Оралда мектеп өртенді. Өрт кезінде газдан уланған күзетшіні ауруханаға жеткізді. Бұл туралы Aikyn.kzБатыс Қазақстан облысы Полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 31 қаңтарға қараған түні "Д.Қонаев" шағынауданында болған.
«Сағат 00.05-те Төтенше жағдайлар департаментіне №28 мектептің 2-қабатынан түтін шығып жатқаны жөнінде хабар түскен. Полицейлер келген кезде сыныптағы электр қалқанның тұйықталғаны анықталды. Өртті сөндірмек болған мектептің күзетшісі газдан уланған. Кейін ол қалалық ауруханаға жеткізілді. Күзетші газдан уланған деген диагнозбен жансақтау бөлімінде жатыр», – деді департамент өкілі.
БҚО ТЖ департаментінің дерегінше, 30 қаңтар күні сағат 23.59-да 1992 жылы салынған №28 мектеп-лицейдің 2-қабатындағы №45 оқу кабинетінде жиһаз жанды. 15 шаршы метр жер өртенді. Өрт орнынан №48 оқу кабинеті жанынан мектепте күзетші болып жұмыс істейтін 1957 жылғы ер адам табылды.
Оған алғашқы көмек көрсетіліп, қалалық көпбейінді аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды.
Газдан уланған күзетшінің жағдайы ауыр. Өрт сағат 00.37-де оқшауланып, 00.40-та толықтай сөндірілді.