Дүниежүзі дүрліктірген коронавируспен бірге төртінші жылға аяқ басты. Әуелде ел-жұртты алаңдатқан індетті қазір естігенде елеңдей қоятындар шамалы. Бұған қоса, ақпарат кеңістігінде коронавирус жайлы деректер сиреп, статистикалар жиі айтылмайды. Әрине, бұрынғыдай емес, осы ауруға шалдыққан жандардың саны қазір едәуір аз. Бірақ босаңсуға бола ма? Індет кезеңдері бітті ме, әрі қарай не болуы мүмкін? Құлақ үйренген қатер Біз неге кіріспеде бұл сөзді айттық? Шынында, дерт қарқыны бәсеңдей қоймағаны анық. Тек ауруға бойы үйренбесе де, халықтың құлағы үйренгендей. Әйтпесе, елемейтін тұмаудың өзі жыл сайын әлемде мыңдаған адамның өмірін жалмайтыны белгілі. Сол секілді коронавирус та ешқайда кетпеді. Қазір эпидемиологтар әлем халқы пандемияның ең ауыр кезеңдерінен өткенін айтуда. Осы тұста індетке қатысты статистикаларды айта кетейік. Соңғы күндері 100-ге жетпесе де, ел бойынша сырқаттанып жатқандар баршылық. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 31 қаңтарда 69 адам коронавирусқа шалдыққан. Пневмониямен 3 адам ауырғаны анықталды. Жалпы, 1 ақпандағы ақпарат бойынша, ел өңірлерінде коронавирустан 1 551 адам емделуде. Олардың ішінде 121 пациент стационарда, 1 430 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. 6 адамның жағдайы ауыр, 1 пациенттің жағдайы өте ауыр, ал 1 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Әйтеуір, жыл басында тіркеліп жатқандардың саны өткен жылдың соңындағы ауырғандарға қарағанда төмен. Әлем елдерін шулатқан вирустың «Кракен» штамы елімізден шыққан жоқ. Жағдайдың тұрақтануы осыған байланысты болса керек. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы Жасұлан Алпысбаевқа хабарласқанымызда, соңғы апталарда сырқаттанғандардың біршама азайғанын айтты.
– Қазір елдегі барлық өңір «жасыл аймақта» тұр. Күніне 100 жағдайға дейін КВИ+, 10 жағдайға дейін КВИ- тіркелуде. Науқастардың 99 пайызы емделген. Жалпы, Қазақстанда өткен аптамен салыстырғанда соңғы бір апта ішінде ауру 1,3 есеге төмендеді. Соңғы секвенирлеу нәтижесі бойынша, елде Омикронның ВА.4, ВА.5 нұсқалары – 99,5 пайыз, BQ.1 (Цербер) 0,5 пайыз айналымда бар екенін көрсетті. Ал ХВВ нұсқасы (Кракен) тіркелген жоқ. Бұл штамм да Омикронның бір түрі ретінде саналады, клиникалық көрінісі Омикронның сәл басқа түрлеріне ұқсас болады. Бірақ халық әлі де сақ жүріп, көп адам жиналған жерлерде бетперде тағып, антисептик қолданып, науқас адамдармен байланыспағаны жөн, – дейді ол.Желтоқсанның соңына таман Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 туралы 2023 жылға болжам жасады. Вице-министрі Айжан Есмағамбетова сол баяғы екі сценарий бойынша қарастырып, пессимистік және оптимистік көзқарасын айтқан еді. Түйінінде күніне 500-1000 адам ауруға шалдығуы мүмкін екенін айтқан. Абырой болғанда, қазіргі сандар одан бірнеше есе төмен. Желтоқсан айында қарашамен салыстырғанда Қазақстанда сырқаттанғандардың саны 2,3 есе өскені байқалған. 2 169-дан 5 127-ге дейін жетті. Сол кезде күніне шамамен 250-ден астам дертке шалдығып жатқан еді.
– Рас, қазір коронавирус бұрынғыдай елді аса үрейлендірмейді. Біз індеттің ауыр кезеңдерінен өттік десек те, алдағы уақытта қалай өрбитінін нақты болжай алмаймыз. Вирус түрлі өзгеріске ұшырайды, эволюциясы бар, адамдар да бейімделуі әбден мүмкін. Сондықтан коронавирус салдары мен қауіптілігін толық жоймайды. Вакцинаға қатысты ізденістер әлемде әлі үздіксіз жүріп жатқанын жақсы білеміз, препараттар табуға ұмтылыстар бір мезет те тоқтаған жоқ. Бұл – бірінші орындағы мәселе. Яғни, індет жайлы көп айтылмай кеткені одан қауіп жоқ дегенді аңғартпайды, – дейді маман.Қорытындылай келгенде, елде коронавирусқа қатысты ахуал аса күрделі емес. Тым көп болмаса да вакцина қорының бар екеніне көзіміз жетті. Әйтсе де, бұл алдағы уақытта жағдайдың тұрақты болып тұра береріне кепілдік бермейді.