Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Энергетика министрлігіне жылу электр орталықтары мен жылу желілеріне аудит жүргізуді 1 сәуірге дейін аяқтауды тапсырды.
«Энергетика саласындағы маңызды міндеттердің бірі – жылумен жабдықтау мәселесі. Жылу электр орталықтарының тозуынан Екібастұз, Риддер және Рудный қалаларында не болғанын білесіздер. Проблема әлі де біраз қалада бар және ол жылдар бойы жинақталған. Жылу электр орталықтарының тозуы 60 пайызға жетсе, ал жылу желілерінің 70 пайызы тозған. Өкінішке қарай, әкімдердің барлығы бірдей жағдайдан хабары болмады, әрекет жасамады. Яғни, Үкіметке уақытында дабыл қақпады, соңы немен аяқталғаны баршаға аян», – деді Роман Скляр.
«Нысандардың техникалық жағдайын қайта қарап, қайсысы бірінші кезекте жөндеуді қажет ететінін көрсетуі керек. Аудит қорытындысы мен одан әрі іс-қимылды энергетикалық кеңестің отырысында қарастырамыз. Тозу проблемаларын шешумен қатар, жаңа жылу электр орталықтарын салумен айналысамыз. Биыл Астанада ЖЭО-3 құрылысын аяқтау және алматылық екі ЖЭО-ны газға ауыстыру ісі маңызды. Сондай-ақ Қызылорда, Көкшетау және Семей қалаларында ЖЭО салу бойынша инвесторлармен тиісті жұмыс жүргізу қажет», – дейді ол.