Күмәнді серіктестіктер сан соқтырмасын!
Күмәнді серіктестіктер сан соқтырмасын!
537
оқылды
Бүгінде алаяқтық қылмыстар көбейгені жасырын емес. Әйтеуір, «жұмыртқадан жүн қырқып, екі жеп биге шықсам» дейтіндер көп. Құқық саласының қызметкерлері оларды қанша құрықтап жатса да, алаяқтарға алданып, сан соққандар азаймай тұр. Енді міне, Жамбыл облысы Тараз қаласында құжаты болғанымен, қызметі күмәнді жаңа серіктестіктер пайда болған. Олардың қызметі жай­лы тұрғындар былай тұрсын, газ саласына жауапты мекемелердің өздері бірінші рет естіген. Тараз қаласында өздерін «Жасыл Газ Аймақ» серіктестігінің өкіліміз деп таныстырып, үйдегі газ құрылғысын тексеріп беруді ұсынатындар көп. Олар үй-үйлерді аралап, өз қызметін ұсынып жа­тады. Алайда мамандары көрсеткен қызметтік куәліктерінде басшы­сының не қолы, мекеменің не мөрі жоқ. Оған қоса, қолдарында қа­жет­ті құрылғысы жоқ мамандар тұрғындарды «егер газ құрылғысын тексерту ақысын төлемесе, айып­пұл саламыз» деп қорқытады екен.
– Үйімнің есігін қаққан адам­дар алғашқыда газ қондырғымды міндетті түрде тексертуім қажет­тігін айтты. Алайда екі жігіттің қо­лында бір жапырақ қағаздан басқа газды тексеретіндей бірде-бір құрылғысы болмады. Өз қыз­меттері үшін 1 000 теңге төлеуім қажеттігін, ал егер қарсы болсам, 3 900 теңге көлемінде айыппұл салы­натындығын айтты. Сондай-ақ олар «ҚазТрансГаз Аймақ» ме­ке­месімен бірлесе жұмыс істейтін­дігін жеткізді. Алайда қолдарында түбіртек шығарып беретін құрыл­ғылары болмағандықтан үйге кір­гізбедім. Оған қоса, үйге кіріп ал­ғаннан кейін зейнеткерлерді соқ­қыға жығып, тонап кететіндер ту­ралы естіп біліп отырған соң олар­дың қызметіне үзілді-кесілді қар­сы болдым, – дейді облыс орта­лығындағы «Қаратау» ықшамау­данының тұрғыны София Лесин.
Зейнеткер үйге кіргізуге қарсы болғаннан кейін әлгілер өздерінің «Жасыл Газ Аймақ» мекемесінде жұмыс істейтінін растайтын қыз­меттік куәлікті көрсетіпті. Алайда куәлікте мекеме басшысының қо­лы да, мекеме мөрі де болмаған. Сананы саққа жүгіртетін оқи­ғаны қала тұрғынынан естігеннен кейін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ об­лыстық филиалына хабарлас­тық. Ондағылар «Жасыл Газ Ай­мақ» серіктестігі олармен әріп­тестік байланыс орнатылмағанын айтты.
 «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесі Жамбыл облысы бойынша тұр­ғындарды көгілдір отынмен қам­тамасыз етумен айналысады. Ал «Жасыл Газ Аймақ» серіктестігімен ешқашан, ешқандай әріптестестік байланысымыз болған емес. Аталған мекеменің қандай қызмет ұсынатынан хабарсызбыз», – дейді филиал өкілдері.
Осы орайда «Жасыл Газ Аймақ» серіктестігінің директоры Данебек Коштаевқа хабарласып, ол басқ­а­ратын мекеменің негізгі жұмысын сұрадық.
– Біздің серіктестік «ҚазТранс­Газ Аймақ» пен әкімдіктің тап­сырысы бойынша жұмыс істейді. Мамандарымыз тұрғындарға газ құрылғыларын тексеріп беру ту­ралы ұсыныс жасайды. Бірақ ешқашан қинау болған емес. Егер тұрғындар келісіп жатса, газ құ­рылғыларын тексеріп беріп, тек­серістен өткендігін растайтын құжат береміз. Екі маманымыз алдымен пә­терлерді аралап шығады. Тұр­ғын­дар келіскен жағдайда үшінші ма­­манымыз қажетті құрылғылар­мен газды тексерістен өткізеді. Қа­зір барлық іс-қағаздар элек­тронды жүргізілетіндіктен түбір­тек­ті де электронды түрде жібереміз. Ал қол қойылмаған, мөрі ба­сылмаған қызметтік куәлігін көр­сеткен маман тағылымдамадан өтіп жатқан қызметкер болатын. Кеше оның құжаттарын ресми түрде заңдастырып бердік, – дейді серіктестік директоры.
«ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесі аталған серіктестікпен ешқандай жұмыс жүргізбейтінін айт­қаннан кейін, ендігі кезекте Тараз қаласы әкімдігі Тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық, жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлі­міне хабарластық. Алайда онда­ғылар да «Жасыл Газ Аймақ» се­ріктестігі туралы бірінші рет естіп тұрғанын айтты. Демек, серіктестік «ҚазТрансГаз Аймақ» және әкім­дік атын жамылып жүр деген бол­жам жасауға болатындай. Бұдан соң күдікті серіктестік жұмысына қатысты Жамбыл об­лыстық Полиция департаментіне де хабарластық. Алайда мұндағы мамандар жеке кәсіпкерге қатысты қандай да болмасын тексеріс жүр­гізу үшін тұрғындар тарапынан арыз түсуі қажеттігін айтты. Қалай дегенде де, «Жасыл Газ Аймақ» серіктестігінің жұмысы күмән тудырады. Серіктестік бас­шылығы әріптесіміз деп көрсеткен «ҚазТрансГаз Аймақ» пен қала әкімдігі бұл мекеменің жұмы­сы туралы мүлде хабарсыз екені бы­лай тұрсын, серіктестік тіркел­генде кеңсесі ретінде көрсеткен Қойгелді көшесінің бойындағы ғимарат иесіз, қирап жатқан бос нысан болып шықты. Ал бұл жағ­дайды серіктестік директоры Да­небек Коштаевтан сұрағанымызда, ол бастапқыда мекеме кеңсесі мүл­де басқа көшеде орналасқанын айтса, одан кейін тіпті Шымкентте тіркелгенін алға тартты. Осы­лай­ша, мекеме басшысы ресми тір­келді делінген серіктестіктің ме­кенжайын да анық айта алмады. Сенімді дереккөздерге сүйен­сек, қазір Тараз қаласында мұндай бірнеше серіктестік жұмыс істейді екен. Олар кез келген үйге бас сұқ­пай, жалғызбасты немесе зейнет­керлерді аңдитын көрінеді. Көр­сеткен құжатқа сене беретін егде тартқан жасқа келген адамдардың газ құрылғыларын тексергендей болып, оңай олжаға кенеліп жа­тады. Қаржысын төлеп, алайда кейін тексерген маманды таппай қалған тұрғындар да аз емес. Егер серіктестіктің көрсеткен мекен­жайында қираған бос нысан тұрса, ол мамандарды қайдан тапсын? Шынында, аталған серіктес­тіктің жұмысын құзырлы органдар бір тексерістен өткізуі қажет се­кілді. Егер тәртіп сақшылары ық­шамаудандардағы тұрғындармен кездесіп, сауалнама жүргізсе, жұ­мысы күмәнді серіктестердің қызметіне жүгініп, кейіннен сан соққандардан көптеген арыз түсуі мүмкін. Бұл мәселені құқық қорғау органдары назарға алып, ақ-қара­сын ажыратып береді деп сенеміз.

Жамбыл облысы