Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылында 60 орындық мектеп пайдалануға берілді. Мектептің ашылу салтанатына Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Есқали Саламатов қатысты. Бұл туралы Aikyn.kz Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды дамытуға ерекше назар аударды. Президент тапсырмасын орындау мақсатында 2022 жылы біздің өңірде ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жобаны қаржыландыруға 6 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Сондай-ақ біз «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасын бірінші болып іске қостық. Облыста 10 мыңнан астам оқушы, оның ішінде, Құмжарған негізгі мектебінің 50 оқушысын Ақтөбенің үздік педагогтері оқытады. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық мекемелердің халыққа қолжетімді ету және медициналық қызметтердің сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту мәселелері шешіліп жатыр», – деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.Есқали Саламатов ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында сыбайлас жемқорлықтан тәркіленген қаражатты мектеп салуға бағыттауды тапсырғанын тілге тиек етті. Тапсырманы орындау мақсатында Қазақстанда алғаш рет Құмжарған ауылында орта мектеп пайдалануға берілді. Оның құрылысына сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істерді тергеу кезінде тәркіленген қаражат пайдаланылды.