдары анықтай жатар.

 Жамбыл облысы