27 триллион теңге «шетел асты»
27 триллион теңге «шетел асты»
212
оқылды
Қазақстанның екінші деңгейлі банктерінен шет мемлекеттерге 27 трлн теңге аударылған. Бұл туралы кеше Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Лесбеков сенаторлармен кездесуінде мәлімдеді.
«Бүгінге дейін біздің базаға түскен 1,6 млн хабарламаның ара­сында жалпы сомасы 27 трлн тең­генің елден сыртқа шығарыл­ғаны анықталды. Бұл қаржының басым бөлігі, яғни 80 пайызы Ұлыбритания, Ресей, Қытай, Италия және АҚШ елдеріне ауда­рылған», – деді Ғ.Лесбеков.
Оның айтуынша, 27 трлн тең­генің 10 триллионы Ұлыбритания мен Ресейге жөнелтілген. Мұны Қаржы мониторингі комитетінің бірыңғай ақпараттық сарап­тамалық базасы анықтап отыр.
«Аталған базаға түсетін қар­жылық операциялар туралы мәлі­меттердің арасындағы күдікті опе­рациялар табысты жекеше­лен­діру, ақшаны жымқыру немесе лаңкестікті қаржыландыру сияқ­ты топтарға жіктеледі. Күдік рас­талса, ақпарат Бас прокуратура ар­қылы құқық қорғау органда­ры­на әрі қарай тексеру жүргізу үшін жөнелтіледі» деген комитет тө­рағасы базаға жылына кем дегенде 1,5 млн-нан артық осындай нақты ақпарат түсетінін айтады. Оның 600 мыңнан астам бөлігі күдікті операциялар екен.
Елімізде қолма-қол ақшасыз төлем жүйелерін дамытуға ба­сым­дық беріліп отыр. Алайда ол опера­циялардың әрбірін жіті ба­қы­лау мүм­кін болмай келеді. Сал­дары­нан елде күдік пен күмән тудырар ақ­ша аударымдары артып кетуі мүм­кін. Бұл өз кезегінде лаң­кес­тік­ті қаржы­ландырудың алдын алу­ға кесірін тигізері анық. Ғабит Лес­беков Қа­зақстан заң­намасында капиталды жылыстату түсінігі нақ­тылан­ба­ға­нын айтады. Салдары­нан капитал­ды жы­лыс­татуға қа­тысты құқық­бұ­зу­шы­лық­ты сара­лауда қиындық туын­­дайды екен.   Айдана БЕГІМ