Бас партия бос уәде бермейді
Бас партия бос уәде бермейді
430
оқылды
«AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының кезектен тыс XXХV конференциясында облыстық мәслихатқа партиялық тізім және бір мандатты сайлау округтері бойынша сайланатын кандидаттар ұсынылып, партияның кезектен тыс XXV съезіне делегаттар сайланды. Сондай-ақ партияның облыстық филиалының сайлауалды бағдарламасының жобасы талқыланды. Конференцияның күн тәртібі алдын ала Саяси кеңестің бюросында талқыланып, бекітілді. Делегаттар өз қарауына ұсынылған үш мәселені   бірауыздан қолдады. «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрайымы Әсем Рахметова "Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы аясында атқарылған жұмыс туралы хабарлама жасады. Оның айтуынша, 2021-2022 жылдарға жоспарланған 2 142 іс-шараның  2 078-і, яғни  98 пайызы сәтімен орындалған. «Атап айтқанда, Петропавл қаласында 900 орындық орта мектеп салынды, 78 білім мекемесі жөнделді. Мектепке дейінгі ұйымдарда 777 орын пайда болды. 6 денсаулық сақтау мекемесі ашылды. Соның ішінде ең үлкені – Петропавл қаласындағы 200 орындық инфекциялық аурухана. 645 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, әлеуметтік жағынан әлжуаз адамдарға 256 пәтер берілді. 17 ауылға су тартылды. 63 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді, төртеуі жөнделді. 1 185 шақырым жол жөнделді. 40 кәсіпорын іске қосылып, 2,6 мың жұмыс орны ашылды», – дей келе Әсем Рахметова бұл құрғақ сандар емес, партия мүшелерінің нақты жұмысының нәтижесі екенін атап көрсетті. Әсіресе, қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп түскен және тұрғындардан жинақталған өтініштер мен ұсыныстарға баса назар аударылған.  Партия филиалының сарапшылары бірнеше апта бойы қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы, қоғамдық кеңестердің, мәслихаттардағы фракциялардың отырыстарында ұсыныстарды жинақтау барысында халықты толғандырып жүрген мәселелерді анықтаған көрінеді. Оның қорытындысына тоқталсақ, солтүстік өңір үшін ең өзекті мәселелер – атмосфералық ауаның ластануы, инженерлік желілердің тозығы жеткені, тұрғын үйге кезектің көптігі, халықтың көші-қоны, газдандыру, жалақының аздығы және басқа да түйткілдер. Осының барлығы ескеріліп, партия филиалының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасына енгізіліпті. Конференция барысында қаралған екінші мәселе – Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатына партиялық тізім және бір мандатты сайлау округтері бойынша кандидаттар ұсыну туралы. Конференция делегаттары үміткерлер тізімін бірауыздан құптады. Сондай-ақ «AMANAT» партиясының Астанада өтетін кезектен тыс XXV съезіне делегаттарды  сайлады.