Көлік алуға өтінім қабылдайтын платформа жуырда іске қосылады
Көлік алуға өтінім қабылдайтын платформа жуырда іске қосылады
Фото: sertificat-test.ru
698
оқылды
Көлік алуға жеңілдікпен несие беретін бағдарлама бойынша өтінімдерді қабылдайтын платформа іске қосылады. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарушы директоры Ғалымжан Әдидің айтуынша, платформа 6 ақпаннан бастап жұмыс істейді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ («Қазақстанның даму банкі» АҚ еншілес ұйымы) көлік алуға жеңілдікпен пайызы төмен несие беру бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау үшін пилоттық режимде платформаны іске қосады. Өтінімдерді қабылдау Астана уақыты бойынша сағат 10:00-де www.autonesie.kz ресми сайты арқылы жүргізіледі. Осы орайда өтінім беру үшін компьютер арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны енгізіп, қосылуға болады. Платформада тек Қазақстан Республикасының аумағында тіркелуге мүмкіндік бар. Сайтта өтінім берген кезде өтініш берушінің деректері автоматты түрде ЭЦҚ арқылы жинақталады. Өтініш беруші міндетті түрде телефон нөмірін енгізіп, автокөлік өндіруші компанияны таңдап, өтінімге қол қояды. Өтінімнің тіркелу барысы сайттағы «жеке кабинет» арқылы тексеріледі. Қазіргі кезде «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-да жинақталған қаражат сомасы 7,6 млрд теңгеге жетті. Осы орайда пилоттық платформа келесі аптада іске қосылған кезде 761 адам тіркеле алады. Яғни 761 адам толық тіркелсе, платформада өтінім қабылдау автоматты түрде тоқтайды. Кейін аталған платформада өтінім қабылдау ай сайын жүргізіледі. 100-ден астам адамды тіркеуге мүмкіндік бар.