Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды. Президент сапары ең алдымен Тараз қаласындағы жазушы Шерхан Мұртаза ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды.
Президент реформаларын қолдайды
Ескерткіштің жанында жергілікті зиялы қауым өкілдерімен жүздесіп, белгілі қаламгердің ұлт руханиятын дамытуға зор үлес қосқанын тілге тиек етті.
– Шерағаң – халқымыздың біртуар азаматы, заңғар жазушы десек артық айтқандық емес. Жас кезімізден бастап біз бәріміз оның «Қызыл жебе» романын, басқа да шығармаларын оқыдық. Әсіресе, «Бір кем дүние» туындысы әлі күнге дейін өзекті. Халқымызға, әсіресе жастарға рухани азық болған дүние деп айтуға болады. Сондықтан жазушының ескерткішіне арнайы келіп, тағзым етіп отырмыз, – деді Қ.Тоқаев.
Кездесу барысында жергілікті зиялы қауым өкілдері елді толғандыратын мәселелерді айтып, өз ойларын ортаға салды. Олар Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси реформаларды қолдайтынын жеткізіп, шығармашылық адамдарына мемлекеттің көрсетіп жатқан қамқорлығы үшін алғыс айтты. Президент шығармашылық адамдарын әрқашан қолдайтынын атап өтті. Сондай-ақ еліміз дамып, өркендеуі үшін алдағы саяси науқандар кезінде ауызбіршілік қажет екеніне назар аударды.
– Ең басты мәселе – әділ, ашық болу керек. Осындай лайықты адамдар біздің Парламентке келсе, еліміздің дамуына үлес қосады деп үміттенемін. Дүниежүзінде болып жатқан жағдайды өздеріңіз жақсы білесіздер. Ішкі саясат та, сыртқы саясат та сындарлы, салмақты болуы керек. Ең басты міндетіміз – мемлекеттілігімізді сақтап қалу. Сын-қатерлер аз емес. Сондықтан бәріміз бір ел, бір халық, бір ұлт болып ұйысып, ел үшін қызмет етейік, – деді Мемлекет басшысы.
Жастарға үлкен үміт артылған
Бұдан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының Студенттер үйінде оқу орнының оқытушыларымен және студенттермен кездесті. Институт ректоры Ерболат Саурықов оқу орнының маман даярлау ісіндегі жетістіктері мен алдағы даму жоспарын таныстырды. 2019 жылы бұрынғы «Тараз» қонақ үйі реконструкцияланды, қайта жасақталған жатақханада 500 студентке барлық жағдай жасалған. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің білім саласына айрықша мән беріп отырғанын атап өтіп, бүгінде білім аламын деген адамға мүмкіндік мол екенін айтты.
– Еліміздің болашағы – жастар. Жаңа буын, жаңа толқын өсіп келеді. Білім алу өте маңызды. Абайша айтқанда, «толық адам» дегеніміз – ойы ұшқыр, зерек, білімге құштар адам. Әр нәрседе қанағат болуы керек. Бірақ білімге келгенде, қанағат болмауы керек. Әрдайым іздену керек. Еліміздің болашақта дамып, көркейген елге айналуы, алдымен, сіздерге байланысты. Біз сіздерге сенеміз, үлкен үміт артамыз. Баршаңызға сәттілік тілеймін! – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Мемлекет басшысы Байзақ ауданының Көктал ауылдық орта мектебінің жұмысымен танысты. Ұстаздар қауымымен жүздесіп, жаңа әрі жайлы мектепте білім алып жатқан оқушыларға табыс тіледі. Бұл білім ордасының ғимараты былтыр салынып, пайдалануға берілген. Мектеп директоры Аят Сенбекұлының айтуынша, білім ордасында 1207 оқушы оқиды.
Үш қабатты мектеп ғимараты газбен жылытылатын дербес қазандыққа, орталықтандырылған ауызсу желісіне қосылған. Мектеп материалдық-техникалық жағынан толық жабдықталған: 32 оқу кабинеті, 4 компьютер кабинеті, 2 лингофон кабинеті, 1 роботтехника кабинеті, 1 спорт залы, шеберханасы, кітапханасы, медициналық пункті және асханасы бар. Мектепте маңайдағы ауылдардан қатынап оқитын балалар үшін көлік тасымалы ұйымдастырылған. 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жамбыл облысында 9500 орындық 13 мектеп салу жоспарланып отыр. Оның сегізі келесі жылы пайдалануға берілуге тиіс. Жалпы, Президенттің тапсырмасымен 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында республика бойынша 800 мың оқушыға арналған 400-ден астам жайлы мектеп салынады.
Құс шаруашылығын дамыту жайын баяндады
Жұмыс сапары аясында Президент Байзақ ауданына қарасты Мырзатай ауылындағы «Әулие Ата Феникс» құс фабрикасына барды. Мемлекет басшысы өндіріс орнындағы цехтарды аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа құс фабрикасының жетекшісі Фарида Жүнісова кәсіпорынның жұмысы туралы баяндады. Қазір голланд технологиясымен 1 миллион балапан өсіретін өндіріс орнында 250-ге жуық ауыл тұрғыны жұмыс істейді. Кәсіпорын жыл сайын 8 мың тонна бройлер етін өндіреді, сондай-ақ өнім ішкі нарыққа жеткізіледі және Ресейге, Қырғыз Республикасына экспортталады. Биыл құс фабрикасының өндірістік қуатын 12 мың тоннаға дейін арттыру үшін жалпы құны 1,4 миллиард теңгені құрайтын 6 нысан салу жоспарланып отыр. Кәсіпорын жұмысымен танысу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдегі құс шаруашылығының дамуы жөнінде мәлімет берілді.
Кооперативке бірігу – пайдаға кенелу
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Байзақ ауданы Талас ауылында орналасқан «Қостөбе-2019» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты. Президентке «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы жөнінде баяндалды.
Бұл жоба бойынша 2025 жылға дейін Жамбыл облысының 153 ауылдық округ халқына 2,5 пайыз мөлшерлемемен 87,8 миллиард теңге несие беріледі. Бағдарламаның бес бағыты бойынша Қостөбе ауылдық округінің 256 тұрғынына кәсіппен айналысуға 886 миллион теңгеден астам несие берілген. Бұл қаржы ауыл халқына төрт түлік мал, бау-бақша өсірумен, басқа да кәсіппен айналысып, отбасылық табысын арттыру үшін бөлінді. Бұған қоса «Қостөбе-2019» кооперативіне лизинг арқылы ауыл шаруашылығы техникаларын алуға жеңілдетілген несие берілді. Қазір кооператив қарамағында 12 ауыл шаруашылығы техникасы мен 401 гектар жері бар. Оған 175 шаруа мүше. Олардың қатары біртіндеп көбейіп келеді. Кооператив мүшелері бақша дақылдарын өсірумен қатар, мал шаруашылығына жем-шөп әзірлеумен шұғылданады.
Жалпы, «Ауыл аманаты» бағдарламасын республиканың барлық өңірінде жүзеге асыру үшін облыс әкімдіктеріне 2023 жылы 52,4 миллиард теңге бөлінеді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Қостөбе-2019» кооперативінде облыстағы ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші шаруалармен кездесті. Президент ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрудың оң тәжірибесін еліміздің басқа да өңірлерінде таратудың маңызды екенін атап өтті.
– Ауыл шаруашылығына айрықша мән беріп отырмыз. Президент болып сайлағаннан кейін, ең алдымен, Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдасын әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойдым. Алдағы үш жылда кооперацияларды дамытуға 1 триллион теңге бөлеміз. Осы қомақты қаржыны тиімді пайдалану керек. Мемлекет ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне әрқашан қолдау білдіреді, – деді Президент.
Бұл міндет сайлауалды бағдарламасына енгізілгенін, сондықтан оның орындалу барысы Президент Әкімшілігінің тікелей бақылауында болатынын ескертті.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы қарапайым ауыл тұрғынының тұрмыс-тіршілігімен танысу үшін жеке қосалқы шаруашылығын жүргізіп отырған Қостөбе ауылы тұрғынының үйіне барды. Ауыл тұрғыны Саламат Рахманбердиев 2020 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен 3,6 миллион теңге несие алып, 6 бас мүйізді ірі қара, 3 бас жылқы, 10 бас қой сатып алған. Кәсіпкер мал бордақылап сатумен айналысады. Қазір төл басын арттырып, тапқан табысына жүк көлігін сатып алған. Ол өз нәпақасын табумен қатар, ауылдың екі тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Саламат Рахманбердиев алдағы уақытта жем сататын дүкен ашып, мал басын көбейту үшін тағы да жеңілдікпен 10 миллион теңге кредит алуға ниеттеніп отырғанын жеткізді. Мемлекет басшысы еңбекқор жігіттің кәсібіне табыс тілеп, өз атынан дән уатқыш аппаратын сыйға тартты.
Мемлекет басшысы Сарыкемер ауылындағы жаңа емханаға барды. Емхана заманауи жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған. Аудан тұрғындарына 260-тан аса дәрігер, орта және кіші санаттағы медицина қызметкерлері қызмет көрсетеді. Мемлекет басшысына компьютерлік томография, цифрлық рентген және маммография аппараттары таныстырылды. 2023-2024 жылдары өңірде 30 медицина нысанын салу жоспарланған. Былтыр медицина қызметкерлерінің жалақысы 20-30 пайызға артты. Биыл тағы сондай көлемде өседі. Президенттің тапсырмасымен қолға алынған «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында республика бойынша 309 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны салынып, 12 орталық аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ұлттық жоба аясында денсаулық сақтау ұйымдарын 575 дана заманауи медициналық құрылғымен жабдықтау қарастырылған. 2023 жылы қосымша 2,4 миллионнан астам ауыл халқы арнаулы медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі.