– Газ өндірісін тау-кен жұмыстары жүргізілмеген жерлерде қолға алған ұтымды. Топырақ түртілмеген соң метанның да мұрты бұзылмай жатады. Көмір департаментінің мәліметінше, «Саранская Глубокая», «Тентек-10» учаскелері – метан өндіруді жолға қою үшін таптырмас орын. Алайда компания аталған телімдерден көмір қазған пайдалы деп тапса, метанның желге ұшқаны. Қазір «АрселорМиттал Теміртау» метанды ішінара кәдеге жаратып отыр, – дейді осы саланы зерттеп жүрген әріптесіміз, журналист Нұрқанат Қанафин.Мәселен, Ленин және Абай шахталарындағы қазандықтар газдың күшімен жұмыс істейді. Келешекке құрылған жоспар да баршылық. Көмір департаменті метанды қолдану бойынша 2030 жылға дейінгі бағдарламаны әзірлеген. Бағдарлама 10-12 газ генераторының жұмысын жолға қоюды көздейді. Жалпы қуаты 15 МВт-қа жуықтайды. Үш нүктеге қондырғы қойылады. Яғни, алғашқысы – Күзембаев, Саран, екіншісі – Абай, тағы бірі – Қазақстан, Ленин және Тентек шахталары аумағында тұруы мүмкін. Сондай-ақ биылдан бастап Тентек шахтасындағы Д6 және Т1 пластарындағы газды азайту үшін ұңғымалар қойылмақ. Газ дегенде облысты газдандыру мәселесі алдымен еске түседі. Өйткені Қарағанды мен Теміртау тұрғындары қысты күндері боранды тілеп тұрады, егер жел болмаса қала түтінге қақалады. Айтқандай, АҚШ Газ технологиялары институтының болжамынша, Қарағанды көмір бассейніндегі метан қорының көлемі 500 млрд текше метрден 3 трлн текше метрге дейін жетеді. Ал жергілікті ғалымдар басқаша мәліметтер ұсынады. Және бұл қор Қарағанды облысы үшін жеткілікті десе де, өндіру технологиясы күрделі екен.
– Қарағанды бассейніндегі метанның болжамды ресурстары 850 млрд текше метрден 1 трлн текше метрге дейін жетеді. Облысты қамтамасыз ету үшін жеткілікті метан қоры бар. Дегенмен барлық мәселе газдың көмірмен байланысқан күйде болуында. Ал көмір қабаттарының өткізгіштігі өте төмен. Тік ұңғымалар (гидравликалық жарылуы бар) Қарағанды бассейні жағдайында тұрақты тауарлық метан ағынын қамтамасыз етпейді, – дейді ҚарТУ проректоры Әсет Ракишев.Иә, метан газының облысымызды қамтамасыз ететіндей қоры болғанымен, әлі күнге дейін пайдалана алмай отырғанымыз қынжылтады.
Қарағанды облысы