Көлеңкелі экономикаға қолайлы кезең
Көлеңкелі экономикаға қолайлы кезең
Financial growth arrows graph. Investment and trading concept.
3,792
оқылды
Ел экономикасындағы көлеңкелі кәсіптің үлесі қандай екенін ешкім нақты айта ал­май­ды. Көп жағдайда болжам жасалады. Соң­ғы жыл­дары бұл көрсеткіш біздің елде 25-30 пайыз­­дың айналасында жүр. Сарап­шылар көлең­келі бизнес әдетте шағын және орта бизнес са­ласын­да етек жаятынын айтады. Мемлекет те биз­нес­тің дәл осы тобы үшін салықтан босату, тексеруді шек­теу сияқты жеңіл­дік жасайды. Қызығы сол, дәл осындай жеңілдіктер көлеңкелі биз­нес­тің көркеюі үшін қолайлы кезең екен. Сон­дықтан белгілі бір деңгейде бақылаудың бол­ғаны жөн. Ал бақылауды билік емес, ха­лық жүргізуі керек. Ол үшін азаматтық қо­ғам­ның дамуы маңызды. Көлеңкелі экономикамен азаматтар қалай күресе алады? Мемлекеттік кірістер комитетінің Қоғаммен байланыс басқармасының жетекшісі Олжас Отардың айтуынша, кез келген азамат сатушыдан, қызмет көрсетушіден түбіртек талап етуді әдетке айналдыруы қажет. «Бұл бірінші кезекте өзінің тұтынушы ретінде құқын қорғауы үшін керек, ертеңгі күні тауар сапасыз болған жағдайда түбіртек арқылы тауарды кімнен алғанын дәлелдеуі үшін керек. Ал екінші жағынан түбіртек талап ету арқылы сатушы, яки қызмет көрсетушінің салық төлеуіне түрткі болады. Бұл қаржының көлеңкеге кетуінің алдын алады», – дейді. Сатушы түбіртек бермеген жағдайда аумақтық мемлекеттік кірістер бөліміне немесе департаменттің сенім телефонына хабарлауға болады. Ары қарай ол кәсіпкермен құзырлы орындар айналысады. Айта кетейік, мемлекеттік кірістер комитеті жыл сайын «Чек талап ет те, жүлде ұтып ал» акциясын өткізуді дәстүрге айналдырған. Сарапшы Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, мұндай акция қаржылық сауатты арттыруға әсер етеді. «Дүкендердің бәрі жеке кәсіп­кер ретінде тіркеліп, ең төмені са­лықты төлеп отыр, ал оның айна­лымындағы нақты қаржының қанша екенін біз білмейміз, ал жаңа­ғыдай акциялар дүкен иесі­нің айналымындағы ақша көлемін анықтауға көмектесер еді», – дейді ол. Экономист Бауыржан Ысқа­қовтың айтуынша, Қазақ­стан­да көлеңкелі экономиканың жал­пы ішкі өнімдегі үлесі 26 пайыз. Теңгеге шақсақ, 14 трлн тең­ге­нің қаражаты. Егер осы 14-15 трлн теңгені құны 10 млн теңге тұ­ра­тын 1 бөлмелі пәтер са­тып алуға жұмсасақ, 1,5 мың адам­ды бас­паналы етуге болар еді. Бұл, әрине салыстырмалы түрде айтыл­ған мысал. Осындай мысал­дан соң халықтың көлеңкелі эконо­ми­камен күресуге құлшынысы оянуы тиіс. Әрине, мемлекет тара­пынан көлеңкелі бизнеспен күрес шаралары жасалып жатыр. Алайда нәтиже көңіл көншітеді деуге ерте. «Көлеңкелі экономиканың дамуына бірінші кезекте салық жүйесінің жетілдірілмеуі, қаржы жүйесіндегі дағдарысты айтуға болады, сосын жекешелендіру саясаты. Нарықтық қатынастарға байланысты мемлекет құрамын­дағы нысандарды жекеше­лен­діру­дің дұрыс жүзеге асырыл­мауы көлеңкелі экономиканы да­мытады. Қолма-қол ақшаға қызмет көрсететін кәсіпкерлік су­бъектілері де көлеңкелі биз­несті өр­кендетеді. Себебі мұн­дайда са­лық органдары кәсіпорын­дардың қанша пайда тауып отыр­ғаны бақылаудан тыс қалады», – дейді Б.Ысқақов.    width=   Оның пікірінше, көлеңкелі экономиканы ауыздықтауға ық­пал ететін фактордың бірі – ШОБ субъектілерінің барлығын электронды шот-фактура мен он­лайн кассалық аппаратқа кө­шіру. Бұл бағытта жұмыс басталды да. «Біздің қаржы реттеуші көлең­келі экономикамен күресудің орнына, проблеманы қосымша ақша шығарумен жабамыз деп ойлай­ды. Көлеңкелі экономи­када­ғы ақшаны заңды түрде игер­­мей нарыққа қосымша ақ­ша шы­ғару инфляцияның туын­дауына алып келеді. Бұл проб­ле­маның себебімен емес, салдары­мен күресу», – дейді экономист. Сонымен көлеңкелі бизнес ша­ғын және орта бизнес шоғыр­ланған аумақта белсенді дамиды. Соның бір мысалын Алматы қа­ласынан іздеп көрсек, бұл қалада 123 мың заңды тұлға тіркелген. Осы кәсіпкерлік субъектілерінің айналымындағы қаржы 25 трил­лион теңгені құрайды. Алматы ел бойынша салықтың төрттен бір бөлігін береді, бірақ ақша ағын­дарының айтарлықтай көлемі көлеңкеде. Ұлттық банктің мәлі­меттеріне сәйкес соңғы үш жылда заңды тұлғалар қала банктерінде 1 триллион теңгеден астам қолма-қол ақша алған. Көлеңкелі экономикаға еңбек шартынсыз жұмысқа орналасу, жалақы деңгейін төмендетіп көр­сету, жезөкшелікпен айналысу, есірткі бизнесі, браконьерлік, контрабанда тауарын тұтыну, пара алу «үлес» қосады. Егер па­тенті жоқ сантехниктің қызметін тұтынсаңыз да көлеңкелі бизнес­тің гүлденуіне ықпал еткен бола­сыз. Қай жерде қолма-қол ақша ай­налымы болса, сол жерде көлең­келі экономика қанат жаяды. Әдетте, көлеңкелі экономи­каның үлесі дамыған елдерде төмендеу, мысалы бұл көрсеткіш АҚШ-та – 7, Австралия мен Германияда – 8, ал Австрия мен Канадада 9 пайыздан келеді. Ал біздің елде – 26 пайыз. Көлең­келі экономиканың үлесі да­мушы елдерде тым жоғары. Мы­салы, Боливия мен Зимбабведе экономиканың 60 пайызы «көлең­кеде». Гватемала, Габоне, Гаити, Мьянме, Перу, Танзания сияқты елдермен бірге Әзірбайжан мен Тайландтың да экономикасының 50 пайызы көлеңкелі саналады екен. Осы елдердің арасында Әзірбайжан мен Тайланда не істеп жүр деген сұрақ туындайды. Сөйтсек, Әзірбайжанның бұл тізімге енуіне елдегі жемқорлық әсер етеді екен. Елдегі капитал­ды сыртқа жылыстату мен мемлекет­тік бюджеттің ашық болмауы да көлеңкелі экономиканың үлесін арттыра берген. Мысалы, Әзірбайжанда парламент депу­таттары мемлекеттік инвестиция туралы ақпаратқа қол жеткізе алмайды екен. Ал Тайландта ту­ризм дамыған, алайда бұл сала көлеңкелі экономикаға жұмыс істейді. Сөз басында мемлекет жария­лаған мораторийдің көлеңкелі бизнеске қолайлы болатынын айттық. Бұл қалай десек, тексеру­ге жарияланған мораторий ешқан­дай лицензиясыз, патентсіз, яки кәсіп­керлік субъект құрмай заң­сыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мысалы, олар жұмыс ор­нын ешбір жалға беру шартын жаса­май-ақ ала салады. Мысалы, көлік жөндеуші кәсіпкерді алайық, ол орынды бір күнге ғана жалға алуы мүмкін. Сөйтіп, кез келген күні көлігіңіздің қымбат бөлшектерін сатып, ертесіне табанын жал­тыра­тып кетсе, таңғалмаңыз. Олар­дың ешқайсысы чек бермей­ді, патентпен де салық төле­мейді. Яғни, ешқандай мүліктік жауап­кер­шілік алмайды. Бұдан шығатын қорытынды – экономиканың көл­еңкелі бөлігінде қаржылық қыл­мыспен қатар кәдуілгі ұрлық-қарлық та жасала береді. Осы тұста бір қызық дерек, көлең­келі экономиканың пай­дасы тиетін кезең болады екен. Күл­кілі, бірақ рас. Себебі бұл сала дағ­дарысқа төзімді келетін көрінеді. Дағдарыста өндіріс төмендеуі мүм­кін, бірақ жұмыссыздық өс­пейді. Өйткені жұмыс беруші мен жұмысшы арасында бейресми келісім жасалғандықтан, жұмыс­шының жұмыстан шығуы еш жерде тіркелмейді. Қысқасы, көлеңкелі экономикадан көп жағ­дайда мемлекет зардап шегеді. Сондықтан көлеңкелі эконо­ми­камен күресуге мемлекет мүдделі болуы тиіс.   Айдана БЕГІМ